Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ішкі істер вице-министрі өзін-өзі өртеген әйелге қатысты пікір білдірді

ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қаржы пирамидасы үшін өзін-өзі өртеп жіберген әйелдің оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

11 сәуірде елордадағы Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында Mudabarah Capital қаржы пирамидасынан зардап шеккен әйел өз-өзін өртеп жіберді. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді және ауруханаға жатқызылды.

"Құқықбұзушылардың іс-әрекетінен шығынға ұшыраған адамдар түрлі психо-физиологиялық қысымға түседі. Кейбірі бұған шыдай алмайды. Осылайша жәбірленушілердің бірі, менің ойымша, тергеу органдарына қысым көрсету мақсатында осы қадамға барды. Отты сөндіріп үлгерді, қазір ол ауруханада жатыр және өміріне еш қауіп жоқ. Мендегі бар ақпарат осы", - деді Марат Қожаев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Аталған қылмыстық іс бойынша, 14 адам жауапқа тартылған, олардың алтауы қамауда отыр. Тергеу жұмыстары аяқталуға жақын.

"Бірнеше адам үйқамақта отыр. Екі адам кепілмен және бірнешеуі – ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Мұндай бұлтартпау шараларының жазалау еместігін түсіну керек. Ол әр адамға жеке тағайындалады, тек адам жасырынып қалмауы үшін, жаңа қылмыс жасамауы үшін және басқа адамдарды тергеуге кедергі келтіруге үгіттемеуі үшін жасалады. Бұл әлі жаза емес. Алайда, осы қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер кімнің қамауда, кімге бұлтартпау шаралары қолданылуы керектігін шешіп қойған. Өкінішке қарай, осындай эмоциялар байқалады, бірақ біз бұл шараларды заңнамаға сәйкес реттеуіміз керек", - дейді Қожаев.

Айта кетсек, вайнерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Азимжан Саидбаев 2021 жылдан бастап Mudarabah Capital компаниясын жарнамалай бастады. Кейін компания қаржы пирамидасы деп танылды. 2021 жылдың қазанында Mudarabah Capital компаниясының иесі Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды. Ал Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Азимжан Саидбаев құрылтайшылары деп танылды. Қазіргі таңда Төребаев пен Шерниязов 1000 АЕК (3 063 000 теңге) көлемінде кепіл төлеп, соттың соңғы шешіміне дейін босатылған болатын. 

Ал Саидбаевты қамауға алуға шешім шығарылды. Алайда ол шетелге қашып кеткен. Бүгінгі таңда халықаралық іздеу жарияланды.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 13 Сәуір, 2022 16:01
Талқылау