Кезекте адам көп болған: Алматыдағы аттракциондардың біріне үлкен көлемде айыппұл салынды
Алматыдағы «Fantasy World Almaty» саябағы әлеуметтік қашықтық пен маска режимінің талаптарын сақтамағаны үшін үлкен айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бір күн бұрын әлеуметтік желілерде «Fantasy World Almaty» саябағына кіре берістегі кезектің бейнежазбасы пайда болды. Видеода адамдардың кезек үшін жанжал шығарғанын көруге болады. Айта кету керек, видеоға түскендердің көпшілігінде маска болмаған.
Алматы әкімдігі жағдайға қатысты түсінік берді. Мониторинг тобының мәліметі бойынша, карантиндік шараларды бұзғаны үшін «Fantasy World Almaty» ЖШС заңды тұлғаға қатысты 230 АЕК (шамамен 639 мың теңге немесе 1524 АҚШ доллары) мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлейтін болады.
Анықталған бұзушылықтардың ішінде - әлеуметтік қашықтыққа, маска режиміне қойылатын талаптардың сақталмағаны атап өтілді.
Еске салайық, Қазақстанда 17 тамыздан бастап карантиндік шаралар жеңілдетілді. Сауда орталықтары, фитнес-орталықтар және өзге де қоғамдық орындар жұмысын жалғастыруда.