"Қиналып өледі": Атырау облысында жаппай қырылған мал өлімінің себебі анықталды
Атырау облысында наурыздан бастап жаппай қырылған мал өлімінің себебі анықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі сынама нәтижесін айтты. Өңірде бір ай бұрын басталған індеттен бас-аяғы сексенге жуық жылқы өлген. Тіпті, бір шаруаның бірнеше үйір жылқысы қырылып қалыпты. Ал шығынға шаш етектен баттық деген малшылар, індеттің тоқтайтын түрі жоқ дейді. Сондықтан, кеселмен күресуге биліктегілерден көмек күтіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.
Атырау облысында белгісіз кесел жұқтырған малдың саны күн сайын артып, шаруалар шығынға ұшырап жатыр. Індет бір ай бұрын Құрманғазы, Исатай, Махамбет аудандарында басталған еді. Содан бері жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтардан қырылған жылқының саны сексенге жуықтаған.
Малшылардың айтуынша, сап-сау тұрған түлік артқы аяқтарын баса алмай, тәлтіректеп құлайды екен.
Кейін мүлде жем-шөп жеуден қалады дейді. "Бұрын-соңды мұндайды көрмедік" деген шаруалар шарасыз күйде қалған. Мәселен, Бораш Есеновтің қорасындағы 8 бас жылқысы өлсе, қалғаны індеттен әлі айықпаған.
“Кеше министрліктен айтып жатыр. Малды қарамаған, жем-шөп бермеген дейді. Бізде жем-шөп жеткілікті. Бұл мал далада жайылатын малдар. Далада күйі жақсы. Бір індет ауру. Дем жетпейді. Қиналып өледі малдар. Бұл радиациядан бірдеңеден болып тұрған ауру”, – дейді Шаруа қожалық иесі Бораш Есенов.
Жергілікті ветеринарлар бұл дерттің дауасын таппаған соң, ақыры ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері сынамалар алып кеткен. Бүгін соның нәтижесінде, кеселдің неден келгенін анықтапты.
Мамандардың айтуынша, жылқылардың асқазан-ішек жолдарына құрт түскен.
“Қазіргі таңда эпизотиялық жағдай тұрақты. Ғылыми зерттеу орталығының нәтижесі бойынша жылқы малдары гастрофилез ауруынан өлім-жітімге ұшырау фактілері анықталып отыр”, – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы Азамат Өмірқұл.
Ауру себебі анықталысымен министрліктегілер жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасына тиісті тапсырмалар бердік дейді. Ал Ақтөбе облысында айдалада шашылып жатқан мал өлекселерінің бұл індетке қатысы жоқ екен. Мал аурудан емес, қыстан шыға алмай әлсіреп өлген. Қазір әкімдіктегілер өлекселерді өртеп, даланы тазалап жатыр.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
