Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кімге күлдік, Николас Кейджге ме, әлде қазаққа ма?

Дәрежесі жағынан әйгілі Канн, Берлин және Венеция кинофестивальдерінен кем түспейтін, кинематография тілімен айтқанда «А» класына жататын ХІІІ Еуразия кинофестивалінің еліміздің елордасында «ЭКСПО — 2017» көрмесі аясында өтіп жатқаны баршамызға аян.

2823135

Одан бөлек, қос құрлық өкілдерінің 2016-2017 жылдары шыққан фильмдері сайысқа түсетін халықаралық фестиваль Астанаға даңқы жер жарған Эдриэн Броуди мен Николас Кейдждің келуімен құнды болып отыр. Дегенмен, әлеуметтік желі қолданушыларын, яғни жалпақ жұртшылықты былай қойғанда, журналистердің де кино саласына келгенде құр ақпаратпен ғана шектелетіндігі және өнер, мәдениетпен ісі жоқтығы бірден байқалды, деп жазады Қазақстан-Заман газетінің тілшісі Нағашыбек Қабылбек.

Шама келгенше шартарапқа таралғанына көп болмаған кинотуындылардан хабардар болып, сол жөнінде халықты құнды мәліметтермен қамтамасыз етуден гөрі көп әріптесіміз Голливуд жұлдызымен суретке түсіп, өзін жарнамалағанды артық көрген секілді. Иә, онсыз да тілін түсінетін отандас әртістердің көрпе-төсегін, көлігін жазып үйренген бізді Еуразия кинофестиваліне қатысып жатқан фильмдердің түсіру тарихы, ол жайындағы қызықты деректердің қызықтырмайтыны екі бастан белгілі.

Демалыс күндері сайтының рейтингісін қалай көтеріп, оқырманын қалай жинарын ойлап миы қатып отырған көптеген порталдарға Николастың киген шапаны «іздегенге сұрағанның» кебін кигізді. Дүйім жұртқа өнерімен етене таныс Айман Мұсаходжаевамен түскен Голливуд жұлдызының суреті әлеуметтік желіні «жарып» жіберді десек, артық айтқанымыз емес. Сөйтіп, күміс күлкімен жексенбі күні де өтіп, дүйсенбі басталғанда қылжақбастардың шамына тиер есті және күлегештерді ақтап алар пікірлердің де тиегі ағытылып сала берді.

“Ол шапан жабу дәстүрінің өте-мөте маңызды жоралғы екенін түсінді. Сол себепті шапан жапқанда байсалды кейіпті сомдауға барын салды. Актер ретінде қазақы қалыптағы салмақтылықты жасағысы келді. Болмай қалды. Бірақ, не болса да, бұл қылығы құрметке лайық еді. Ал біз жатып кеп, күліп жатырмыз… Егер ол ыржалақтап тұрса, міне, сонысы шапаныңды, ұлттық жоралғыңды мазақ еткені болар еді! Шынында, біз осы Николастың салмақты түріне күліп жатырмыз ба? Әлде шапанға ма? Ұлттық киімін өзге халықтың белді-белгілі тұлғаларына кигізу, жабу деген біраз жұртта бар. Осы арқылы сен біздің біреуімізге айналдың дегенді меңзейді. Мысалға, Жерар Депардьеге Рамзан Қадыров шешеннің жейдесін кигізді. Мұрны қоңқи, табақтай кісінің тау киімін кигені қызық қой! Бірақ ешбір шешен күлмеді. Біз не үшін күліп жатырмыз?”, – дейді белгілі тележурналист Нұрбек Бекбау.

“Жалпы, кез келген ұлттық киімді өзге ұлттың өкілі кисе, ол күлкі шақырады. Әзілге сұранып тұрады. Ертең бір қазақ папуасстардың киімін кисе де сол реакция. Демек, мәселе шапанда емес және шапан мазақ емес. Сол сәттегі Николастың тұрысы да, түрі де күлмейтін адамды күлдіріп жіберетінін мойындауымыз керек. Егер Н.Кейдждің орнында басқа бір шетел азаматы болса, мұншалық танымал суретке айналмас еді деп ойлаймын. Кезінде өзбектер Сколариға шапан жапқанда өзбегіміз бар, қазақ-орысымыз бар, бәріміз қосылып күлдік. «Сколари таза өзбек болып қалды» деп жарыса жаздық. Жеңіл қабылданды, ешкім ренжімеді. Сондықтан кез келген нәрсеге ренжи беруді, өз-өзімізді қорлап жатқандай дау туғызуды қою керек”, – дейді телепродюсер Нұрмахан Мұқанұлы.

Шыны керек, бір ұжымда қызмет ететін екі азаматтың екі түрлі пікірімен келісуге де болады, келіспеуге де әбден болады. Осы орайда «Көп білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» демекші, журналистердің ұстазы болған Қуандық Шамахайұлының да пікірін білсек деген байламға келдік.

“Байқауымша, бар гәп шетел актерінің қазақ шапанын киіп, ал, өз қандасымыздың еуропалық стильде киінгенінде жатқан сияқты. Егер екеуі де ұлттық нақышта тігілген киіммен суретке түссе, жарасымды болып әрі ешкім күлмес те еді деп ойлаймын. Немесе желіде тарап кеткен суреттегі сәтте ғана олардың тұрысы кадрға солай ілінген болуы мүмкін. Сонымен бірге, соңғы күндері Астанада ауа-райы ысып кетті, құрметті қонаққа қыста киетін шапанды кигізіп қойғанымыз ыңғайсыздау болды-ау деймін. Мен білетін бар себеп осы ғана. Әйтпесе ұлттық киімімізден ұялатындай ештеңе көріп тұрғанымыз жоқ. Жақсы, сапалы шапанды, жалпы өз елінің ұлттық киімін ешкім мазақ етпейтін болуы керек. Ал енді күлкі шақырған суреттен кейінгі қаптап кеткен қылжақбастардың «туындыларын» талқылап жатудың өзі артық”, – ұстаз-публицист Қуандық Шамахайұлы.

Бір айта кететіні, жұртшылықты демалыс күндерінде күлкіге қарық қылған сурет Айман Мұсаходжаеваның да назарынан тыс қалмапты. «Мұхиттың арғы бетінен келген Николас Кейдж түнде ұйықтамаған. Сол себепті шаршаңқы түрімен фотографтардың суретіне ілікті», — дейді ол. Киноны идеологияның үлкен құралы десек, Николас Кейдж — бұл саланың заңғар тұлғасы, әлемді мойындатқан актер.

Ендеше, ұлттық дүниетанымымызға күлдік пе, әлде әртіс қонағымызға күлдік пе, осыны анықтап алайық. Нұрбек Бекбаудың топшылауынша, сұрағымызға біріншісі жауап болатын секілді. Екіншісі дегендерге ескертеріміз, әңгімеміздің басында айтып өткендей, өнермен біте-қайнасып кеткен тұлғалардың сырт келбетін емес, еңбегін сөз етейік, актердің киносын, бишінің биін, әншінің әнін талқылайық.

Бұған дейін Голливуд жұлдызы Николас Кейджге министр Арыстанбек Мұхамедиұлы шапан жапқан болатын. Оның дәл осы шапанмен түскен фотосы желіге кең тарап, әзілге айналып кеткен еді.

Бұдан соң Астанаға келен әйгілі опера әншісі Пласидо Доминго да қазақтың шапанын киіп түскен суреттерін жариялады.

Тағы да оқыңыз:

Ұлымен бірге подъездегі қоларбаны ұрлап кеткен әйел видеоға түсіп қалды

ІІД: Алматыда ұсталған элиталық жезөкшелер ЖОО студенттері болып шықты

Астанада ер адам өз анасын қылғындырып өлтірді

Той серуенінде тікұшақпен жүріп елді дүрліктірген жас жұбайлардың кім екені белгілі болды

Талқылау