Халықтың зейнетақы жинақтау қорындағы қаржысы ұрланды деген ақпарат тарады
Жұрттың зейнетақы қорына құйған қаржысы тағы миллиардтап ұрланған сыңайлы! Құзырлы органдар мен Ұлттық банк қызметкерлері бірнеше күннен бері Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын жіті тексеріп жатыр. Олар мекеменің өзіне тиесілі активтерін қайда салғанын анықтамақ. Бүгін Ұлттық банк ресми мәлімдеме жасап, тек қордың ақшасын санап жатқандарын айтты. Ал жеке азаматтардың құйған қаржысына тексерудің еш қатысы жоқ деп сендіруде. Десе де, салымшылардың 5 миллиард теңгесі қолды болды деген де ақпарат тарап жатыр, деп хабарлады КТК арнасы.
Елімізде соңғы айларда зейнетақы қорлары бойынша инвестициялық табыс айтарлықтай төмендепті. Мұны мамандар теңгенің құнсыздануымен байланыстырған. Алайда, бар кінә валюта бағамында емес секілді. Ақшаның қайда кеткенін енді құзырлы органдар анықтауы тиіс. Олар Ұлттық банк өкілдерімен қосылып, үш күннен бері Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын тексеріп жатыр.Тексеріс негізінен зейнетақы қорында меншікті активтерді инвестициялауға қатысты жасалған операциялар бойынша жүргізілуде. Ал, жағдайдың жеке азаматтардың жинағына еш қатысы жоқ деп сендіруде Ұлттық банктегілер.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтері оның капиталы және шаруашылық қызметінің нәтижелері есебінен құралады. Қор меншікті активтерді дербес басқарады. Ал азаматтардың зейнетақы жинақтары “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының” балансынан бөлінген және бөлек есептеледі»
Негізі зейнетақы қорындағы қаржының қайда құйылып жатқанын Ұлттық банк қадағалауы тиіс. Бас банк өкілдері жұртты жұбатпақ болғанымен, кейбір ақпарат құралдары зейнетақы жинақтарының оңды-солды шашылғанын айтуда. Яғни, қордан 5 миллиард теңге қолды болған көрінеді. Қаржы алтын игеретін жеке компанияға инвестициялау арқылы жымқырылған деген ақпарат тарап жатыр. Егер бұл дәлелденсе халықтың ақшасын қалтасына басқандарды жаппай жазалау керек дейді депутаттар.
«Тексеру керек. Ол деген адамдардың болашағын ойлап салып қойған ақшалары. Олар біріншіден тиімді пайдалану керек. Олар сақтануы керек. Заң бұзушылыққа жол берілмеуі керек», – дейді Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов.
Зейнетақы қорының басшылығы ұрланған ақша туралы ақпаратты жоққа шығарды. Әзірге құқық қорғаушылар да мұндағы тексеріске қатысты жақ ашып ештеңе айтпай отыр. Ал, Ұлттық банк тек тінту біткеннен кейін ресми түрде мәлімдеме жасамақ.
Жіберіп алмаңыз:
Қазақстан Ұлттық Банкі тікбұрышты монеталарды айналымға шығарды
2017 жылы доллар мен еуро бағамы қандай болмақ
Қаңтар айынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері көбейеді
Қазақстанда көліктердің бағасы күрт қымбаттайды деп болжануда