Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кириллицадан латын қарпіне қашан толық көшеміз?

Кириллицадан латын әліпбиіне көшу туралы ғалымдар мен биліктің ойы бір жерден шықпай жатқан сияқты. Өйткені бес жыл бұрын басталған латын графикасына ауысу жұмыстары әлі бітпей келеді. Осы күнге дейін нақты бір ұсыныстың бекітілмегенінен көшедегі көптеген жарнамалар қате жазылып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ал тіл саясаты комитеті латын әліпбиін дайындау жұмысы ғалымдар мен лингвист мамандардың қатысуымен жүргізіліп жатқанын жеткізді. Әйтсе де, нақты қай уақытқа дейін созылатынын дөп басып айта алған жоқ.

Қазақ әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы жарлыққа 2017 жылы қол қойылған болатын. Осыған байланысты Ұлттық комиссия мен түрлі жұмыс топтары құрылып, тіпті латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшудің жоспары дайындалған еді. Алайда арада бес жыл өтсе де, бұл бағытта ілгері жылжу байқалмайды. Тіпті әлі нақты бекітілген әліпби жоқ.

Латын әрпіне негізделген қазақ тілі әліпбиінің бірнеше нұсқасы ұсынылып, аяғында ешбірі қабылданбай қалды. Соның салдарынан қазір көшеде кездесетін жарнама мен атаулардың жазылуында бірізділік жоқ, қателерден көз сүрінеді. Ал халықаралық қазақ тілі академиясының президенті Ерден Қажыбек ғалымдар бір пікірге тоқтаған. Латын әліпбиіне көшуге билік араласып кеткен соң, бұл іс созылып кетті дейді.

“Бұл мәселеге билік араласып кетті. 1-ші, 2-ші және 3-ші нұсқалары – жоғарыдан түскен әліпбилер. Ғалымдардың оған ешқандай қатысы жоқ. Ал ғалымдардың пікірі өте қарапайым. Қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Сол 28 дыбысқа 28 таңбаны қою керек.  Осы мәселені біз жасай алмай жатырмыз. Өйткені әлі де сол ғалымдардың пікірі толық ескерілмей жатыр”, – деді Халықаралық қазақ тілі академиясының президенті Ерден Қажыбек.

Ал ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын тіл саясаты комитеті латын әліпбиін жасақтауда аса мұқият болу керек дейді. Себебі пилоттық жобаны ұсынамыз деп, көптеген сөздер қате жазылып, мағынасы өзгерген еді. Сондықтан әліпбидің емле, ережесін бекіту бойынша қазір лингвист мамандар мен ғалымдардың пікірі ескеріліп жатыр деді. Бірақ бұл жұмыс қанша уақытқа созылатынын айта алмады министрлік өкілі. Ал әліпбидің нұсқасы бекітілмей жатқанына саясаттың еш қатысы жоқ екен.

“Ұлытауда мемлекет басшысы жан-жақты қарастырып, зерттеп, зерделеу жұмыстарын тапсырды. Бір әріп, бір дыбыс принципі негізінде әзірленген диакритикалары бар. Диакритика дегеніміз – мынау үстіндегі таңбалары бар белгілер. Астынан белгіленетін секілді жалпы осындай юникодтар болып танылатын таңбалар алынған болатын. Енді бұны ғалымдармен де ары қарай жалғастырамыз. Қазір ғалымдар арасында екі бағытта талқылау жүріп жатыр. Біріншісі, ғылыми бағытта. Яғни қай дыбысты қалай таңбалаймыз деген мәселе болса, екіншісі, жазу емлесі туралы. Енді, латын әліпбиі сүзгіден толық өткеннен кейін ғана қоғам алдына ұсынылмақ”, – дейді Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек. 

Талқылау