Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыдырмаш қыз оңбас": Қара нәсілді жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы жайлы танымал жандар не дейді

Қазақ қызы аста-төк той жасап, қара нәсілді франциялық азаматқа күйеуге шықты. Оның ұзату тойының бейнежазбасы әлеуметтік желіде жарияланды. Ару африкалықпен тұрмыс құрғанымен елдегі тойда барлық қазақы салт-дәстүр сақталыныпты. 

Ең қызығы, қаранәсілді құда қазақ қызының құлағына сырға таққаны да халықтың ашуына тиді. Бұл қара нәсілдімен отау тіккен алғашқы қазақ қызы емес! Той еліміздің қай қаласында өткен? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Дүркіретіп той жасап, қара нәсілді құдамен төс қағыстырған қазақ отбасының ибалы қызының ұзатуы әлеуметтік желіні жандырып жіберді. Оны көрген халықтың да пікірлері қақ жарылуда. Бірі даттаса, өзгесі жақтауда. Африкалықпен отау құрған арудың есімі - Айзада екен. Ол сүйіктісімен Ыстамбұлдың беделді мектептерінің бірінде жұмыс істеп жүріп танысыпты. Ал, той шілденің 21-і күні Павлодарда өткен. Күйеужігіттің жат елден болғаны жұрттың біразына жақпауда. Тіпті, кейбір ақындардан ұйқы қашып, өлең арнады

Қимас қалқам едің-ау көзі қара,

Сыйлас жанды тауыпсың өзі қара.

Қыдырмашы қыз оңбас деп түйетін

Бабамыздың дөп айтқан сөзі дана!

Әсерлі сөздерге толы өлеңнің авторы Серік Сейтман таңға дейін көз ілмегенін айтады. Өлең қазақтың әр аруына әсер етпесе де, аз да болсын өнеге алатындар табылса екен дейді. Алайда аруларға бұл сөздер бата ма жоқ па ол жағы белгісіз. Сондықтан, халықтың ойын сұрап көрдік.

"Жараспайтын нәрсе. Ішіміз күйеді". "Адам сүйген жанмен қосылу керек . Ол ұлтқа қарамайды".

Расымен де бүгін қиырдағы шетелдіктерге ойланбастан күйеуге шығып жатқандар баршылық. Бұл мәселені президенттікке үміткер болған Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасында  бірнеше рет көтерген еді. Оның дерегінше, кейінгі жылдарда 10 мыңға жуық, яғни 9500 қазақ қызы өзге елге тұрмысқа шыққан. Күйеу балалардың арасында испандық, итальяндық, түрік пен қытайға жар болып жөнелгендер көп екен. Оның үстіне бүгінде еліміздегі аралас неке де жегі құртындай жұртты жалмауда. Егер бұл үрдіс осылай жалғаса берсе, түбегейлі құру қаупі бар дейді ол.

"Менің ойымша, бұл кесел. Ет бұзылса тұз себеміз дейді. Ал, егер тұз бұзылса онда қайтеміз дейді. Бұл отандық ел  құруы қыздарыңның басқа ұлтқа кеткені. Енді олардан туған қазақ емес қой. Мен оны айтып келе жатырмын, айтамын, тағы айтамын. Келесі ғасырда қазақ деген ұлт болмайды. Ұлттық жойылуға әкелетін нәрсе", деді Сәдібек Түгел. 

Ал, әлеуметтанушы Саят Баймұратұлы бақытты болғысы келгені үшін қазақ қыздарын жазғыруға болмайды дейді. Себебі, әркімнің өз құқығы мен таңдауы бар. Керісінше, бүгінде күшік күйеу атанып, қыздардың ақшасына телмірген жігіттердің әлсірегенін мойындау керек деген ойда. Сондықтан ер атаулының қоғамдағы рөлін асқақатау үшін бірқатар шараларды қолға алу керек  деген пікірін жеткізді.

"Қазақ жігіттерінің рөлінің төмендеп кеткендігі көрінеді. Яғни, қазақ қызы не үшін басқа біреуге шығады? Ол өзінің бақытын іздеп басқа біреуге шығады. Ол бақытты болғысы келеді. Кез-келген қыз бала бақытты болғысы келеді. Енді ол өз бақытын өзінің ұлтының жігіттерінен таппағасын ол басқа бір ұлттың жігітіне міндетті түрде қарауға тура келеді", - дейді әлеуметтанушы Саят Баймұратұлы. 

Мамандардың пікірінше, екі жарым мың жылдық ұлт ретіндегі тарихы бар қазақтың түбіне жететін фактор қыз-қырқынның шетелге алшақтауы. Сондықтан "бір үйір жылқы болса айғыры әлсізді тобыр таптап кететіні анық" деген пайымда. "Осы себепті, ұлтты сақтау үшін шетелдіктерге күйеуге тиюге тосқауыл қажет. Белгілі бір заңды негіздер арқылы" дейді олар.

Болашақ жар, болғай да жаның айдын,

Алдымнан көрінбедің болып ай күн.

Содан ба, содан ба екен, кім біледі,

Мен сені әлі күнге танымаймын деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай бойжеткендер өмірлік жартысын қайда, қашан, қалай кезіктіретіні бір Аллаға мәлім емес пе? 

Талқылау