Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қырғызды іздейтін шамам жоқ": Алматыда жүргізушілер Қырғызстаннан әкелген көліктерін тіркей алмай жүр

Алматыда шетелден әкелінген көліктерді тіркеуге қатысты дау шықты. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары азаматтардың Қырғызстаннан кіргізген темір тұлпарларын заңдастырмай жатыр. Тұрғындардың айтуынша, заңда көрсетілген барлық шарттарды орындағанымен, мамандар қайтадан Қырғызстанға барып, көліктерді сол елдің есебінен шығарып келу жайлы талап қойыпты. Ал көпшілік неліктен тек қырғызстандық нөмірлі көліктерге ғана дәл осындай талап қойылып жатқанын түсінбей әлек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

көлік

Сурет: kolesa.kz 

Қайрат Ақынов көлігін былтыр тамызда Қырғызстаннан өзі барып алып келген. Сол уақытта автомобильдің құжаттарын түгендеп, иесінен сенімхат алғанын айтады. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік көліктерді 200 мың теңгеге заңдастыру туралы тапсырмасын естігенде қатты қуаныпты. Алайда азаматтың қуанышы көпке созылмады. Себебі қырғызстандық нөмірлі көлігі жаңа заңдағы барлық талаптарға сай келсе де, халыққа қызмет көрсету орталығындағылар тіркеуге алмай қойған.

“Бәрі заңды. Енді Қырғызстанға барып, учеттан шығарып кел дейді. Бұл қалай болды сонда? Президент айтты легализацияны жасаңдар деді. Енді президенттің айтқанын бұл жердегілер қиындатып отыр”, – дейді тұрғын Қайрат Ақынова. 

Алматыға Қырғызстаннан көлік әкелген азаматтардың көбі апта басынан бері халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырып жүр. Олар көліктерін тіркету үшін көрші елге барып-қайтуға мүмкіндіктері жоқ екенін айтады. Барғанның өзінде, темір тұлпар иесін таба ма, жоқ па, ол да үлкен мәселе дейді. Сондықтан азаматтар бұл талапқа үзілді-кесілді қарсы.

“Осымен жан бағып отырмыз. Такси болып күнімізді көріп. Енді ол машина болмаса қалай күн көреміз. Біздің айтатынымыз сол есепке қойып берсін. Қырғызды іздейтін шамам да жоқ”, – деді Мұқият Манап. 

Ал полиция департаментінің өкілдері бұл талап шетелдік көліктердің барлығына ортақ дейді. Демек Қырғызстаннан көлік әкелген азаматтар ғана емес, басқа да елдерден автомобиль сатып алған тұрғындар темір тұлпарын сол елдің тіркеуінен шығаруға міндетті.

“Бұл бірінші кезекте қырғыз автокөлігінің иесі болатын біздің отандастарымыздың мүліктік құқықтарын сақтау мақсатында. Әйтпесе есепте тұрған автокөлік ертең бір даудың обьектісіне айналуы мүмкін”, – деп мәлімдеді Алматы қалалық Полиция департамені баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.

Сондай-ақ департамент өкілдері апта басынан бері қырғыз елінің есебінен шығарылған бірнеше көлік заңдастырылып, қазақстандық нөмір берілді дейді. 

Назархан Уән
Бейсенбі, 26 Қаңтар, 2023 07:27
Талқылау