"Қымбатшылық болады": "Kaspi" аударымдары шектеліп, салықтың өсуінен сескенген саудагерлердің шағымы не
Елімізде 1 қаңтардан бастап мобильді аударымдарға шектеу енгізілді. Билік мұны көлеңкелі кәсіппен күресу деп атаса, шағын кәсіппен күн көріп отырғандар салықтың ұлғаюынан мұның соңы қымбатшылыққа алып келетінін айтады. Ал қолындағы телефон арқылы ақша жібере салғанға әбден үйренген халық әбігерге түсіп қалғанын жасырмайды. Stan.kz ақпарат агенттігі базарға барып, саудагерлермен тілдесіп қайтты.
Жайма базардағы жағдай
Алматы қаласында орналасқан Көк базарға келіп керек затын алатындар да, сонда сауда жасап нәпақасын тауып отырған азаматтар да көп. Алайда базардың ішіне кірмес бұрын сауда үйіне апарар жолдың бойында тұрған жайма базар көзге бірінші түседі. Біреуі киім, екіншісі көкеніс, ал үшіншісі ұсталған заттарын сатуға қойғандар орын болмаған соң осында заңсыз тұрғандарын айтады. Полицейлер өздерін күн сайын қуатынын жеткізген олар өздеріне қаншама рет айыппұл да салынғанын айтты.
Өзінің аты-жөнін айтқысы келмеген әйел жаяу жүргіншілер өтетін жерде қыстық киімдер сатып тұр. Ол аударымдарды тексеретіні жайлы заңның шыққанын естігеннен бастап тек қолма-қол ақша қабылдап тұрғанын мойындады. “Бізге онсыз да осында тұрғанымыз үшін айыппұл салады” деген саудагер тағы бір қарыз арқалығысы келмейтінін жасырмайды.
“Халықтың көбі аударым жасауға қорқады. Себебі олар да түбегейлі түсінбейді. Біз де жаңа жылдың алдынан бастап аударымдарды қабылдамайтынымызды ескертіп қойғанбыз. Мұнда тұрғандардың көбінің каспиі (Kaspi банк – ред.) де жоқ. Айыппұлдарын төлей алмаған соң шоттарын жауып тастаған. Онсыз да қиналып жүрген халыққа қиын болды”, – дейді ол.
Әңгіме арасында өзіне жылы шалбар таңдап алған әйел бағасын біліп, қағаз ақшаны үнсіз ұсынды. Келесі келуші де сөйтті. Сыртта тұрып суыққа тоңған саудагер сөзін жалғап, полицейлер тарапынан жасалатын заңсыздық жайлы да айтты. Сөзінше, жеке мәліметтерін біліп алған заң қызметкерлері өздеріне ескертусіз сыртынан айыппұл салып кете беретін көрінеді.
“Осында тұрған бір саударгердің айыппұлы 500 мыңға теңгеге дейін жетіпті. Күндік табысы ішіп-жемнен артылмайтын адам оны қалай төлесін?! Сондықтан көбінің каспиі әйелінің не туысының атында. Күнін күнге жалғап жүргендерге мына заң да бас ауру болды”, – дейді әйел.
- Қазақстандықтардың мобильді аударымдарын тексеру қашан басталатыны белгілі болды
- Карта арқылы жасалатын төлемдерді қабылдаудан бас тартқан сатушылар қалай жазаланады
Басқа саудагерлермен тілдесу үшін Көк базардың аумағына жақындадық. Базардың алдында оқу құрал-жабдықтарын сатып тұрған саудагер Данагүл Жаналиева QR арқылы да мобильді аударым арқылы да төлем қабылдайтынын айтты. Бірақ аударымдарды айына шаққанда 100-ден асып кетпес үшін ықшамдап алады.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп жұмысын жүргізіп отырған саудагер ай сайынғы салығын төлейді. Алайда ол өзі зат алатын жеткізушілердің аударымдарды қабылдамайтынын, тек қолма-қол ақша талап ететінін ашып айтты.
“Үкімет шығынды елемейді, тек пайданы көреді”
Көк базардың ішінде сауда қызып тұр. Әр саудагердің алдында QR код салынған қағаз бар. Ал жоқтары оқта-текте ғана. Журналистермен сөйлескен саудагерлер аты-жөнін айтқысы келмеді.
Жеміс-жидек сатып отырған апай мобильді аударымдарды амалсыз қабылдап жатқанын айтады.
“Заңды естідік. Бірақ қазір бәрінің ақшасы телефонында. Қабылдамайын десек, айырылып қаламыз. Сондықтан қабылдамасқа амал жоқ”, – дейді ол.
Саудагер келесі аптадан бастап өзінің де QR код жасатып алатынын жеткізді.
Ахмед есімді тағы бір саудагер шағын кәсіпкерлердің жағдайы онсыз да қиын екеніне назар аударып, мемлекет бұл заңды ерте қабылдап жатқанын баса айтты.
Ағарған сатып отырған саудагер өзі онсыз да салық төлеп отыр екен. Ол аударымдарды тексеру салықты көбейтіп жібереді деп уайымдайды. Жалғызбасты әйелдің сөзінше, сатып отырған заттарының табысынан бөлек шығыны да жетерлік, бірақ үкімет мұны көрмейді.
“Мен заттарымды біреуден сатып аламын, осында әкелу үшін көлік жалдаймын, жүк көтерушіге төлеймін. Мұның барлығы – шығын. Ал билік оны есептемейді. Мысалы, мен бір заттың ақысын терминал арқылы қабылдасам, үкімет сол ақшаның бәрі менің қалтама кетеді деп ойлайды. Бірақ одан жоғарыда айтқан шығынды алып тастау керек қой. Олай жасамайды. Магазинде тұратындар әр затқа көп қосатын шығар. Ал біз базарда тұрған соң 20-25% артық қоса алмаймыз”, – дейді ол.
Саудагердің айтуынша, бұрыннан 3% cалық төлейді. Енді оған Kaspi банк төлем терминалының 1%-ы қосылады.
Көрші орында отырған екінші саудагер аударымдарды тексеру туралы заң мүлдем дұрыс емес деп есептейді. Ол биліктің осы арқылы салықты арттырғысы келеді деген болжамын жеткізді.
Қағаз ақша іздеп әбігерге түскен әжей
Ет сатып тұрған саудагер сол күні болған оқиғасын бөлісті. Сөзінше, өзінен ет сатып алған 90 жастағы (саудагердің болжамы – ред.) әжей қағаз ақша іздеп, әбігерге түскен.
“Банктің банкоматы жолдың арғы бетінде. Осы жастағы адамның сонда барып келгенін өзің елестетіп көр. Сосын ол кісіні қинамай аударым жасаттым. Осындай жағдай көп. Сондықтан осыны (заңды – ред.) жасап отырғандарды түсінбеймін. Бәрін қинап отыр. Тек өз қалтасын ойлайды. Мен бір жылқының етін 600 мыңға аламын (теңге – ред), ал одан көретін пайдам 60 мың ғана. Оған тұрған орнымның ақысы мен ас-ауқатты қос. Сонда жылқының иесі салық төлейді, оған жем-шөбін берген адам салық төлейді, әкелген адам мен сатқан адам да төлейді. Осылайша үкімет бір жылқыдан төрт рет пайда тапқысы келеді”, –дейді ол.
Саудагерлердің сөзінше, олар үкімет тексерісті бастайтын 100 мобильді аударымды екі ары кетсе үш күннің ішінде қабылдап тастайды екен.
“Мысалы, мен қарапайым пакеттің данасын 100 теңгеден сатамын. Кейде алушылар соның өзін каспимен жібереді. Сонда мен 100 теңгеге де салық төлеймін бе?!”, – дейді сөзге араласқан келесі саудагер.
Өзінің мобильді аударымдарды зорға түсінгенін жеткізген саудагер төлем терминалының қалай жұмыс істейтінін түсінбейтінін айтады.
“Көп нәрсені түсінбей жатырмыз. QR-мен қабылдаңдар деді, енді сонымен қабылдап жатырмыз. Бірақ оның да ұстайтын салығы бар. Біз салықтан жалтармаймыз. Онсыз да төлеп келе жатырмыз. Бірақ не үшін төлеп жатқанымызды түсінгіміз келеді”, – дейді ол.
Олар базарда тұрған көп саудагер орнын тастап кетіп жатқанын да жеткізді. Кәсіпкерлер мұны пайданың аздығымен байланыстырады.
“Бұрын орын жетпегендіктен қосымша орындықтар қосатын еді. Қазір қаңырап қалған орын көп. Өйткені бұрынғыдай пайда жоқ. Енді мына заңнан кейін не боларын кім білсін”, – дейді ет сатып тұрған тағы бір саудагер.
Такси жүргізушісінің шағымы
Саудагерлердің айтуынша, мұнда тұрғандың басым бөлігінің несиесі бар. Етті жіліктеп тұрған апай егер салық артса базардағы бағаның да қымбаттайтынын ашып айтты.
“Еттің бағасында тұрақтылық жоқ. Таңертең 3200-3500 теңгеден сатқан етті кешке таяу 2800 теңгеден сатамыз. Өйткені ет тұрып қалса да болмайды, бұзылады. Мына заңнан кейін салығымыз артып кетсе пайдамыз кемитіні түсінікті. Қалтамызға мардымды қаражат түсу үшін біз де бағаны көтеруге мәжбүр боламыз. Сондықтан бұл заңның соңы жаппай қымбатшылыққа алып келеді деп ойлаймын”, – дейді ол.
Тіршілік үшін күресте әбден қажыған саудагерлердің шағымына “сауда болсыннан” басқа жұбату да айта алмайсың.
Базардан қайтарда отырған такси жүргізушісі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болып шықты. Айтуынша, біз оның жеке кәсіпкер болғаннан кейінгі алғашқы жолаушысы екенбіз. Күштік құрылымда қызмет етіп ерте зейнетке шыққан азамат өзінің такси болып жүргеніне бес жыл болғанын айтты.
Оның сөзінше, такси жүргізушілерін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мәжбүрлеген. Бірақ ол кімнің мәжбүрлегенін ашып айтпады. Салық төлеуден қашпайтынын жеткізген ол жеке кәсіпкерліктің басқа жұмысы көп екеніне шағымданды.
“Ай сайын есеп беріп отыруымыз керек екен. Оны қалай жасайтынымыз түсініксіз. Такси жүргізушіден есепші қайдан шықсын! Оны тапсыру үшін де біреуді жалдайсың, ол да ақша. Жарайды, жеке кәсіпкер бол десін, болайық. Бірақ есеп жұмыстарын оңтайландырсын. Әр тапсырысымыздан салық алып отырсын да, бізден есеп сұрамасын. Болды. Мен есепті қалай тапсырамын деп емес, жолаушыны қалай есен-сау жеткіземін деп бас қатыруым керек”, –дейді жүргізуші.
Қымбатшылық болады деген болжамды экономист Сәбит Рысбаев та растайды. Оның айтуынша, шағын кәсіпкерлердің төлемдерінің пайдасын банктер көреді.
“Бірінші кезекте қуанатындар – банктер. Олар сол жерден 0.95% алады. Оны банктен шығаратын болса тағы да 0.95% қосылады. Рахатын банктер көреді. Аударымдарды тексереміз десе, олар да (саудагерлер – ред.) енді сол ақшаны тауарға қосады. Ол да қалтасынан төлеп отырмайды. Тауарға қосатыны онсыз да 7-8% болатындар да бар. Жұмысшылары бар, жалға алуы бар, мемлекетке төлейтін 3% салығы бар, жұмысшылардың айлығының салығы бар. Дәл осы қалт-құлт етіп отырғандарды қыспай-ақ басқасын қарық қылып алайықшы. Халыққа алдымен жағдай жасау қажет. Айналып келіп халықты қыса беруге болмайды”, – дейді ол.
Биылдан бастап банк шотына үш ай ішінде ай сайын 100 не одан көп мобильді аударым алған мемлекеттік мекеме, квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметкерлері және олардың жұбайлары бақылауға алынатыны белгілі болған. Бұл — телефон арқылы төлем қабылдайтын және аударым жасайтын кәсіп иелеріне салық салудың жаңа тәртібі.
Билік бұл бақылауды кезең-кезеңімен енгізбек. Жоспарға сай, 2025 жылы жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, 2026 жылдан бастап барлық халықтың мобильді төлемдері бақыланады.