Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Гей болуды насихаттайды": Заманауи кинотуындылардың астарында қандай сыр жатыр - мамандар түсіндірді

Кино өміріміздің бір бөлігіне айналып, өзіне эмоционалды тәуелді етті. Медианың бұл түрі адамдарды біріктіреді, ой-сана қалыптастырады, белгілі бір идеяны көрерменге жеткізгісі келеді. Әрине, осы факторлар адамның психологиялық жағдайына әсер етпей қоймайды. Ал қазіргі заманауи фильмдердің астарында қандай сыр жатыр, олардың идеологиясы мен философиясы қандай, адам санасына қалай әсер етуде? Психолог пен киносыншы мамандар жауап берді.

Киноның астарында белгілі бір идеология жатады, дейді кейбір киносүйер қауым. Заманауи фильмдер мен комикс кейіпкерлері образында адамзатты қыру, жою идеясы менмұндалап тұрғанын көруге болатынын айтады. Мәселен, Marvel комиксіндегі Танос кейіпкерін алып қарастыратын болсақ, оның Жер шарында адамзаттың көбейіп кеткенін жаһандық проблемасын желеу етіп, халықты қырып жүргенін көреміз. Осы сияқты жасырын мағынаға толы фильмдер арқылы режиссерлердің, оның артында тұрғандардың не айтқысы келгенін біреу түсінсе, бірі түсінбес. Көбінесе жас буын, жеткіншектер мен жасөспірімдер, балалар кино ықпалына бейім болады, дейді мамандар.

Егер толыққанды қалыптастқан, өзіндік принциптері бар мықты тұлға болса, онда ешқандай қорқыныш болмайды, дейді психологтар. 

 

Бәріміздің ішімізде позитив те, негатив те, қиратушы импульс та бар

Психолог Сая Бақимованың айтуынша, бәрі адамның тұлғасына байланысты. 

"Егер ішкі мазасыздығы басым, уайымшыл немесе паранойялық ойлары көп, яғни күдікшіл адам болса және соған сай, өзінің тұлғасына әсер ететін кино көрсе, белгілі бір деңгейде зияны болуы да мүмкін. Кино өз алдына зиян не пайдалы бола бермеуі де мүмкін, адам не көретінін таңдап, көргенін қалай интерпретациялауы маңыздырақ дер едім. Темекінің мысалын келтіруге болады. Жасөспірім кезде көбі темекі тартып көреді. Бірақ бірі тәуелді болса, бірі екінші рет қолына да алмайды. Демек мәселе адамның тұлғасында", - дейді ол. 

Психолог адамдар конспирация теориясына да сондай сенгіш екенін айтады.

"Жоғарыда айтқан паранойясы бар адамдар үшін өмір ақ пен қарадан тұрады, қаралар ақтарға манипуляция жасап, тұзақ құрып, уламақшы-мыс. Қай кезде де кино өз заманының дыбыстарынан тұратын мелодия ұсынады. Сол уақыттың тақырыбын көрсетеді.

Өткен жылы балалар психоанализі бойынша қызық семинар өтті. Сонда Marvel, DC фильмдерінде, жалпы соңғы уақыттағы киноларда әке жоқ, басты кейіпкерлер не әкесіз өскен не әкенің функциясы әлсіз болып барады деп жақсы талдау жасалды. Өйткені қазіргі отбасындағы жағдай солай болып жатыр. Әлем бойынша оны бір ерекше манипуляция жасап жатыр деп қабылдамау керек сияқты. Бар болғаны қазіргі шындықты көрсету. Айналып келгенде теледидар алдына бізді ешкім байлап қойып жатқан жоқ. Оны қосу да, қай киноны көрем деп таңдау да адамға байланысты. Ал мені біреу басқарып, манипуляция жасап, осындай қылып қойды деу - балалық позиция", - дейді ол.

"Біздің бәріміздің ішімізде позитив, жасампаз импульс та, негатив, қиратушы импульс та бар. Кинодағы жақсы деген бас кейіпкер мен оның антагонистінің күресін көріп отырып, психика өзін кейіпкерлермен алма-кезек сәйкестендіру арқылы сол импульстарды бастан кешіп жатады", - дейді психолог.

 

Шетелдік фильм суперкейіпкерлері қатігездік, агрессия, қара күштің рөлін маңызды етіп көрсетеді

Қазақстан киносыншылар ассоциациясының мүшесі, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА доценті, кинотанушы Баубек Нөгербек әр елдің өзіндік саяси идеологиясы бар және бұл фильмдердің санатына да байланысты болатынын айтады.

"Көңіл көтеретін жанрдағы, авторлық фильмдердегі көрсетіліп отырған идеология, философия, арт-синема туындыларынан мүлдем бөлек. Заманауи авторлық фильмдерде экзистенциалдық мәселелер орын алады. Бұл - өмір және ондағы адамның орны, өмірдің мәні, құндылықтары туралы тақырыптар. Сондай-ақ, кинода жалғыздық мәселесінің көрініс табатынын көруге болады. 

Бұл - парадокс, себебі қазіргі заманда қарым-қатынас жасауға мүмкіндік көп. Видеоконференция, топтар, чат, достар, туыстар бар. Соның өзінде, адамдар бір-бірімен араласудан қалды, көбі виртуалды әлемде өмір сүреді. Шынайы емес, виртуалды достар пайда болды.

Ал енді бірі блогерлерге жазылады, соларды бақылайды. Блогерлердің өздері адамдармен сөйлескенде де “Достар, сәлем.. бүгін сендерге..” деген сынды тіркестерді қолданады. Адамдардың бір-бірімен араласуына барлық жағдай жасалса да, шын өмірде бәрі басқаша. Осындай мәселелерді авторлық фильмдерде көп қозғайды", - дейді ол. 

Коммерциялық фильмдер тұтынушылық философияны, материалдық құндылықтарды дәріптейді, онда бай болу, байлыққа жету, өмірдің мәні байлықта деген астыртын ой жатады, дейді кинотанушы. 

"Шетелдік комикстердің негізінде түсірілген фильмдердің суперкейіпкерлері зорлық-зомбылық, қатігездік, кез келген мәселені күшпен, жұдырықпен, қарумен шешеді. Бұл өз кезегінде қатігездік, агрессия, қара күштің рөлін маңызды етіп көрсетеді", - дейді Баубек Нөгербек.

 

 Өнерде жамандықты көрсету жақсылықты көрсетуден әлдеқайда жеңіл 

"Өнерде, кинода, театрда болсын жамандықты көрсету жақсылықты көрсетуден әлдеқайда жеңіл. Адамды қорқыту, жылату, жақсы, позитивті эмоция сыйлағаннан оңай. Негативті, жағымсыз кейіпкерлерге көрермен іштей, бейсаналық тұрғыда тартылып тұрады" ,- дейді кинотанушы Баубек Нөгербек. 

Айтуынша, кино өнерінің жетістіктері көп, ол ғылыми техникалық прогрестің бір көрінісіне, бизнес, табыс көзіне айналды.

"Кино өнер ретінде қалыптасу жолында өзінің тілін іздейді.  Соның бір дәлелі - бұрын кезінде танымал болған дыбыссыз фильмдер. 

Мен үшін киноның жетістігі - өзінің құрамында бұған дейін болған өнер туындыларын сіңіріп алғандығы, соның негізінде жеке өнерге айналуы. Одан бөлек, техникалық жағы да маңызды, себебі оның пайда болуы техникамен тығыз байланысты", - дейді киносыншы. 

 

Көрермен той фильмдеріне тойды

"Қазақстан киноөндірісі соңғы бес жылда қарқынды дамып келді. Техникалық сапасы да артуда. Оператор мен дыбыс режиссерлерінің жұмыс сапасы айтарлықтай өсті. Арт-синема жанрын түсіретін жас режиссерлар қарасы көбейді. Эмир Байғазин, Әділхан Ержанов, Фархат Шариповты атап өтсем болады. Одан бөлек, аға буын режиссерлері да бар. Осы аталған режиссерлер туындылары шетелдік фестивальдарда атаулы орынға ие болып жатыр, бұл да бір үлкен жетістік.

Қазақ киносында жеңіл-желпі кинолар көп, бірақ көрермен де той фильмдеріне тойды. Басқа жанрдағы фильмдер пайда болады, бастау алады деп ойлаймын", - дейді  кинотанушы Баубек Нөгербек.

 

Кино – атом бомбасынан да қатерлі қару түрі

Қазіргі ұрпақ батыс фильмдерімен сусындап, сол арқылы тәлім-тәрбие алуда, дейді киносыншы Дана Әмірбекова. Айтуынша, батыс идеологиясы дәріптелетін фильмдерді көруге көбі құмар.

"Бүгінгі еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін көгілдір экранға үңіліп отыратын XXI ғасырда адамның нені көріп, нені ойына түйетініне көңіл бөлуіміз аса маңызды. Бүгінгі ұрпақты баяғыдағыдай сөз өнері емес, экран өнері тәрбиелеуде. Бүгінгі жастар қазақтың ұлттық наным-сеніміміз, діліміз бен дініміз, наным-сеніміміз дәріптелетін ежелден қалған ертегі, аңыз-әңгімелер, жыр-өлеңдер мен дастандарды тыңдамайды,  ұлттық қаһармандарымызға ұқсағылары келмейді. Олар үшін NetFlix кинокомпаниясы, Marvel, DC комикстері негізінде түсірілген туындылар мен сол туындылардағы кейіпкерлерге ұқсағысы келеді.  Ал олардың бәрінде бізге келмейтін, ұлттық ерекшеліктерімізбен үндеспейтін батыс идеологиясының дәріптелетіні жасырын емес. Бұл дегеніміз, біздің бүгінгі өскелең ұрпақ ертең өзгенің идеологиясына қызмет етеді деген сөз. Оған жол ашқан да өзіміз", - дейді маман.

Кинотанушы шетелдік туындыларды мүлде көрсетпеу керек дегенмен келіспейді. Айтуынша, олардан да аларымыз бар.

"Жалпы, әлем киносында жаныңызға эстетикалық ләззат сыйлап, адамзатқа ортақ тақырыптарды қаузайтын туындылар да баршылық. Осы ретте біздің жастар киноны ақша көзіне айналдырып, көрерменге мән-мағынасыз оқиға легі арқылы адреналин беріп, уақыт өткізетін құралға айналған аттракцион фильмдерді емес, адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын тереңдетуге бағытталған, гуманизм мен альтруизмді алға тартатын нағыз өнер туындыларын ғана көрсе деймін", - дейді киносыншы Дана Әмірбекова. 

Айтуынша, кино – адамның сана-сезіміне, психологиясына, ой-өрісі мен дүниетанымына әсер ететін, атом бомбасынан да қатерлі қару түрі. Дұрыс мақсатта пайдаланса, кино бүкіл адамзатты біріктіріп, әлемдегі жамандықтың азайюына, адамзаттың тазаруына септік етуге қауқарлы.

"Сонымен қатар, ол адамзатты ақылынан адастырып, түзу жолдан тайдырып, зұлымдықтың орнауына да жұмыс жасай алады. Кімнің және қандай мақсатта пайдалануына байланысты, әрине. Мысал ретінде Шыңғысхан бейнесін алайықшы. Көптеген уақыт бойы оның бейнесі тарих беттерінде жарты әлемді жалмаған жауыз, барып тұрған қаныпезер ретінде бейнеленіп келді. Алайда алысқа бармай-ақ, соңғы жылдары Сергей Дворцевойдың «Моңғол» фильміндегі Шыңғысхан бейнесі мүлде бөлек. Бұл фильмді көргендер оның қандай мықты қолбасшы, жаман емес адам екенін көріп, оның бейнесіне деген ойы өзгерді. Ондай мысалдарды айта берсек, тасбихтың тасындай тізіле береді", - дейді ол.

 

«Джокер» фильмін көріп жауыздықты ақтауға болады деген ұғым қалыптасуы мүмкін

"Сол сияқты, былтыр ғана киносүйер қауымды дүр сілкіндірген «Джокер» фильмінде де бұған дейін көрермен жадында антагонист кейіпінде қалыптасқан Джокер бейнесі жағымды кейіпкерге алмасты. Көптеген киносыншылардың қарсылығына қарамастан, Тодд Филлипстің бұл туындысы жоғары бағаланып, әлемдік кинофестивальдерде жүлделі орындар иеленіп, Хоакин Феникс үздік ер адам рөлі үшін «Оскар» марапатын алды. Бұл туындыны көрген көрерменнің түпкі санасында жауыздықты ақтауға болады деген ұғым қалыптасады.

Бұндай туындылар көбейген сайын, зұлымдық әлемді жаулайды, туғанына жаны ашымайтын, енжар адамдар көбейеді. Сол себепті,  өскелең ұрпақтың талғамын бала кезден қалыптастыру керек. Жақсы-жаманның  ара-жігін ажырататын деңгейге жеткізіп, көрермен қауымның талғамын қалыптастыруымыз қажет. Бұл үшін олардың ара-жігін алғашқы кадрлардан-ақ ажырату үшін көрерменнің көру мәдениетін болуы маңызды. Себебі көру мәдениеті қалыптасқан көрерменнің ғана  өресі биік, талғамы терең, дайындығы жоғары болады", - дейді Дана Әмірбекова.

Киносыншы әрбір орта мектепке өзге пәндер қатарлы кино тілін де үйретіп, үздік туындыларды көрсетіп, кино өнерінің тарихымен таныстыратын арнайы пән енгізу аса қажет екенін айтты.

 

 Қазақстанда шығытын фильмдердің көпшілігі өнер санатына жатпайды

Киносыншының айтуынша, отандық киноиндустрияның киногерлері негізгі үш бағытта жұмыс жасауда. 

"Олар: адамның ішкі әлемін камера көзі арқылы зерттеп, адамзатты мазалайтын мәңгілік тақырыптарды қаузайтын «Арт-синема», демек, нағыз өнер туындылары, екіншісі, мемлекеттің арнайы тапсырысымен түсірілетін, біздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін «тарихи» жанрдағы фильмдер және киноны ақша көзіне айналдырған «мейнстрим», демек, коммерциялық фильмдер. Осыдан он жыл бұрын Қазақстанда жарыққа шығатын фильмдер саны оннан әрең асатын, бүгінде жылына кем дегенде 60-70 шақты туынды жарыққа шығады.  Әрине, бұлардың басым көпшілігі өнер санатына жатпайды. Алайда сан бар жерде сапа да болады демекші, жылдар өткен сайын киногерлеріміздің кәсіби біліктілігі артып келуде", - дейді ол.

Дана Әмірбекова пандемия көптеген көрерменді киноны онлайн көруге бейімделсе де, киноны кішкентай экраннан көрген бір бөлек те, кинотеатр ішінде көптеген адамдармен бірге отырып, үлкен экраннан көру мүлде бөлек дейді.

"Кинотеатрға көрермен ең бірінші ерекше атмосфераға толы сиқырлы әлемнің бір сәтке болса да ажырамас бөлігіне айналу үшін барады. Сол себепті, кинотеатрлардың ашылуын киносүйер қауымның тағатсыздана күтіп отыр", - дейді кинотанушы. 

 

Пандемиядан кейін Голливуд түсірілімдерге көптеген шектеу енгізді

Ал кинотанушы Баубек Нөгербек пандемиядан кейін Голливудтың өзі көптеген шектеу енгізгенін жеткізді.

"Түсірілім барысына көпшілік жиналмайтындай, сахнаның бәрін компьютерлік графиканы қолданатын болды. Екі адам бір-бірімен жақын тұрған, төбелес, ашық сахналар түсірілмейтін болды. Осындай өзгерістер енгізіліп жатыр.  Компьютерлік графика жасау тиімдірек болса, киноиндустрия соған көшіп кетуі мүмкін", - дейді ол.

 

Disney, Pixar мультфильмдері үлкенді сыйламауға, Netflix сериалдары гомоссексуализмді насихаттайды

Сценарист, актер Ақарыс Әділжан Disney, Pixar кинокомпаниялары көрсететін мультфильмдер үлкенді сыйламауға, Netflix сериалдары гей болуды насихаттап жатыр деп есептейді.

"Бригада" сериалы шыққан кезде жігіттердің көп бөлігі темекі шегуді бастаған. Ал Ван Даммның киноларын көрген жігіттер шпагатқа отырғысы келіп, аяғымен аспанды теуіп жүретін. Осыдан-ақ экранда болып жатқан кино, сериал көрерменге тікелей әсер ететінін байқасақ болады.

Ал қазіргі фильм, сериалдарды қарастыратын болсақ, олардың қандай тәрбие беріп жатқанын бірден түсінуге болады. Ол - Disney, Pixar мультфильмдері көрсетіп жүргендей - үлгенді сыйламау, Netflix сериалдарындағыдай - гей болу немесе  Marvel киноларындағыдай - еңбектенбей, бір күнде, аяқ астынан мықты адам болып кету және тб. Бұның астарында қандай саясат, философия жатқанын білмеймін. Бірақ жастардың тәрбиесіне кері әсер ететініне сенімдімін", - дейді ол.

 

Стримингтік сервистердің болашағы бар ма?

"Бізде Қазақстанда стримингтік сервистерді жекелеген көрермендер қолданады. Бәрібір, кинотеатрлар ашылған соң қазақстандық көрермен үлкен экраннан кино тамашалауға қайта барады деп ойлаймын. Жаңа фильмдерді, премьераларды, әсіресе, сенбі, жексенбі күні бірге барып тамашалау дәстүрге айналған нәрсе. Дыбысы сапалы, IMAX форматтағы кинотеатрларға ешқандай үйдегі проектор немесе үйдегі кинотеатр бәсекелес бола алмайды. 

Кеңформатты кинотеатрлардың дәуірі әлі де өшпейді. Себебі ол жақта отырып көрген фильмнен алған әсер әлдеқайда жоғары. 

Кино саласының алдағы перспективалары ретінде сахнада болып жатқан оқиғалардың, картиналардың иісін беру (орман, далалы жердердің және т.б) кинотеатрларда енгізілу мүмкіндігін атап өтуге болады", - дейді Баубек Нөгербек.

 

 

Талқылау