"Қылмыстық кодексті тағы қараймыз": Мәулен Әшімбаев сотталған Күдебаевтың түрмедегі суретіне қатысты пікір білдірді
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сотталған Серік Күдебаевтың желіде тарап кеткен түрмедегі суретіне және Ақмола облысындағы түрмедегі азаптау оқиғасына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: senate.parlam.kz
Әшімбаев Атбасардағы №1 түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғандарға күш қолданғандарға қатысты тергеу жалғасатынын айтты.
“Жауаптылардың барлығы заң аясында жазаға тартылады. Оған ешқандай күмән болмауы тиіс. Бұл мәселелерді ескере отырып, Қылмыстық кодексті тағы қарап шығамыз. Сондықтан қажет болған жағдайда, тиісті нормаларды пысықтауға дайынбыз. Жалпы мұндай жағдайларды болдырмау үшін құқық қорғау органдары тиісті іс-шараларды жүзеге асыруы керек”, – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар спикер Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы, Қаңтар оқиғасынан кейін сотталған Серік Күдебаевтың Өскемен түрмесіндегі суретіне қатысты сұраққа жауап берді. Сенат төрағасы бұл деректер қылмыстық-атқару жүйесіндегі салада айтарлықтай проблема бар екенін аңғартады деп айтты.
"Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бар және бұл комитет құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Аталған комитет құрамындағы депутаттар Үкімет мүшелерін шақырып, бұл мәселеге қатысты талдау жасаймыз. Қылмыстық-атқару жүйесінде проблемалардың бар екенін мойындауымыз керек", – деді палата төрағасы Мәулен Әшімбаев.