Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кіріс пен мүлікті жалпыға бірдей декларациялау: Декларацияны кімдер және қашан өткізуі керек?

2021 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда 4 кезеңнен тұратын жеке тұлғалардың кіріс мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Декларациялаудың кезеңдері туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кіріс мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау басқармасының басшысы Санжар Молдабеков тікелей эфир барысында айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

декларациялау

Жалпыға бірдеу декларациялаудың бірінші кезеңі 2021 жылдың 1 қаңтарында басталды. Оған сәйкес келесі тұлғалар декларациялаудан өтуі тиіс:

  • Мемлекеттік жауапты қызмет атқаратын тұлғалар және олардың жұбайлары;
  • Мемлекеттік функциялардың орындалуына жауапты тұлғалар және олардың жұбайлары;
  • Мемлекеттік функциялардың орындалуына жауапты тұлғаларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары;
  • "Бағалы қағаздар нарығы туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "ҚР банк және банк қызметі туралы", "ҚР сайлау туралы" заңдарға сәйкес декларация ұсыну міндеттелген тұлғалар.

Екінші кезең 2023 жылдың 1 қаңтарында басталады. Оған сәйкес келесі тұлғалар декларациялаудан өтуі тиіс:

  • Мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен олардың жұбайлары;
  • Квазимемлекеттік сектор нысандарының қызметкерлері мен олардың жұбайлары;

Үшінші кезең 2024 жылдың 1 қаңтарында басталады. Бұл кезде келесі тұлғалар декларациялаудан өтуі керек:

  • Заңды тұлға құрылтайшылары мен басшылары және олардың жұбайлары.

Төртінші кезең 2025 жылдың 1 қаңтарында басталады. Бұл кезде тұрғындардың басқа категориялары декларациялаудан өтуі керек. 

"Декларациялаудың басты мақсаты көлеңкелі экономиканы қысқартып, әлеуметтік қамсыздандыру саясатын жетілдіру, жемқорлық деңгейін төмендету, бюджетке қосымша қаржы түсуін қамтамасыз еті. Жалпыға ортақ декларациялауға қосылғанда азаматтар жеке тұлғаның міндеттері мен активтері жайлы декларацияны ұсынуы керек. Бұл декларациядан және 6 қосымшадан тұрады. "Қосылу" туралы декларацияны ұсынған соң жыл сайын кіріс пен мүлік туралы декларация тапсыру міндеттеледі", – деді Санжар Молдабеков. 

Маманның сөзінше, кіріс пен мүлік жайлы декларацияға бір күнтізбе жылындағы кірістер есебі, салық есептері, мүлікті иелену немесе сату туралы мәлімет, шетел банк есепшотындағы ақша, ел сыртындағы мүлік қосылады. 

Кіріс пен мүлік жайлы декларацияны "Салық төлеушінің кабинеті" арқылы, eSalyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы, ХҚҚО мемлекеттік кірістер органына жеке барып, қағаз түрінде және почта арқылы жіберуге болады. Бірінші кезеңге жататын жеке тұлғалар декларацияны қағаз түрінде 2022 жылдың 15 шілдесіне дейін, ал электронды нұсқасын 2022 жылдың 15 қыркүйегіне дейін өткізу керек. 

"Келесі жылдан бастап декларациялаудың екінші кезеңі басталады. Міндеттер мен активтер туралы декларацияны мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор нысандарының қызметкерлері мен жұбайлары өткізуі керек. Квазимемлекеттік сектор нысандарына АҚ, ЖШС, Мемлекеттік кәсіпорын, ұлттық басқарудағы холдингтер, құрылтайшыларының құрамында мемлекет бар ұлттық холдинг пен компаниялар, еншілес, тәуелді немесе үлестес компания жатады", – деп қосты спикер. 

Тікелей эфир кезінде Санжар Молдабеков кіріс пен мүлік жайлы декларацияны толтыру кезінде жиі туындайтын сұрақтарға жауап берді.

"Егер азамат зейнетақы жинағын өз бетінше қолданса, бұл да декларацияда көрсетуі керек табыс ретінде саналады. Егер азамат зейнетақы жинағын қайта берсе, бұл осы секілді зейнетақы жинағын алған адамның кірісі болып саналады", – деп түсіндірді ол. 

Бюджет қаржысы және оның сыйақысы негізінде құрылған депозитті көрсету керек пе?

"Кірістер мен мүлік туралы декларацияда Банк депозиті көрсетілмейді, ал депозит бойынша сыйақыны 01 жол, В тармағында көрсету міндетті", – деп жауап берді маман.

Сыйға тарту немесе мұраны алу кезінде қандай соманы көрсету керек?

"Кіріс пен мүлік туралы декларацияны толтыру ережесіне сәйкес F тарауының Е бағанына сатып алынған мүліктің бағасы теңгемен көрсетіледі. Меншікке иелік құқығы сыйға тарту немесе мұрагерлік негізінде туындаса, F тарауының Е бағанына құны 0 теңге деп көрсетіледі", – деді Санжар Молдабеков. 

2021 жылы мемлекеттік қызметке кандидат ретінде декларация өткізіп, алайда қызметке қабылданбаған азамат не істеуі керек?

"2021 жылы мемлекеттік қызметке кандидат ретінде декларация өткізіп, алайда қызметке қабылданбаған азамат пен оның жұбайына 2022 жылы "Кіріс пене мүлік жайлы декларация" ұсыну міндеттелмейді", – деп жауап берді маман. 

Жеке тұлғаның банк алдындағы тұтынушылық кредит алу кезіндегі қарызы декларацияға қосыла ма, ол несие қарызы болып есептеле ме?

"Салық кодексінің 631-бабы, 1-тармағы, 2-тармақшасына сәйкес декларацияда жеке банк операциясы арқылы жүзеге асатын несиелік қарыздардан бөлек басқалары көрсетілуі керек", – дейді ол. 

Сәйкесінше, банк рәсімдеген несие қарызын декларацияда көрсетудің керегі жоқ, себебі бұл ақпараттарды екінші деңгейлі банктер мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады. 

Талқылау