Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚФФ Шымкенттегі жасөспірімдер матчында орын алған төбелеске қатысты мәлімдеме жасады

Фото: KFF.kz

Шымкент қаласында 2011 жылғы туғандар арасындағы футбол орталықтары мен академиялар чемпионаты аясында өткен "Туран" мен "Екібастұз" арасындағы ойында жаппай төбелес тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясы ресми ұстанымын білдірді.

ҚФФ атап өткендей, мұндай жағдайлар футболдың негізгі қағидалары мен спорт құндылықтарына мүлдем сай келмейді. Футбол — өзара сыйластыққа, адал жарысқа және Fair Play қағидаттарына сүйенетін спорт түрі. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасындағы ойындарда агрессия мен күш қолдану — спорттық этикаға және адамгершілік нормаларына қайшы.

Оқиғаға қатысты бейнежазбалар мен төрешілер хаттамалары Бақылау-тәртіптік және этика комитетіне жолданды. Бұл мәселе бойынша комитеттің отырысы келесі аптада өтеді. Тәртіп бұзғандар қатаң жазаланып, кейбірі футболдан өмір бойына шеттетілуі мүмкін.

Федерация елдегі футболдың таза әрі әділ өтуі үшін ережелер мен этикалық талаптардың мүлтіксіз орындалуын қадағалайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, Қазақстан чемпионатының 2011 жылғы жасөспірімдер арасында өткен "Тұран" мен "Екібастұз" кездесуі жаппай төбелеспен аяқталған еді.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 15 Тамыз, 2025 17:30
Талқылау