Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелдік күйеуі қазақстандық әйелден екі баласын тартып алған

Кипрде қазақстандық Альфия Фатихованың балалаларының тағдыры шешіліп жатыр. Альфия Фатихова шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан. Бірақ аралары жараспай, ажырасып кеткеннен кейін, күйеуі балалардың өзімен бірге қалатынын айтқан. Өз бүлдіршіндерін бір көруге зар болған ана Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен балаларын қайтару үшін көмек сұрайды.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

2009 жылы Астана қаласының тұрғыны Альфия Фатихова Кипрде демалған. Ол жақта әйел жергілікті тұрғын Никос Георгиумен танысқан екен. Альфия Кипрге көшіп барып, бірнеше жылдан кейін Георгиуге тұрмысқа шыққан. Ерлі-зайыптылар екі баланың ата-анасы атаныпты. Альфияның айтуынша, тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуі ұрып-соғып, психологиялық тұрғыда қысым көрсете бастаған.  Ал енесімен бірге тұрудан бас тартқаннан соң, күйеуі мүлдем танымастай болып өзгеріпті. Ол балаларын тартып алған екен.

«Жұмыстан келсем, балаларым жоқ. Ол балаларымды алып кетіпті. Өзінің жергілікті тұрғын,  ал менің бұл елде ешкім емес екенімді айтып қорқытады. Мұнан кейін ол полицияға арыз жазып, оны өлтірмек болғанымызды айтыпты. Өтінемін, көмектесіңіздерші! Балаларымды қайтарып алғым келеді»,- дейді ҚР азаматшасы Альфия Фатихова.

Анасы кішкентай Христален мен Рафаэльді тек алыстан көреді. Күйеуі оны балаларға мүлдем жолатпайтын көрінеді. Балалар Никостың анасымен бірге тұрады екен. Сонымен қатар алғашқы сот отырысы өтіп, онда Никос балалардың жалғыз қорғаушысы ретінде көрсетілген. Ал Альфия мен оның адвокаты бұл туралы мүлдем білмепті.

Мұнан кейін Альфияның Қазақстандағы туыстары көмекке келген. Алайда олардың сөзіне ешкім құлақ аспаған. Олардың көмек көрсету туралы өтініштеріне Израиль елшілігі жауап беріпті. Кипрдегі қазақстандықтардың мәселесін қарастыратын консул дәл осы ведомствода қызмет атқаратын болып шықты. Альфияға адвокат қолдауы көрсетілген. Сонымен қатар ҚР СІМ де Альфияның ісіне алаңдаушылық танытты.

«ҚР азаматшасы Альфия Фатиховаға Кипрдегі ҚР консулы кеңес беріп жатыр. Желтоқсан айының басында Фатихованың ісі бойынша сот отырысы болады. Сот Кипр аумағында  және жергілікті заң аясында өтеді», – дейді ҚР СІМ консулдық қызмет департаментінің өкілі Ермұхан Баймұрынов.

Шетел заңының Альфияның тағдырына қалай ықпал етерін айту қиын. Әзірге балаларының Кипр азаматы екені және кез-келген сот өз мемлекетінің азаматттарының құқығын ерекше назарға алатыны ғана белгілі. СІМ өкілдерінің сөзінше, елшілік сот шешіміне ықпал ете алмайды. Десе де Кипр халықаралық «Әйелдердің құқығығын қорғау туралы» пактін ратификациялағанын ескеру қажет. Альфия мен туыстары сот барлық деректі ескереді деп сенеді.

Оқи отырыңыз:

Алматы облысында екі апта бұрын жоғалып кеткен оқушы қыз табылды

Шетелдік азаматқа тұрмысқа шығарда не білу қажет

Есірткі шегіп алып, адам қағып өлтірген: Қостанайда жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты

Қарағандыда қаптаған ойын автоматтары трактормен тапталып жойылды

Талқылау