Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан 18 жыл бұрын Ыстықкөлде қонақүй саламын деп пансионаттарын алған: Қырғызстан билігі уәде орындалмағандықтан оларды тартып алмақ

Қырғызстанның министрлері Қазақстан үкіметінен Ыстықкөл жағасындағы төрт пансионат туралы келісімді орындауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Сurrenttime арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Бішкек тарапы ескірген пансионаттарды 18 жыл бұрын Астанаға берген. Қазақстан олардың орнына халықаралық деңгейдегі үш және төрт жұлдызды қонақүйлер салуға уәде берген. Дегенмен қонақүйлер сол күйі салынбаған. Енді Қырғызстан келісім-шарт талаптарын орындату үшін, тағы 5 жыл қоспақ. Осы уақыт ішінде қонақүйлер салынбаса, бұл нысандарды қайтаруды көздеп отыр

2006 жылы Қырғызстан Қазақстанға 4 пансионат берген. Олар, "Олимп" сауықтыру орталығы, "Самал" және "Университет" пансионаттары мен "Қазақстан" санаторийі. Бұл жер қазақ еліне 49 жылға жалға берілген. Келісімнің негізгі шарты бойынша, қазақстандық инвесторлар пансионаттың орнына жыл бойы жұмыс істейтін заманауи қонақүйлер салуы керек болған.

“18 жыл өтті - әлі қонақүй жоқ. Оның үстіне төрт пансионаттың үшеуі пайдалануға жарамсыз. Шын мәнінде бәрінің тозығы жеткен. Олар үш жұлдызды және төрт жұлдызды қонақүй деңгейіне жеткізуге уәде берді. Бірақ келісімде қонақүйлерге қойылатын талаптар мен шарттарды орындамағаны үшін жауапкершілік көрсетілмеген. Енді ғана келісімнің қосымшасында 5 жыл мерзім көрсетілді. Егер осы уақыт ішінде пансионаттар толық көлемде қонақүйге айналмаса, Қырғызстан жобаға салынған қаражатты Қазақстанға төлемей, 60 күн ішінде біржақты тәртіпте келісім-шартты бұза алады", –деді вице-премьер Ескендір Асықұлов. 

Қырғызстан үкіметінің ұсынысын парламенттің тиісті комитеті мақұлдады. Бүкіл заң шығару палатасы осы шешімді қолдайды. Бірақ бәрінен бұрын Қазақстан үкіметінің келісім шартқа енгізілген түзетуге қалай қарайтыны маңызды. Себебі жаңа тармақ жұмыс істеуі үшін оны екі елдің парламенттері ратификациялауы керек.

Алайда қырғызстандық белсенділер мен саясаткерлер келісімге ешқандай өзгеріс енгізбей, шартты бұзуды ұсынып отыр. 

"Менің ойымша, үкіметтің әрекеті ұлттық мүддеге сай келмейді. Сондықтан Жоғарғы кеңес депутаттары мұны мұқият қарастыруы керек. Қазақ және өзбек тарапы да орындамаған келісімдерді бұзуды ұсынамын. Ал пансионаттарды қырғыз үкіметі басқару керек", – деді "Еркін Ел" партиясының жетекшісі Мавлян Асқарбеков.  

Қырғызстан Өзбекстанға берген пансионаттар төңірегінде біршама дау туды. Олардың кімге тиесілі екенін анықтау мақсатында біраз дау туып, ақыры бітімгершілік келісімге келген еді. Азаматтық белсенділер мен қайраткерлер Ташкентпен келісімге қарсы шықты. Қырғызстан билігін пансионаттарды көрші елге берді деп сынаған жазушы Олжобай Шәкір осы әрекетінен кейін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны үкіметтің әрекетіне қарсылық білдіріп, көпшілікті жаппай тәртіпсіздікке шақырды деп айыптады. 

Талқылау