"Кім маған ұнамайды, сол әкімшілікте істемейді": Ақтөбеде аудан әкімінің аппарат басшысы депутат мен қоғамдық кеңес төрағасын сотқа берді
Фото: Stan.kz
Байғанин ауданы әкімі аппаратының басшысы Жандарбек Жаңабай ауылдастарын “балағаттады” деп айыптап, сотқа арыз түсірді. Байғанин ауданы қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Тәжімұратов пен аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Құлжан алғашқы сот қаулысына келіспей, президенттен көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе облысының апелляциялық сот алқасы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігімен қаралған іске қатысты шағымды қарады. Бұл “Ұсақ бұзақылық” туралы бапта аудандық мәслихат депутаты мен қоғамдық кеңес төрағасы қоғамдық орында былапыт сөйлеу және құрметпен қарамау бабымен айыпталды. Жәбірленуші – Байғанин ауданы әкімі аппаратының басшысы Жандарбек Жаңабай.
Оқиға 31 наурыз күні аудандық әкімдіктің ғимаратында болды.
“2025 жылдың қаңтар айынан бастап ауданға Жаңабай Жандарбек есімді аппарат жетекшісі келді. Келгенде “ауылдың жігіті келді” деп қуандық. Келген соң өзінің саяси ойынын жүргізе бастады. “Әкім боламын. Ананы орынбасар қыламын, мынаны қызметке қоямын, көтеремін, түсіремін” деп әкімдік ішінде түсініксіз саяси ойын бастап кетті. “Кім маған ұнамайды, сол әкімшілікте істемейді” деген саясат жүрді. Күзетшіге бізді “әкімдікке кіргізбе” деген тапсырма берген. Рас, біз оның кабинетіне бардық. Мына жағдай қашан тоқтайды деп сұрауға бардық. “Сендер менен жауап алатын кімсіңдер, шығыңдар” деп дауыс көтерді. Балағат сөз болған жоқ. Ол хатшыға полиция шақыр деп айғайлады. Біз кабинеттен шығып кеттік. Бұл сағат 17:00 шамасында болған жағдай. Кешкі сағат 21:00-де “балағаттады” деп арыз жазған. Бізге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Апелляциялық сот та біздің пікірімізді елемей тұр. Өз басым әрі қарай президентке дейін шығамын”, – деді аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Құлжан.
Құқық бұзушы ретінде танылғандар өздеріне тағылған айыппен келіспейді. Балағат сөздің болмағанына сенімді.
“Кабинетке кіргенде өзімді, басқа әріптестерді ресми түрде таныстырдым. Содан кейін ғана шаруаны айттым. Төрт адам бардық. Аудандық мәслихат төрағасы мен аудан әкімінің орынбасары тұрып тұрды. Мұхтар Құлжанов екеуміз отырдық. Аудандағы қисық нәрселер осы кісі қызметке келгеннен басталды. “Ауылды мазалағаның дұрыс емес” деп айтып жатыр едік, орнынан атып тұрып “маған бұлай айтатын сендер кімсіңдер, кабинеттен шығыңдар” деді. Балағат сөз айтқан емеспіз. Бар болғаны кабинетте 2 минут қана болдық. Өзім намаз оқимын, балағат сөз айтпаймын. Түймедей нәрсені түйедей қылып, облысқа жеткізді. Қоғамның мұңын тыңдау – функциялық міндеттерінің бірі. Балағаттады деу – жала”, – деді Байғанин ауданы қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Тәжімұратов.
Ал жәбірленуші бірінші сот қаулысын қолдайтынын айтты. Онда Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 1-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 78 640 теңге айыппұл төлеу міндеттелген.
“Байғанин аудандық сотының қаулысын қолдаймын. Күшінде қалдыруды сұраймын. Маған жеке қабылдауға немесе менің есеп беру жиналысыма келген жоқ. Кабинетіме келді. Өздері саяси ойынды ойнатты. Менің жұмысыма саяси ойын кірмейді, аппараттың жұмысын ұйымдастыру жатады”, – деді апелляциялық сотқа онлайн қатысқан Байғанин ауданы әкімі аппаратының басшысы Жандарбек Жаңабай.
Қорғаушы полиция қызметкері толтырған хаттамада бірқатар кемшілік бар екенін айтты.
Қоспаев тобының ісінде Бауыржан Байбектің әкесінің есімі аталды
“Өрескел заңбұзушылық бар. Сот қаулысы жәбірленушінің айтуы бойынша ғана шығып тұр. Куәгерлер бірінші берген жауаптарынан бас тартты. Байғанин ауданы қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Тәжімұратовқа қатысты шағым анықталмаған. Куәлардан мәслихат депутаты Мұхтар Құлжановқа қатысты түсініктеме бар. Алайда Тәжімұратовқа қатысты іс бойынша куәлардан түсініктеме алынбаған. Яғни дәлел жоқ. Іс материалдарында куәгерлер сұралмаған, іске тіркелмеген. Мұхтар Құлжанға қатысты түсініктеме көшірмесін Тәжімұратовқа қатысты айыпқа тіркеген. Сондықтан айып дәлелін таппайды”, – деді қорғаушы Ерқанат Лаукенов.
Судья тарапынан полиция қызметкеріне “Сіз хаттама толтыруға неге асықтыңыз? Хаттама толтырып, сотқа жіберуге екі ай уақытыңыз бар” деген сауалдар қойылды. Дегенмен Ақтөбе облысының апелляциялық сот алқасы Байғанин аудандық сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық шенеуніктер бұрынғы лауазымындағы теріс қылықтары үшін жазаланатынын жаздық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Егер саяси немесе әкімшілік мемлекеттік қызметкердің өкілеттігі тоқтатылған сәтке дейін оған тағайындалған тәртіптік жаза алып тасталмаса, ол қызметкер қызметтен босатылған күннен бастап автоматты түрде алынған деп есептеледі.

Алматыда күзетші мейрамханаға келген қызды сүйреп шығарып жіберген: Көпшілік ресторанға бойкот жариялады
