Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кездесеміз" деген қыздарға сенген 45 ер адам ақшасынан айырылды

Астаналық қыздар кездесемін деген сылтаумен 45 ер адамды алдап кеткенФото: Freepik.com

Астанада романтикалық кездесу сылтауымен алаяқтық жасаған қыздардың қылмыстық схемасы әшкереленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, бір топ қыздар танысу сайттары арқылы ер адамдармен танысып, кейін қарым-қатынасты жалғастыру үшін жалға алынған пәтерде кездесуді ұсынған. Олар Астана қаласында пәтерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар орналастырып, тартымды интерьердің фотоларын жариялаған. Осылайша жәбірленушілерге бірге уақыт өткізу үшін пәтерді бір тәулікке жалға алуды ұсынған.

Нәтижесінде 45-тен астам азамат жалған пәтерді жалға алу үшін жалпы сомасы шамамен 620 мың теңге көлемінде ақша аударған.

Алайда қаражатты алғаннан кейін алаяқтар жәбірленушілермен байланысын үзіп, олардың телефон нөмірлерін бұғаттап отырған.


Қазақстанда алаяқ танымал онлайн ойын арқылы балалардан ақша ұрлаған

Ақтауда танысына сеніп, телефонын берген тұрғындар 6,5 миллион теңгеден қағылды


Сот үкімімен айыпталушылардың кінәсін мойындауы және келтірілген материалдық залалды өтеуі ескеріліп, үш қызға 3 жылдан 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ оларға пробациялық бақылау белгіленіп, мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы қолданылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Қала прокуратурасы азаматтарды интернет арқылы келісім жасасқанда сақ болуға шақырып, ақпаратты алдын ала тексермей ақша аудармауға кеңес берді.

Айта кетейік, бұған дейін Семейде алаяқтар тұрғындарды 1 миллиард теңгеге сан соқтырғаны хабарланған еді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 16:52