Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қылмыс мүлде болмайды": СҚО-да ауыл тұрғындары 20 жыл бұрын ішімдіктен бас тартқан

Солтүстік Қазақстан облысындағы Теңдік ауылының тұрғындары 20 жылдан бері алкогольді ішімдіктерді қымыз бен өзге де пайдалы сусындара алмастырған. Тұрғындардың сөзінше, мұнда дүкендерде арақ-шарап сатылмайды. Ал бос уақыттарын барынша пайдалы өткізуге тырысады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап. 

теңдік

Ләззат Алпысова бірнеше жыл бұрын күйеуі және 4 баласымен бірге Теңдік ауылына көшіп келген. Бастапқыда ауыл тұрғындарының алкоголь тұтынбайтынын естіген ол сенбегенін жасырмады. 

"Біз ұжымдағы қыздармен бір-бірімізге кешке шәй ішуге барамыз. Ауылда төртінші жыл тұрып жатырмын. Бірақ алкоголь ішкен адамдарды кездестірген жоқпын", – деді ауыл тұрғыны Ләззат Алпысова. 

Ауылда 300-ге жуық адам тұрады. Ерлер жергілікті кәсіпорындарда еңбек етсе, әйелдер үй шаруасында. Мұнда барлығының жеке шаруашылығы бар. Ал бос уақыттарында футбол ойнап, балық аулайды екен. 

"Алкогольсіз жақсы өмір сүреміз. Бос уақытта үй шаруашылығымен шұғылданамыз. Кешке футбол ойнап, жақын маңдағы өзеннен балық аулаймыз. Мен өзім ешқашан ішіп көрмегенмін, көргім де келмейді", – деді ауыл тұрғыны Қуат Шәріпов. 

"Арақ – бақытсыздықтың басы. Бақыт бұл – жұмысың мен отбасың", – дейді ауыл тұрғыны Сара Адентаева. 

Ал ауыл әкімі мен жергілікті учаскелік полицейдің сөзінше, ауылда қылмыс мүлде болмайды. 

"Теңдік ауылында спирттік ішімдіктер 2002 жылдан бері сатылмайды. Ақсақал мешіт салып, осындай алкогольден бас тартуды ұсынды. Сол кезден бері дүкендерде алкогольді ішімдік сатылмайды, ешкім іщпейді. Егер той болса, қымызға тапсырыс береді", – деп мәлімдеді Теңдік ауылдық округының әкімі Ержан Қасқұлақов. 

"Мұнда ішімдік сатуға тыйым салынбаған. Ауыл тұрғындарынан сұраныс жоқ. Кәсіпкерлер, дүкен иелері де мұны қолдайды. Сондықтан оларда алкогольді өнімдер сатуға арналған лицензия жоқ", – деді учаскелік полицей Жамбыл Қайыров. 

Ал жергілікті дүкен сөрелерінде арақ-шараппен бірге темекі де жоқ. Дегенмен кәсіпкерлердің сөзінше, дүкенде басқа да өнімдер сатылады. 

"Спирттік ішімдіктерді сұрамайды да. Кейде сырттан келгендер сұрауы мүмкін. Бірақ "Неліктен алдайсыздар, арақсыз дүкен бола ма" деп айтады", – дейді кәсіпкер Бақытгүл Бекетова. 

Талқылау