Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қырғыз халқы оған әділетсіздік жасады": Қырғыздар Кенесары ханға ескерткіш қоюды ұсынды

Қырғыз жазушысы Замир Осоров пен "Бейбітшілік үшін күрес" қоғамдық қорының мүшесі Валерий Яковлев қазақтың ханы Кенесарыға қырғыз астанасында ескерткіш қойып, орталық көшелердің бірін қазақтың ханының атымен атау керектігі туралы бастама көтерді. Айтуынша, қазақтың соңғы ханы мұндай құрмет-қошеметке кеңестік заманының лидерлеріне қарағанда лайықтырақ.

Замир Осоров Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында:

«Біз ел астанасына қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесарыға арнап ескерткіш қойсақ дұрыс болады. Қырғыз халқы оған әділетсіздік жасады. Өмір бойы патша басқыншыларымен күрескен ұлы адам патша қуғыншыларынан қашып бізге келді. Ал біз оның басын кесіп, патша өкіметіне тапсырдық. Соған қарамастан қазақ халқы бізге деген бауырмалдықты сақтап қалды", - деп жазады. Ол бауырлас қазақ халқынан кешірім сұрап, Кенесарыға ескерткіш орнатып,  орталық көшелердің біріне ұлы ханның есімін беруді ұсынды. 

Қырғыз жазушысының бұл жазбасы жерлестеріне ұнамаса керек. Осоров мырза артынан тағы бір жазба жариялап, "Кенесары Шу жазығында қырғыздармен соғысты десеңіз, өзі де өлді. Ал қырғыздар патшалық Ресей билігінің алдында құрдай жорғалап, құлдық көрсетіп, ханның мәйітін қорлады. Бірақ Шабдан батыр да патша шенеунігі ретінде көп қырғызды өлтірді және соған мақтанды. Елдің әр аймағындағы қырғызды жазалау науқанын жақсы атқарғаны үшін Ақ патшадан марапат алды", - деп жазған. Қаламгер Бішкектің ең үлкен көшелерінің біріне Шабдан батырдың аты беріліп, ескерткіш те орнатылғанын, алайда ол мұндай қошеметке мүлдем лайықты емес екенін атап өтті. Ол Кеңес үкіметі мен патша баскесерлерінің қолынан шейіт кеткен қырғыздарға да ескерткіш қоюды ұсынды. Сондай-ақ Осоров Кенесарының қырғыздарға соғыс, жер үшін келді дегенге сенбейтінін жеткізді. 

"Ақ патшаға қарсы күрескен батыр ондайға бара қоюы екіталай... Ол қырғыздың би-манаптары мен халқынан көмек сұрап келсе керек. Бірақ, қырғыздар оның арқасына пышақ сұқты. Ал оның басын ең құнды олжа ретінде патша билігіне апарып беруі осының дәлелі. Қырғыздың бір ғана руының билерінің бұл ақылсыз әрекетінен бүкіл қырғызға сатқын, қылмыскер деген ат келді. Егер біз Кенесарыға ескерткіш қойсақ, бұл – қазақ-қырғыз қарым-қатынасын жақсартатын қадам болады!", - дейді жазушы.

Соңғы посттарының бірінде белсенді азамат шындыққа тік қарауға қорықпауға шақырды. 

"Қазақтың ханына деген қатынасымызды өзгертуден қорқатындар ханға ескерткіш орнатуды Гитлерге ескерткіш орнатумен салыстырыпты. Иә, Кенесарының қатыгез болғанын мойындаймын, бірақ хан билеген уақыт та қатыгез болды. Оның тағдыры да қатыгез еді. Патшалық тарихшылар да, кеңестік тарихшылар да Кенесары ханның образын Ақ патшамен күрескені үшін қаралауға тырысты. Ол кезде патшалық колонизаторларға қарсы шыққан барлық лидерлер басмашы мен бандит болып жарияланған еді. Олар өз елдері мен халқы үшін өмірлерін берген адам, сондықтан ең құрғанда өмірлік жолын біліп, құрметтегенге лайық. Кеңес өкіметінің зұлмат саясатынан көз жұмғандар саны Кенесарымен ұрыста қаза тапқандардан әлдеқайда көбірек. 

Қазақ ханы Кенесары, қырғыз ханы Болот сияқты (Қоқанд хандығы) бірінші кезекте сырттан келген жауға қарсы күресті. Сондықтан ол өз мансабы, жүрексіздігі үшін халқымыздың қаймағын атуға берген кеңестік лидерлерімізден гөрі ескерткішке лайықты. Мен тарихшы емеспін, бірақ тіпті біздің мықты тарихшыларымызға зерттеулерін терең әрі қарапайым жасау үшін білім мен шынайылық жетіспей жатады", - деді сөз соңында қырғыз жазушысы. 

Кенесары ханның тарихтағы рөліне қатысты қырғыздардың пікірі бір жерден шықпайды. Қазақ-қырғыз тарихшыларының арасындағы бұл дау бір жылдары мемлекет басшыларының деңгейінде сөз болған.

 

Талқылау