Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кезінде сынаған адамдар қолымды алды": Тәуекел Мүсілім өзіне сенбегендер жайлы айтты

Тәуекел Мүсілім киноға келмес бұрын 7 жылдай кастинг жағалап жүргенін айтады. Бүгінде танымал актерға айналған Тәуекелдің бұл саладағы жолы "Махаббатым жүрегімде" телехикаясынан басталған. Актер сол кезде өзіне сенген Баян Мақсатқызына дән риза. Десе де, осы жылдар ішінде Тәуекелді "дарынсыз актер" деп сынағандар көп болды. Актердің оларға деген көзқарасы қандай? "Таңшолпан" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Сынға үйреніп қалдым. Әлі де мойындамайтын кино сыншылар бар. "Тәуекел түр-келбетінің арқасында үлкен жобаларға өтеді" дейді. Жасырмаймын, бірінші кезекте образың кейіпкердің фактурасына келу керек. Одан кейін актерлік қабілетіңді сынайды", –  дейді Тәуекел. 

Актер осы уақытқа дейін 10-нан аса фильмге түсіп үлгерген. Көбінесе комедия жанрындағы фильмдерде басты рөлді сомдайды. Жақында Мүсілімді "Дударай және Маша" картинасынан көреміз. Ал актердің өзі өзге жанрда бағын сынап көргісі келеді. Мәселен, тарихи фильмге түсуді армандайды. Мақсатқа барар жолда талпынысы да жоқ емес. 

"Мүкіндік болды. Бұған дейін "Томирис" фильмінің кастингіне қатыстым, бірақ өте алмадым. Әділ Ахметов өтті. Актерлік қабілетім әлсіз болғандықтан, өтпей қалдым. Дегенмен үміт үзбеймін. Әлі біраз тарихи кинолар түсірілетініне сенімдімін", –  дейді Тәуекел.



Ал Тәуекелдің жұлдызын жаққан "В поисках мамы" халықаралық жобасы. Қырғызстанмен бірігіп түсірілген фильмге актер тыңғылықты дайындалғанын айтады. 

"Кезінде сынаған, мойындамаған адамдар сол фильмнен кейін қолымды алды. "Сенен бір нәрсе шығады екен" деді. Шүкір, соның нәтижесін көріп жатырмын. 

Жүргізушілікке қатысты да көп сын айтылды. "Сөз саптауы дұрыс емес", т.б. Мен адам қалайтын болса, қолынан келетінін көрсеткім келді", - дейді Мүсілім. 

Талқылау