"Иттерді ешкім алдай алмайды": Қызметтік иттер қылмыстың бетін ашуға қалай көмектеседі?
Қызметтік иттер жоғалған адамдарды тауып, қылмыскерлерді ұстайды, қоғам тыныштығын сақтауға көмектеседі. Алматы қаласында орналасқан ҚР Ішкі істер министрлігінің кинологиялық орталығында осы күнге дейін мұндай иттер бапталып, Қазақстанның өзге аймақтарына жіберілген. Қызметтік иттердің қалай таңдалатыны мен олардың қылмысты ашуға қалай көмектесетінін орталық мамандары Stan.kz тілшісіне айтып берді.
ҚР ішкі істер министрлігінің кинологиялық орталығы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Максим Чебан қызметтік иттердің қылмыс ашудағы көмегі жайлы айтып берді.
– Максим мырза, қызметіңіз жайлы айтып берсеңіз. Кинологтар немен айналысады?
– Мен бұл қызметке 2004 жылы келдім. 18 жыл бұрын келіп, жұмыс тәжірибемді осы жақтан бастадым. Басында аралас иттерді өсіру бөлімінде полиция лейтенанты болдым, кейін оқу, үйрету бөліміне ауыстым. Міне, қазір басшының орынбасары ретінде қызмет атқарудамын. Орталық ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша 2002 жылы құрылған. Қазақстан Республикасы полициясының кинологиялық қызметі қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртіпті қорғауда қолданылатын құралдардың бірі ретінде арнайы дайындалған қызметтік иттерді пайдалануды ұйымдастыруға арналған арнайы жедел бөлімше болып табылады. Аумақтық бөлімшелердің кинологиялық қызметтерінің жұмысын үйлестіру мен арнайы дайындалған қызметтік иттерді тиімді пайдалануды ұйымдастыруды ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті жүзеге асырады. Бүгінде орталық басшылығы кинологиялық қызметті жетілдіру және бағыттау, оны нығайту, қызметтік иттер, көліктер республика бойынша құрылымдық бөлімшелерге беріліп, материалдық-техникалық базасы бойынша мақсатты жұмыстар атқаруда.
Бізде полиция департаменттерінің, Ұлттық ұланның, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлерін кәсіби оқыту бағдарламалары жүзеге асырылады. Негізгі мақсатымыз да сол нағыз білікті кинолог мамандарын даярлап шығару. Мұнда еліміздің барлық облыстарынан мамандар келіп, өздерінің иттерімен бірге тәжірибе жинап, біліктілігін арттырады.
Жұмысымыздың негізіне есірткі заттарын, жарылғыштар мен оқ-дәрілерді іздеу, иіс ізі бойынша адамды табу, шабуылға қарсы тұру, ветеринариялық-санитариялық қызмет, асылдандыру кіреді.
2005 жылдан бастап кинологиялық қызметтің нәтижесінде көптеген асыл тұқымды қызметтік ит өсірдік.
– Ал қызметтік иттердің міндеті қандай?
– Қызметтік иттер қылмысты ашу, қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолданылады. Ішкі істер органдарының қызметінде олар мынадай міндеттер атқарады: адамның иіс іздерін іздеу, иісі бойынша нысаналы заттарды іздеу, мәйіттерді табу және адам қанының іздері арқылы іздеу, күзет пен кезекшілік қызметін атқару кезінде ілесіп жүру, иіс іздерін иттер-детекторларымен зерттеу.
– Қызметтік иттермен жұмыс істеуші маман қалай таңдалады?
– Қызметтік иттермен бірге жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл жерде кинолог маманның сәйкесінше теориялық білімі мен практикалық шеберліктері, шыдамдылық пен төзімділігі, тез әрекет етіп, шешімдерді тез қабылдауы маңызды. Кинолог иттердің барлық әрекеттеріне сабырмен қарауға тиіс. Оның қиын тапсырма кезінде тығырықтан тез жол тауып шыға алатындай, ойы ұшқыр және физикалық тұрғыдан шыныққан адам болуы шарт.
Біз үшін спорттың маңызы зор. Себебі қылмыс ашуда, иттерді үйрету барысында болсын физикалық белсенділік пен күш қажет болады.
Иттер өздеріне берілген тапсырманы ешқашан да орта жолдан тастап кетпейді. Ал адам көбінесе өз ісіне жауапсыздықпен қарауы мүмкін. Ит иесін сатпайды, ал егер кинолог өз жұмысын адал атқарса, оның итінің де топта үздік болары анық.
– Ал иттер қалай таңдалады?
– Біз қызметтегі иттерге көп көңіл бөлеміз. Болашақ полиция иті идеалды иіс сезу, есту және көру қабілетіне ие болуы керек. Оқтан, жарылыстан қорықпайтындай, қозғалатын заттардан, адамдар мен жануарларға үркімейтіндей төзімді, алғыр болуы шарт.
Айтып кеткенімдей, орталығымызда асыл тұқымды иттерді өсіру жұмыстары жүргізіледі. Біз оларды күшік кезінен қызметке таңдаймыз. Дәл жас жігіттер әскерге қалай таңдалса, біз де болашақ қылмыс ашатын иттерді солай сұрыптаймыз. Ең бірінші оның мінезі мен психологиялық қабілетіне назар аударамыз. Оның түрі мен сүйкімділігі бұл жерде еш рөл ойнамайды. Күшіне, жүйке жүйесіне, оның ештеңеден қорықпайтын қабілетіне, жұмысқа деген икеміне қараймыз. Мұның барлығы генетикалық жолмен қалыптасып жатады.
Егер біз иттерді таңдауда кішкене болсын қателік жіберіп алсақ, кейін жаттығу кезінде оның арты қиындықтарға әкеп соғады. Мысалы, ит иесіне үлгермей, қорқып, тіпті жүйкесі сыр беруі де мүмкін.
Иттер де дәл адамдар сияқты, егер көп ауыр жүк артып қойсаң, бір күні ол да шаршағанын білдіреді. Сондықтан бұл жерде кинолог маманның итке ерекше назар аударғаны жөн. Егер жаттығу кезінде ит жаңа құрамға көндікпей, ілеспей жатса, онда оған сәл үзіліс беріп, серуенге шығарып, сипап, көңіл бөлген жөн.
Иттер – өте сезімтал. Олардың серіктері, яғни өзін үретуші маман еңбек демалысына кеткен кезде олар қатты сағынады. Өзге маман жанында болса да иесін күтіп, аула есігіне қарап, көңілсіз күйде күтіп жүреді. Ал иесі демалыстан оралған кезде олардың жүздері жайнап, қуанып жатады. Иттер де жылайды, иттер де күле алады. Бұл жануар өте эмоционалды. Олар ішкі сезімдерін көрсете алады. Мысалы, тордағы 15 иттің бірін жаттығу алаңына шығарсақ, өзгелері үріп, олардың да шыққысы келетінін, жеткізеді. Өзге итті тамақтандырып жатса, олар да өздерінің тамақ жегісі келетінін білдіріп, үреді.
– Полицейлермен жұмыс істеуде иттер басқа жануарларға қарағанда несімен алғыр? Бұл тұрғыда иттің тұқымына мән беріле ме?
– Иттерде иіс сезу, есту қабілеті өте жақсы дамыған. Олардың мұрнында иіс сезу рецепторларының 150 миллион түрі бар деседі. Мәселен, адамда тек 5 миллион ғана. Ал неміс овчаркасының иіс рецепторлары тіпті 250 миллион жететін көрінеді. Қазір құқық қорғау ұйымдары неміс овчаркасымен қатар, бельгиялық овчаркалардың көмегіне жиі жүгінеді. Бельгиялық овчарка өзінің ұзақ уақыт бойы шаршамастан жұмыс істеу қабілетімен ерекшеленеді. Әсіресе, іздеу барысында тынбай еңбектенуге бейім.
Одан бөлек лабрадор мен спаниель асыл тұқымды иттерімен де қызмет барысында бірге жұмыс істейміз. Алайда оларды біз қылмыскерлер мен бұзақыларды құрықтауға жібере қоймаймыз. Себебі ондай иттер өте мейірімді болып келеді. Оларды көбіне неміс, бельгиялық овчаркаларының орнына пойыздарды, әуежайларды тексеруге жібереміз. Себебі кей жағдайда пойыздарда, қоғамдық орындарда овчаркалардан балалар қорқып жатады. Ал лабрадор мен спаниель тұқымды иттер ондай үрей тудырмайды.
Бір айта кетерлігі, иттердің сезу, есту, иіс сезу қабілеті өте күшті болғанымен олардың көру қабілеті нашар. Бұған қоса олар түс ажыратамайды. Оларға бәрі күңгірт, қараңғылау болып көрінеді. Дегенмен олардың басқа сезім мүшелері жақсы дамыған. Мысалы, адамның артынан білдіртпей, шап беріп ұстап алуға болады. Ал иттерді олай ұстау мүмкін емес. Олар артындағы жанындағы жыбырлаған қозғалыс иелерінің бәрін бір демде сезіп, біліп отырады. Мұндай жануарлар тіпті 500 метр ара қашықтықтағы қозғалыс қимылдарын көре алады. Иттер жақсы қарауыл да, қарсылас шабуылдағанда күресетін күш те бола алады. Міне, сондықтан біздің жұмыста иттердің маңызы зор.
– Қызметтік иттер есірткіні қалай табады? Бұл жайында қоғамда ол үшін иттерге күшік кезінен тамағына есірткі қосып береді деген әңгіме бар. Бұл қаншалықты рас?
– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Иттер тек есірткіні ғана іздеумен айналыспайды. Олар жарылғыш оқ дәрілерді, жоғалған адамдар мен қылмыскерлерді табады. Сонда бұл егер иттер жарылғыш зат немесе адам іздесе, оның тамағына тратил немесе гексоген қосып немесе адамның етін береді деген сөз емес қой.
Иттер ешқашан есірткі заттарын мақсатты түрде іздемейді. Олар өзінің ойыншығын іздеп жүрмін деп ойлайды. Яғни есірткі иісі сіңген өз ойыншығын табуға тырысады. Сол себепті де біз есірткі заттарын іздестіру жұмыстарына ойыншықпен ойнағанды ерекше жақсы көретін иттерді таңдап аламыз. Әрине, ойыншыққа есірткі немесе жарылғыш заттың өзін емес, оған ұқсас иісі бар арнайы химиялық қоспа қолданамыз. Иттерді жаттықтырғанда есірткіге мүлдем жолатпаймыз.
Полицей қызметін атқару үшін қылмыстық оқиға орнына барса, ит өзінің сүйікті ойыншығын тауып, иесімен бірге ойнап келуге шықтым деген ойда болады.
– Иттер зейнетке қанша жасынан шығады? Оларға ашқан қылмыстары мен істеген ерліктері үшін арнайы марапаттар беріле ме?
– Иттер орташа есеппен 8-9 жасқа келгенде олар арнайы тексерістен өтетін болады. Егер мамандар оларды физикалық жағынан әлі де жаттығу мен қызметке күші жетеді деп таныса, 11-12 жасқа дейін қызметте қала алады. Ал негізнен олардың зейнет жасы сол 8-9 жастан басталады.
Иә иттерді марапаттау рәсімі бізде болып тұрады. Иттерді 1-2 разрядта жалпы дайындық курсы бойынша, қорғаныс қызметіндегі еңбегі үшін марапаттау болып тұрады. Мысалы 2019 жылы "Қазақстан кинологтар одағы" Республикалық қоғамдық бірлестігі Ішкі істер министрлігі Кинологтар орталығының базасында жалпыға бірдей дайындық курсы мен республикалық байқаулар өткізді. Байқауда Кристал есімді неміс овчаркасы жалпы дайындық курсында 1 разряд, қорғаныс қызметінде 2 разряд алды.
– Қазір елімізде қаңғыбас иттердің тұрғындарға шабуылдағаны жайлы жиі еститін болдық. Осы мәселенің түйіні қайда жатыр? Оны қалай шешуге болады деп ойлайсыз?
– Қаңғыбас, үйсіз иттер болмайды. Олардың да бір кездері иелері болған. Кез келген қоғамда елдегі халықтың мәдениеттілігінің көрінісі олардың жануарларға деген құрметінен-ақ байқалады. Егер елімізде қаңғыбас иттер көбейсе, демек біз қатені өзімізден іздеуіміз керек. Иттердің бұл жерде еш кінәсі жоқ. Бір кездері қандайда бір адамдардың далаға лақтыра салған иттері уақыт өте келе сол далада көбейіп, әрі қарай өмір сүру қамына көшеді. Міне, қаңғыбас иттер осыдан пайда болады. Бұл жерде 100% адамдардың кінәсі деп айта аламын.
Адамдар ит асырар алдында жауапкершілікті сезінуі керек. Иттер адамдардан көңіл бөлгенді, өзімен ойнап, мейірімділік сыйлағанын қалайды. Егер иесі итімен ойнамаса, оған жеткілікті мөлшерде көңіл бөлмесе, жануардың жағдайы нашарлайды. Иттердің иелерін тыңдамауы, айналаға өкпелей қарауы адамдардың оларға көңіл бөлмеуінен басталады. Соның салдарынан иттердің бойындағы иесімен жүріп, ойнап, шығара алмаған күшінің барлығы негативке айналып, салдарынан өз асыраушысына, өткен-кеткен жандарға шабуылдай бастайды.
Мен бұл мәселені шешу үшін қаңғыбас иттерге арнап орталық ашу керек деп есептеймін. Бастысы адамдарға дәл автокөлікті қалай айдау үйретілсе, иттерге де қалай қарау керектігін түсіндіретін курс жүргізілуі қажет деп есептеймін. Адамдар ит асырамастан бұрын, оның жауапкершілігін сезініп, ұғынуы керек. Міне, сонда қоғамда қауіпті жағдайлар орын алмайтын болады.
Жаттығу базасын көрсетіп, қызметтегі иттер туралы мәліметпен бөліскен Руслан Қанафин бұл орталықта Арнайы дайындық бөлімінде аға өкіл болып қызмет атқарады. Ол жақында өзімен 8 жыл бірге талай қылмыстың бетін ашқан Берта есімді итінің жақында зейнетке шығатынын айтып қалды. Қазір қызметтік иттің орнына Тор есімді күшікті жаттықтыруды бастап та кетіпті. Маман иттерді қалай жаттықтыратынын бізге де көрсетті.
– Руслан мырза, бұл қызметті қашаннан бастадыңыз?
– 2012 жылы мен өзім туып-өскен Шығыс Қазақстан облысының Зрянск қаласында кинолог маманы ретінде қызметке тұрдым. Ол жақта 5 жылдай жұмыс істегеннен соң осында Алматы қаласындағы ҚР ішкі істер министрлігінің кинологиялық орталығына ауыстым. Бұл жақта еңбек етіп келе жатқаныма 6 жылдан астам уақыт өтті. Кіші лейтенант қызметінен бастап, қазір капитан дәрежесіндемін.
Берта есімді итіммен 2012 жылдан бастап бірге жұмыс істеп келеміз. Оның қызметте жүргеніне міне, 8 жылдай уақыт өтті. Екеуміз осы уақыт аралығында біраз қылмыстың бетін ашып, түрлі жағдайларды бастан өткердік.
– Кинолог болу үшін адамға қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыз?
– Кинолог болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ол үшін жануарларға үлкен махаббат пен шыдамдылық керек. Кинолог иттердің тілін түсіне білуі шарт. Тіпті, қажет кезде досындай сөйлесіп, байланыс орната алуы қажет. Егер адамның жануармен өзіндік үйлесімі, байланысы болса, алдағы уақытта жоғары нәтижеге қол жеткізе алады.
Ит пен жаттықтырушы таңдар кезде олардың мінездеріне қарай бөлеміз. Егер кинолог пысық болса, оған сабырлы ит, ал кинолог керісінше ұстамды болса, оған сәл қызуқанды ит беріледі. Бұл баланс жұмыс барысында қатты көмегін тигізеді. Себебі ит те иесі де жайбасар болса, істің құрдымға кету қаупі басым.
– Қызметіңізде есіңізде қалған ерекше оқиғалар бар ма?
– Ең алғашқы қызметтік итім Фридже есімді неміс овчаркасы ерекше есімде қалыпты. Біз Шығыс Қазақстан облысында онымен бірге адамдар тауып, көп қылмысты аштық.
Бірде 10 шақты көліктің қондырғы құрылғылары ұрлануына байланысты қылмыскерлерді ұстауға Фриджемен бірге бардық. Іздеу жұмысы қиынға соққаны соншалық біз бастығымызбен үміт үзіп, бөлімшеге қарай қайтуға шешім қабылдадық. Сол сәтте Фридже жолда бір үйге қатты килікті. Ол үйдің қақпасы ішінен құлыптаулы еді. Кейін көршілерден сұрастырғанымызда, расымен түнде сол үйде шулы дыбыстар естілгенін айтты. Сөйтіп қосымша құрам шақырту арқылы есікті ашқанымызда барлық жоғалған заттар тауып, қылмыскерлердің тобын құрықтадық. Міне осындай кездерде иттердің ерекше сезу қабілетіне тағы бір көзің жетеді.
Есімде қалған тағы бір оқиға жайлы айтып берейін. Бір күні көзі нашар көретін зейнеткердің үйіне түн ортасында біреулер терезе арқылы кіріп, пышақпен қорқытып, 15 мың теңгесін алып кеткен. Ол кездері бұл қомақты қаражат еді. Оқиға жайлы естіп, таңғы 6:30-дар шамасында зейнеткердің үйіне келіп алдық. Тексеру барысында қылмыскердің терезеде қалған иісі арқылы іске кірістік. Арада бір жарым сағат өткен соң біз ұрыларды қолға түсірдік. Ең сорақысы, қылмыскер қарияның өз ұлы болып шықты. Сондағы иттің иіс сезуін ешкім алдай алмаса керек. 30 жастағы азамат өз қылмысын ақыр соңында мойындауына тура келді.
– Иттердің қызмет барысында қылмыскерлер қолынан жарақат алу жағдайлары қаншалықты жиі кездеседі?
– Мұндай жағдайлар кездесіп тұрады. Қылмыскерлер кейде қашу барысында түрлі әрекеттер жасауы мүмкін. Көбіне бұзақылар иттерге химиялық заттар шашып, оларды тұншықтыруға тырысады. Сондай жағдайда кинолог маман міндетті түрде алғашқы көмек көрсете білуі қажет. Мысалы, жұмыс барысында иттер қарапайым әйнекті көрмей қалып басып, жарақаттануы мүмкін. Мұндайда кинологтың жанында жарақатты орайтын дәке, сутегі тотығы салынған дәрі-дәрмек қобдишасы болуы қажет. Қызметкер олардың қандай жағдайда қалай қолданылуы керек екенін білуі тиіс. Біз орталыққа келетін мамандарға ең бірінші жануарларға алғашқы көмек көрсетуді үйретеміз.
– Жаттығу барысында иттердің керісінше сіздерді жарақаттаған кездері болды ма?
– Әрине, иттердің де адамдар сияқты түрлі мінезі болады. Кейбір иттерге бір рет дауыс көтерсең, ол саған төрт күн ашуланып жүруі мүмкін. Ал кейбір иттерге ұрысқаннан кейін артынан ойыншық беріп, алдап жіберсең, сол жерде өкпесін ұмытып кетеді.
Сірә, ит тістерінің ізі қалған тыртық әр кинологта бар шығар. Жаттықтыру барысында иттер кенет нысаннан қисық кетіп, байқаусызда иесін тістеп алуы мүмкін. Кейде енді жаттығып жүрген күшіктер қауып алуы мүмкін. Себебі ол әлі кішкентай болғандықтан нені тістеп, нені тістемеу керек екенін түсінбейді. Ал олардың тістері жіңішке әрі өткір болады. Мұндай кезде кинолог оған дауыс көтермей, ұрмай, соқпай жұмыс жасай білуі қажет.
Кинолог бұл жерде иттерге кімнің басшы, кімнің көмекші екенін ұғындыруы шарт. Иттер өз иесін біліп танып, олардың айтқанын жасауға міндетті екенін сезінуі керек. Кинолог – басшы, ит оның айтқанын орындаушы. Міне, бізге келген мамандарға бұл кеңес міндетті түрде айтылады.