"Кінәлілерді ақтап шықты": Алматыдағы зауыттардың бірінде 22 жастағы жігіт аяғынан айырылды
Фото: Видеодан скрин
Алматыдағы зауытта жұмыс істеген 22 жастағы жігіт кран астында қалып, аяғын ампутациялауға тура келді. Жәбірленушінің отбасы зауыт басшылығының көмек көрсетпегенін айтса, компания өз тарапынан барлық қолдау көрсетілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Инфорбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Елдос оқуын тәмамдап, еңбекке араласқанына бір ай ғана болған жігіттің үміті бір сәтте күл-талқан болды. Өткен жылдың қарашасында ол электрик болып жұмыс істейтін зауытта артынан келген кран соғып, аяғын басып кеткен. Жарақаты соншалық ауыр болғандықтан, дәрігерлер оның аяғын сақтап қала алмады. Осылайша сап-сау жүрген жас жігіт бірден 2-топ мүгедегіне айналды.
"Сағат таңғы 07:40-тарда біздің бастығымыз жарық шамдарын түске дейін орнатып бітіруімізді талап етті. Бірінші жарық шамын орнатып біткеннен кейін екінші жарық шамын орнатып жатқанда артымыздан кран келіп соғып, екі аяғымызды жарақаттады. Жанымдағы кісінің де аяғына зақым келді", – деді Елдос Назымбек.
Оқыс оқиға дәл осы зауытта болған. Әкесінің сөзінше, Елдос жарақат алғаннан кейін бірден жақындарына хабарласқан. Жұмыс орнына жеткенімде ұлыма әлі ешқандай көмек көрсетілмеген. Тіпті басшылық жедел жәрдем шақыруға да жарамады деп отыр.
Бауыржан мырзаның айтуынша, компания бастапқыда шығынды өтейміз деп уәде берген, алайда 50 миллион теңге қажеттігін естіген соң бас тартқан. Әке заң көмегіне жүгінген, бірақ сот жұмыс берушілерді кінәсіз деп таныды.
"Сот үкімін шығарды. Ешкім кінәлі емес деп бәрін ақтап шықты. Білмеймін енді, сонда өнеркәсіп кінәлі ме? Жоқ, басшылық құрам кінәлі ме? Ешкім кінәсіз, сонда балам өзі жарақат алғандай боп тұр ғой", – деді Бақытжан Қырықбаев.
Ал зауыт өкілдері жағдай мүлде басқаша болғанын айтады. Сөздерінше, компания көмегінен жәбірленушінің өзі бас тартқан. Тіпті өндіріс орны Елдосқа жұмыс ұсынған көрінеді.
Компанияның заңгері Тахмина Барзамова жәбірленуші Елдос Назымбекке басынан бастап көмек көрсету шаралары жасалған, яғни ақшалай көмек көрсетілгенін айтады.
"Біздің басшылық тек сонымен шектелмеген. Ақылы бөлімде емдеу шаралары ұсынылған, алайда жәбірленуші өз еркімен одан бас тартқан. Қазіргі таңда да біздің компания оның протезіне көмектесуден бас тартқан жоқ. Сонымен қатар сақтандыру төлемі де қолданылған", – деді компания заңгері.
Жәбірленуші тарап сот шығарған үкіммен келіспейді және алдағы уақытта апелляциялық шағым түсірмек.
Қарағандыда екі ер адамның мәйіті кәріз құдығынан табылды
Ақмола облысында мектептегі жөндеу жұмысын жасап жүрген мұғалім жарақат алды
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында жол өтпесін салу кезінде арқалық рельске құлап, төрт адам зардап шекті. Бір жұмысшы жансақтау бөліміне жатқызылса, қалған үшеуі амбулаторлық ем қабылдаған. Құрылыс жеке компания жүргізген, ал "Қазақстан темір жолы" өкілдері жұмысшылар олардың қызметкерлері емес екенін айтты. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Алматыда қала күнін тойлауға миллиондаған қаражат жұмсалған: Тұрғындар қаладағы шешілмеген мәселелерге шағымданды
