Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Киіз үйлері тозған, қабырғалар көгерген": Шымкенттегі ашылғанына үш жыл болған "Шымқала" тарихи-мәдени кешенінің халі мүшкіл

Шымкентте "Шымқала" тарихи-мәдени кешені қирап жатыр. Ашылғанына үш жыл болған нысанның бір бөлігі жарамсыз болып, тозығы жеткен. Нысанның техникалық төлқұжаты да, қабылдау актісі де жоқ болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Шымкенттің тарихи нысанына айналған жерде 2018 жылы ауқымды қайта құру жұмыстары басталған. Ал 2021 жылы ашық аспан астындағы мұражай ретінде ашылды. Бірақ қазір кешеннің бір бөлігі жабылған. Онда тозығы жеткен киіз үйлер мен қираған алтыбақандардан басқа еш нәрсе жоқ.

Бірнеше жыл бұрын мұнда этноауыл орналасып, қолөнершілер киіз үйлерде жұмыс істеген. Бірақ қазір бұл жерді шөп басып жатыр, ғимараттар қираған. Цитадельдің  бояуы сыпырылған, жазулар өшірілген, қабырғалар көгерген. 

“Еуропадан қонақтар келгендіктен, оларға біздің дәретхана бөлек көрінеді. Қазір Шымқала жабық. Қазақ мәдениетін көрсету үшін тезірек ашса дейміз”, – деді туристік компания менеджері Муниса Пазылова. 

Гидтердің айтуынша, бұл жер өте танымал. Оған жыл сайын 50 мыңға жуық адам келетін. Мәдениет басқармасы мердігерлердің нысанды толық бермегенін айтты. Қабылдау актісі, сондай-ақ тіркеу куәлігі жоқ. Осыған байланысты тарихи-мәдени кешен жөндеуге келмейді, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмейді.

"Шымқала" тарихи-мәдени кешенін салу барысында тапсырыс беруші, мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы және мердігер ұйым арасында құрылысқа қатысы жоқ жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған. Аталған учаскеде құрылыс жүргізілмегендіктен, кешеннің тіркеу куәлігі алынбаған. Сондай-ақ кешендегі жөндеу аяқталғанымен, тапсырыс беруші мен мердігер арасында тапсыру актісі жасалмаған”, – деп мәлімдеді Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер бөлімі.

Дегенмен мәдениет басқармасы нысанды қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр.

“Мұнда келетін туристерге қызық этноауыл ұсынғымыз келеді. Келуші туристер мен жастарға салт-дәстүрімізді, тарихымызды, әдет-ғұрыптарымызды кеңінен насихаттау – өте маңызды бастама. Сондықтан қазір кәсіпкерлерден ұсыныс күтеміз”, – деді Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер бөлімі басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова. 

Кешеннің мәселелерімен енді Антикор мен прокуратура айналыспақ. 

Талқылау