Кілем фабрикасының жұмысшылары Қайрат Нұртасқа арнап ән салды (видео)
Танымал әнші Қайрат Нұртас тоқыма кілем фабрикасында қонақта болып, жұмысшыларға арнап ән шырқады. Ал кілем фабрикасының қызметкерлері өз кезегінде әншіге сый жасап, “Ауырмайды жүрек” әнін айтып берген.
Фото: express-k.kz
Бұл туралы korrespondent.kz хабарлайды.
Қазақстандық әнші Қайрат Нұртас “Назар-Текстиль” тоқыма кілем фабрикасында қонақта болды. Ол өндіріс орнының жұмысымен танысқан. Өз сөзінде әнші әрдайым отандық өнімді қолдайтынын айтып өткен.
Фабриканың атқарушы директоры Якуб Думан мырза өндіріс орнына қазақ эстрадасының он шақты жұлдызын шақырған екен. Алайда әзірге тек Қайрат Нұртас келген. Директор мұндай бастама арқылы алдымен отандық өнімге деген сұраныстың артарына сенімді. Одан өзге жұмысшылар сүйікті әншілерін өз көздерімен көріп, көптен бергі армандарының орындалғанын жасырмаған.
“Фабрика басшылығы менің директорыма хабарласып, осындай ұсыныстарын айтыпты. Қазақ азаматтарының ешбір шетелдік инвесторлардың көмегінсіз ашып отырған мұндай жұмысын біз қолдауымыз қажет қой. Ұсынысты ести сала, қуана келістім. Өндіріс орнының жұмысымен танысып, таң қалып отырмын. Негізі Шымкентте зауыттар көп қой. Әсіресе жылыжай.
Өздеріңіз білесіздер, менің “KN” деген атаумен киім цехым бар. Отыз шақты қызметкерім балабақшалар мен әншілерге киімдер тігеді. Менің де көп киімдерім сол цехтың өнімдері. Сонымен қатар, өз ауламда жылыжай әдісімен қызанақ пен қияр егіп, соны қыс бойы жеп шықтық”, – дейді Қайрат Нұртас.
Бұл жолы әнші емес, әншіге арнап фабрика қызметкерлері ән шырқаған екен. Олар “Ауырмайды жүрек” әнін айтып берген. Артынша әншінің өзі де қосылып ән айтып, тыңдармандарымен естелік суретке түскен. Кетерінде фабрика ұжымы Қайратқа өзінің бейнесі бейнеленген кілем сыйлаған.
“Мұндай бастаманы толықтай қолдаймын” деген әнші ешқандай да ақша алғысы келмейтінін айтқан.
Оқи отырыңыз:
Директоры Қайрат Нұртастың әйелі киноға түседі деген ақпаратты жоққа шығарды
Сиви: Қайрат Нұртастың жаңа фильмінде басты рөлді әйелі сомдайды