Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Киіз үй, ойындар мен ұлттық тағамдар": БҚО-да "Дәстүр – trend" фестивалі ұйымдастырылды

Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында 12 қазан күні аудандық "Дәстүр – trend" фестивалі ұйымдастырылды. Мұнда "Атамекен", "Алтын", "Жеті қазына", "Қарашығанақ", "Шаңырақ" атты 5 ауыл киіз үй тігіп, 2 кезеңнен тұратын жарыста бақ сынады. Фестивальдің мақсаты ұлттық салт-дәстүр мен қазақ мәдениетіне қызығушылықты оятып, қазақ халқының бай рухани қазынасын заманауи өркениетпен ұштастыру болатын.

5  команда  ұлттық салт-дәстүр мен  әдет-ғұрып үлгілерін жиналғандарға жарыса көрсетті. Атап айтқанда, ұлттық нақышта өрнектелген әрбір шаңырақта жас келіндер  келген қонақтарға сәлем салып, әжелер оларға бесік жырын үйретті. Одан бөлек, қара өлең айтудан жарыс болып, үлкендер құлақ құрышын қандырды. Мерекелік шарада нан иленіп, құрт бауырсақ, тары, талқан, жент сияқты ұлттық тағамдармен дастархан жайылды.

Ал ақ сақалды аталар жамағатқа батасын беріп, әр шаңыраққа бас табақ, құда табақ, күйеу табақ, секілді табақтар таратты. Асық ойнап, ләңгі тепкен жас балалар мен киіз үй тігілген алаңда ұлттық киім киген қыз-жігттер фестивальдің сәнін келтірді.

Шарада тартысты ұлттық спорт та ұйымдастырылды. Атап айтқанда, садақ атудан ерлер арасында  Мейрам Хайров пен әйелдер арасында Назгүл Кунакаева сұр мергендіктерімен көзге түсті. Ал ат үстіндегі аударыспақта Эльдар Михатов, Орынбасар Махамбетов, Арданат Собировтер шабандоздық шеберліктерімен тәнті етті. Ұлдар мен қыздар арасында өткен өгіз тартыс шараның ең қызықты тұсы болды.

"Бүгінгі фестиваль ұрпақтар жалғасы мен дәстүр сабақтастығының көрінісі. Ұлтымызды ұлықтауда арқа сүйер аталарымыз бен аналарымыз аман болсын", –  деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова.

Фестиваль жеңімпаздарын аудан әкімнің орынбасары Дулат Имашев алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.  

Талқылау