Кем дегенде 10 қылмыстық іс бар: Депутат бұрынғы “СҚ-Фармация” басшыларын жазалауды талап етті
Фото: t.me/mazhilis_kz
Депутат Бақытжан Базарбек мәжіліс отырысында миллиардтаған шығынға және дәрі-дәрмек бағасының өсіп кетуіне әкеп соқтырған әрекетсіздігі үшін денсаулық сақтау министрлігі мен "СҚ-Фармация" компаниясы жұмысын қатаң сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"СҚ-Фармацияның" қайта қаралған тәсілдері нәтиже бермеді, керісінше, халыққа қарсы шыққандай нашарлатып жібердіңіздер. Бұл бағаның 2 есе өсуіне әкеп соқтырды, 14 миллиард теңгеден астам шығынға әкелді", – деді депутат Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ ол денсаулық сақтау министрлігінің логистикалық қызметтерді сатып алудың жаңа моделін енгізу жөніндегі мезгілсіз шешімдерінің салдарынан еліміз 2025 жылдың төрт айында ғана әлеуетті үнемдеуден 748 миллион теңге жоғалтқанын баса айтты. Жеткізу кестесіндегі ауытқуларға байланысты медициналық ұйымдар дәрі-дәрмекті өз бетінше қымбатқа сатып алуға мәжбүр болған.
Депутаттың айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы мәселелер 2021 жылдан бері айтылып келе жатса да, денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылы Жоғарғы аудиторлық палата тексерісінен кейін ғана қозғала бастаған.
"Мен нақты сұрақ қойдым: кім жазаланды? Шығынды кім өтейді? "Мәмілелер 2023 жылы жасалған, келісім-шарттар әлі күшінде" дейсіз. Онда неге тексерісті 2022, 2023, 2024 жылдары бастамадыңыздар?" – деп сұрады депутат.
Ол денсаулық сақтау министрлігі мен "СҚ-Фармацияны" фармацевтикалық компаниялардың мүддесі үшін қабылданған делінетін нормативтік актілердегі өзгерістер бағаның өсуіне әкеп соқтырды және бұдан қарапайым науқастар зардап шекті деп айыптады.
"Керісінше, нарықты бақылайтын фармацевтикалық компаниялардың мүддесіне қарай баға өсіп кетті. Соның салдарынан қарапайым халық зардап шекті, миллиардтар желге ұшты", – деп кейіс білдірді депутат.
Бұған жауап ретінде вице-министр Ержан Нұрлыбаев бұған дейін үш жылдық келісім-шарттар күшінде болғанын және "оны бұзуға негіз болмағанын" алға тартты. Оның сөзінше, министрлік араласқан жағдайда, жеткізуде іркілістер туындайтын еді.
"Ол дегеніміз – медициналық ұйымдарға күн сайын жеткізілетін миллиардтаған қапмата. Келісім-шарттарды бұзу қауіпті болуы мүмкін. Бірақ ішкі бұйрыққа байланысты бағаның 60% көтерілгені белгілі болған соң, "СҚ-Фармация" басшылары қызметінен босатылды. Енді құқық қорғау органдары құқықтық баға береді", – деп түсіндірді Нұрлыбаев.
Алайда депутат кадрлық шешім жеткіліксіз екенін алға тартты. Ол материалдарды бас прокуратураға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және қаржылық монитринг агенттігіне жіберуді талап етіп, ресми мәлімдеме әзірлейтінін айтты.
"Бұл жерде кем дегенде он қылмыстық іс бар. Сіз мұны қазір ғана білдім дейсіз. Егер жоғарғы аудиторлық палата болмаса, бұдан кейін де ешқандай шара қолданбас едіңіз", – деді Базарбек.
Еске салсақ, 4 маусымдағы мәжілістің жалпы отырысында жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындыларын баяндады. 2024 және 2025 жылдары жүргізілген екі аудит нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде бірқатар кемшілік анықталған.