"Кінәлары толық дәлелденген": Судья Шерзат Полатты өлтіргендерге қатысты сот үкімін түсіндірді
Фото: Жоғарғы сот
Судья Ержан Жанұзақов Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға шыққан үкімді түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Судья Жанұзақов сот "барлық ұсынылған дәлелдемені зерттеп, сотталушылардың тағылған айып бойынша кінәлары толық дәлелденген" деген тұжырымға келгенін атап өтті.
Жәбірленушілердің, куәлардың айғақтары, оқиға орнынан алынған бейнежазбалар, заттай дәлелдемелер алынған, қажетті сараптамалардың барлығы өткізілген.
"Олардың шынайылығында күмән жоқ. Бұл дәлелдемелер сотталушылардың әрқайсының әрекетін айқын анықтауға мүмкіндік береді. Шынасылдың нақты Шерзат Полатқа, оның өліміне алып келген пышақ жарақатын келтіргені, медициналық-криминалистік сараптама қорытындысымен бекітілген. Сараптама Шынасылдан алынған пышақпен (пышақ жүзінің сипаттамасымен) жарақат келтірілгенін көрсетті", – деді судья.
Оның мәлімдеуінше, пышақ Шынасыл көрсеткен жерден алынған. Тергеу кезінде Шынасыл кінәсін мойындап айғақ берген.
Басқа сотталушылардың әрекеттері салдарынан Шерзат Полатқа жеңіл дәрежелі зиян келтірілген. Бұл да сараптама қорытындысымен расталған.
"Заң бойынша адам өлтіруді адамдар тобымен жасалған деп, егер ол екі немесе одан да көп тұлғалардың бірлесіп жасаған әрекеттерімен жасалған кезде танылады. Жоғарыда айтқанымдай, өлімнің себебі бір пышақ соққысынан болған және оны Шынасыл жасаған. Сәйкесінше, ол адам өлтіру бойынша кінәлі деп танылды. Бұзақылық заң бойынша барынша арсыздықпен ерекшеленетiн, күш қолданумен, соның ішінде жеңіл дәрежелі денсаулыққа зиян келтірумен ұштасқан, қоғамдық тәртіпті аса қатыгездікпен бұзу болып танылады. Сондықтан жәбірленушілердің денсаулығына, соның ішінде Полаттың, жеңіл дәрежелі зиян келтірген сотталушылардың әрекеттері бұзақылық ретінде сараланды", – деп түсіндірді ол.
Судья Шерзат Полатқа соққылар келтірген Белғожаев пен Ілиясовтың қолдарында пышақ және оқталған мылтық болғанын ескеру қажет екенін, яғни олар жәбірленушіні сол пышақтың жүзімен ұрып және мылтықпен атуға мүмкіндіктері болғанын, бірақ олар пышақтың сабымен және мылтықтың түбімен ұрғанынын баса айтты.
Жаза тағайындау кезінде сот Қылмыстық кодекстің 53-бабында қаралған жеңілдететін мән-жай ретінде тек Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтарда, Калиахметте жас балаларының болуын және Ысқақтың кәмелетке толмағанын ескерген.
Сондай ақ барлық сотталушыда, кәмелетке толмағаннан басқа, ауырлататын мән-жай ретінде алкогольден масаң күйде болуы танылған.
"Сонымен қатар сот сотталушылардың жеке басын, олардың бір бөлігінің бұрын сотты болғанын ескерді. Атап айтқанда, Азамат Тоқтаубаев пен Нұрқияс Ілиясов бұрынғы соттылықтарының өтелмеген жазаларын ескеріп, 15 және 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл мерзімдер жоғарғы шегіне жақын. Бұзақылық бойынша басқа кінәлілерге заңмен белгіленген жоғарғы мерзімдер – 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Келтірілген моральдық зиянды өтеу үшін жақын туыстарының көзінше аса ауыр қылмыс жасағаны ескеріліп, Шынасылдан 60 миллион теңге, Сакиевтен 30 миллион теңге өндірілді", – деп мәлімдеді судья.
Басқа сотталғандар мен Сакиевтен бұзақылық жасағаны үшін бірлесіп, 30 миллион теңге өндірілген. Жәбірленушілер кәмелетке толмаған Ысқаққа қатысты азаматтық талаппен арызданбаған.
"Бұдан бөлек, сотпен куәлар Д.А.Жақсыгелді, Э.К.Нұрбекова, А.М.Қазакенов, Ю.Д.Рузбакиевтің әрекеттерінде болуы мүмкін қылмыс құрамына прокурордың назарын аудару туралы жекеше қаулы шығарылды. Олардың кінәсінің дәрежесін құқық қорғау органдар анықтау қажет. Бұл сот талқылауы БАҚ өкілдерінің қатысуымен толық ашық және мөлдір өткенін атап кету қажет. Барлық сот отырысы жұртшылық тарапынан жоғары назар аудару жағдайында тікелей эфирде көрсетілді. Бұған қарамастан сот тек қана заң нормаларына және әділдік принципін басшылыққа ала отырып, бейтараптылықты ұстанды. Соттың тәуелсіздігі және құқық үстемдігі – сот төрелігінің негізі және ешқандайда бір сыртқы мән-жайлар бұл ұстанымнан тайдыра алмайды. Соттың шешімі істі жан-жақты, толық және объективті қарауға негізделген әрі заңдылықтың және әділеттіліктің талаптарына жауап береді. Жасаған қылмыс үшін кінәлі жазадан бұлтармайды, өйткені заң мен тәртіп тек ғана осындай жолмен қамтамасыз етіледі", – деді судья Ержанов.
Еске салсақ, бүгін, 2025 жылғы 5 мамырда Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарды. Сот қаулысымен басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды.