Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кінәсі – әкім болғаны": Сапарбаев 115 млн теңге жұмсалды деген інісінің тойына қатысты пікір білдірді (видео)

Жақында әлеуметтік желіде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұлына жасаған тойы қызу талқыға түсті. Шенеунік Алматының төрінде аста-төк той жасап, оған 115 млн теңге жұмсады деген ақпарат тарады. Аталған жайтқа қатысты әкімнің ағасы, Қызылорда және Жамбыл облыстарының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев пікір білдірді. Оның сұхбаты "Сұрауы бар" YouTube арнасында жарияланды. 

Нұрлыбек Нәлібаев басқарып отырған облыс тізгінін кезінде Бердібек Сапарбаев ұстаған. Осыған қарап жұрт Нұрлыбек Нәлібаев билікке ағасының арқасында келді дейді. Алайда Бердібек Сапарбаев бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді. 

"Нұрлыбек Нәлібаевқа: “Менің атыма кір келтірме, халыққа адал қызмет ет”, – дедім.

Мені көре алмайтындар Нұрлыбекті "балам" деп жазады. Ол 1976 жылы дүниеге келген, мен 1977 жылы үйленгенмін. Яғни балам болуы мүмкін емес. Одан қалса, баламның Ferrari көлігін жазады. Кемшіліктер бар, оны түсінемін. Соны жазу керек. Ол Түркияда сол көліктің жанына барып суретке түскен. Егер ол бала астанада мініп жүрсе, айтуға болар еді. Жала жапқанда да жөнімен жабу керек",  – дейді Сапарбаев.

Одан бөлек, Бердібек Мәшбекұлы інісі Нұрлыбек Нәлібаевтың шу болған тойына қатысты пікір білдірді. Ол аталған мерекеге 115 млн теңге жұмсалды деген ақпаратты жоққа шығарды. 

"Біріншіден, ондай ақша жұмсалған жоқ. Екіншіден 250 адам болған жоқ. Ол жерде негізінен ағайын-туысқан болды. Қазақ болғаннан кейін той жасаймыз және ол –  Нұрлыбектің жалғыз ұлы. Ол жерде оның кінәсі – әкім болғаны. Егер ол әкім болмаса, ешнәрсе болмас еді, ешкім жазбас та еді. Әкім болғаннан кейін оны жазды", – деді Бердібек Сапарбаев. 
Сапарбаев тойдың атадан келе жатқан салт екенін, одан бас тарта алмайтынымызды атап өтті. 



"Той жасамай, бір-бірімізге қонаққа бармайық. Сонда не боламыз?! Ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз қайда кетеді? Құдалық, сырға тағудан бас тартамыз ба? Жоқ. Міндетті түрде бірдеңе табуымыз керек. Жұмыстан ештеңе таба алмайды, мысалы, жұмыста кемшілік жоқ. Енді неден табу керек? Баладан, інісінен табу керек. Менің ойымша, ол дұрыс емес, ол бізді жақсылыққа алып бармайды. Бұлай бола беретін болса, қазақ бір-бірін талап, жеуге жақын. 

Абайдың "Бас басыңа би болған өңкей қиқым" деген жақсы сөзі бар. Біз, әсіресе, мынадай заманда басшымыз Тоқаевтың қасына топтасуымыз керек. Ол біздің еліміз, ұлтымыз, болашағымыз үшін. Әрине, ол кісі де біреуге ұнамайтын шығар, кемшіліктері бар шығар. Бірақ болашағыңды ойласайшы. Көрші мемлекеттерге қарап, "Құдай сақтасын деп" бір болсақ жаман болмаймыз", – деді Сапарбаев.

Талқылау