Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кіндік бауы екі рет оралған": Жұлдыз Әбдікәрімова бесінші сәбиін босану кезіндегі қиындықты бөлісті

Жұлдыз актрисаФото: https://www.instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial/

Бесінші рет ана атанған Жұлдыз Әбдікәрімова босану кезіндегі қиындықтарын бөлісіп, жеке парақшасында жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің сөзінше, кезекті тексерілу кезінде дәрігер шұғыл ота жасап, баланы аман алып қалу керегін айтқан. 

“Жүктілігімнің 37-аптасында барлық зерттеудің нәтижесін алып, еш алаңсыз кезекті қабылдауыма келдім. Көңіл-күйім тамаша, хәлім де жаман емес өзімді жеңіл сезініп жүрдім. Ойда ремонттың шаруасы мен Сезімімнің оқуға құжаттарын жинап, визаға өткізу жоспары еді. Алайда, УДЗ нәтижесі бойынша бала кіндігіне оралып қалған деген диагнозды оқыған дәрігерім дабыл қағып, шұғыл түрде “қазір отаға дайындаймыз!” деді. Бойым бірден суып, терең ойға шомып кеттім. Ми түрлі қорқыныштарды көз алдыма жайып сала берді. Төрт рет табиғи жолмен босанған мен үшін, кесарь тілігі жат боп көрінді. Түрлі сылтау айтып, қашып отырғанымда дәрігерім төтесінен: “Білем, оңай емес! Бар жауапкершілікті де өз мойныңызға іліпсіз. Бірақ, дәл қазіргі сіздің жағдайыңызда өзгенің емес өзіңіздің өміріңізді бірінші орынға қоюыңыз керек” дегенде ғана естідім. Сонымен дәрігерімді жұмадан дүйсенбіге көндірдім. Бірақ бір шартпен: Отаны сол күні барып келісуім керек болды. Қабылдаудан шығып, кесарь тілігін жасайтын акушер-гинекологпен кездесіп, сөйлестім. Ал ол кісіден келесі жұмаға ауыстыруын сұрадым. Келісімшартқа қол қойдым”, – деп бастады актриса. 



Алайда өнер иесі кесарь тілігімен емес табиғи жолмен баланы дүниеге әкелген.

“Бір апта бойы тыным таппай нәрестеге арналған Астанадағы дүкендерді шарлап, керегімді алдым. Мен перзентханада жатқанда, жөндеу жұмыстары тоқтап қалмасын деп қажет құрылыс материалдарын да алып үлгердім. Сөйтіп, жүктілігімнің 38-аптасына да жеттім. Ота жасайтын таң. Түні бойы уайымнан ұйықтай алмадым. Аяғым кесарь тілігіне тартпаған соң, отаға бармадым. Қайта УДЗ, КТГ жасап, дәрігерлер жіті бақылауға алды. Құдайдың құдыреті дерсіз. Бір таңғаларлық ғажап жайт болды. УДЗ нәтижесі бойынша осыдан бір апта бұрын қойылған диагноздың көрсеткіші жоқ. Бала дұрыс жатыр әрі төмен түсіп жайғасыпты. Екі рет оралған кіндік шешілген. Осыдан кейін мамандар қайта консилиум өткізіп, толғақты күтеміз деген шешім шығарды. Оның қауіп-қатерін де ашық айта кетті. 39-аптаның таңы. Ертерек тұрып, иіс шығарып, самса пісіріп пысықтығым ұстаса бола ма?! Тоқтай алмай үй жинап, киім үтіктедім. Бүгін босанамын деген түйсігім алдамады. Перзентханаға жетіп, көп ұзамай сәбиімді қолыма алдым”, – деп жазды Жұлдыз.

Еске салайық, Қайрат Нұртас не себепті гендер патиге қатыспағанын түсіндірген еді. 

Гүлдана Нұрлыханова
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 10:11
Талқылау