KFW-2016: Дизайнерлер туындыларын кітапханашыларға арнады (фото)
Бүгін, қазанның 19-ы Қазақстан сән апталығының екінші күні өтті. Аталған шара биыл 12 рет ұйымдастырылып отыр. Үш күнге созылатын сән апталығында жалпы тоғыз дизайнердің ғана туындылары көрсетілді.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Алғашқы күні One to One, Tamara Lamanukaeva, Tiko Nebieridze сынды брендтердің топтамалары таныстырылды. Ал бүгінгі кезек Yerlan Zholdasbek, Mirel Marat, Kiori сынды брендтерге бұйырды. Сән апталығы басталмас бұрын, Open Way байқауы өтті. Аталған байқауда жас дизайнерлер “үй тапсырмасын” таныстырды. Оларға 2017 жылдың көктем-жаз маусымына арналған прет-а-порте топтамасын жасау тапсырылған болатын.
Дизайнер Ерлан Жолдасбек өзінің топтамасында бірнеше стильді өзара біріктірген. Арт-деко стилінен ұстамдылық пен салтанаттылықты, ал бохо стилінен ыңғайлылықты алған десек те болады. Киімдерін тігу барысында жібек, жүн, шифон, велюр сынды маталарды пайдаланған. Барлық образ қосымша өрнектермен толықтырылған.
Қазақстан сән апталығында алғаш рет One-to-One брендінің тұсауы кесілді. Дизайнерлер өздерінің топтамаларын “Кітапханашы арулар” деп атауды жөн көріпті. Аталған брендтің образдары 70 жылдардағы жылтыр сәнмен толықтырылған. Оны Alex Chzhen мен LaRiya бірігіп құрған.
“Жыл сайын KFW қарсаңында үш қайнаса да, сорпасы қосылмайтын дүниелерді біріктіруге болатындығын айтқым келеді. Осындай эксперименттен кейін ғана жаңа образдар пайда болады. Стандарттарды шетке ысырып, ерлер стилімен эксперимент жасауды ұсынамын. Пенжек пен шалбарды кез келген шараға киіп баруға болады. Мұнымен қатар, металлдандырылған маталардан белдемше, көйлек, күрте тігілетін болады”, – дейді Мирэль Марат.
Дизайнерлер өздерінің топтамаларын таныстырып қана қоймай, әріптестерінің де жұмысын ерекше бағалайтындарын айтып өтті. Ерлан Жолдасбек жаңа One-to-One брендіне жоғары баға берді. Мұнымен қатар, Ерлан мырза өзінің киімдерінің аса қол жетімді бола бермейтіндігін айтып өтті. Ең төменгі баға 70 мың теңгеден басталады екен.
Жіберіп алмаңыз:
Әйгілі сәнгер Лилия Рах жазадан қашып құтылуы мүмкін
Биыл Қазақстан сән апталығында тек 9 дизайнердің топтамасы көрсетіледі
Күзгі тренд: сәнқойлар сатып алуы тиіс 5 бұйым
Қазақстандық жұлдыздар аң терісін таңдайды: күздің 12 үздік образы (фото)