"Қылмыс жоқ, жастар спортты таңдайды": Қарағанды облысында тағы бір ауыл ішімдіктен толықтай бас тартқан
Қарағанды облысында Қарабұлақ атты тағы бір ауылында тұрғындар ішімдіктен толықтай бас тартқан. Ауыл дүкендерінде алкогольді сусындар сатылмағандықтан қылмыс та болмайды екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар24” арнасына сілтеме жасап.
Сурет сюжет кадрларынан алынған
Дина Төлегенова – ауылдағы ең ірі дүкеннің иесі. Кәсіпкер әйел ішімдік сатудан үзілді-кесілді бас тартқан. Ол мұндай шешімнің кіріске әсер етпейтінін айтады.
“Ашылғанына 3 жыл болғалы арақ пен темекі сатпадық. Күйеуім екеуміз солай шештік. Бұдан біздің бизнес зардап шегіп, кіріс төмендеген емес”, – деді Дина.
Соңғы 3 жылда Қарабұлақта бірде-бір қылмыс болмаған екен. Сонда да учаскелік полиция қызметкері Аманбек Әубәкіров қырағылығын жоғалтпайтынын айтады.
“Адамдар мас кездерінде тұрмыстық қылмыстарды көп жасайды. Біздің ауылдың тұрғындары бұрын да ішімдікке бейім емес еді. Ал енді жалпы шешіммен маскүнемдікке толық тыйым салынды. Бізде тамаша көрсеткіштер бар: заң бұзушылықтар жоқ, қылмыстар әлдеқайда аз. Қарабұлақта 500 адам тұрады. Олардың бестен бірі – жастар. Көптеген адамдар спортқа қызығушылық танытады. Ауылдың өз волейбол командасы бар, олар облыстық, тіпті республикалық жарыстарға қатысады”, – деді Аманбек Әубәкіров.
Ауыл тұрғыны Ақжол Бейсенбай да үлкендердің тәрбиесі жаман әдеттерден аулақ болуға үйрететінін айтады.
“Біз олармен толықтай келісеміз. Салауатты өмір салтын ұстанамыз. Спорт – денсаулық кепілі”, – деді Ақжол.
Қарабұлақта "Үздік бизнес жоба" байқауы жыл сайын өткізіледі. Оған жергілікті фермерлер демеушілік етеді. Ақша Қарабұлаққа қажетті жобаға бөлініп, мұнда шаштараз, наубайхана ашылған. Үлгілі ауылды Аслан Рахымбергенов басқарады. Жас басшы биыл республикадағы ең үздік ауыл әкімі болып танылды.