Кибершабуылдарды талдау орталығы Талғардағы оқиғаға қатысты желіде боттардың белсенділігі артқанын мәлімдеді
Апта басынан бері кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы Талғар қаласындағы қайғылы оқиғаны талқылауға байланысты әлеуметтік желілерде боттардың көбейгенін байқаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі TSARKA Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: geeksforgeeks.org
Талғарда орын алып, бүкіл Қазақстан көлемінде талқыға түскен оқиғаны белгісіз біреу өзінің жеке мүддесі үшін пайдаланбақ болған.
Желіде Алматыда және басқа қалаларда өткен митингілер туралы қаңтар оқиғасының ескі видеоларынан жинақталған фейктер пайда болды
Мұндай ақпараттар TikTok пен Instagram әлеуметтік желілерінде көп байқалады. Мысалы: TikTok-тағы бұл бейне жаңа аккаунт ашылғаннан кейін жарияланған. Видео 3 күн ішінде шамамен 850 мың қаралым жинаған. Онда болмаған митингілердің видеосын таратқан.
Жаңа ашылған аккаунттар мен пікірлерді талдау (барлығы 50 000-нан астам) нәтижесінде боттардың белсенді жұмыс істеп жатқаны байқалған.
Желіде тарап жатқан ақпаратқа сыни көзқараспен қарауды және оның таралу көзін екі рет тексеруді ұсынамыз.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Осы жайттан соң Шерзаттың ашынған әкесі журналисттердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған еді. Қаржаубай Нұрымов “Бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды. Кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.