Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қала қирандыға айналған": Алматыда соңғы 100 жылда болған жойқын жер сілкіністеріне шолу

Алматы – сейсмологиялық қауіпті аймақта орналасқан қала. Содан да бұл маңда жер жиі сілкінеді. Қаладағы құрылыс та сол сейсмика ережелеріне қарай салынады. Себебі алғаш рет 1887 жылы 28 мамыр күні Верныйда (Қазіргі Алматы) жер сілкініп, салдарынан 236 адам қаза тапқан. 1799 тастан соғылған үй мен 839 ағаш ғимарат қираған. Осы тұста Stan.kz тілшісі Алматыда соңғы 100 жылда болған ірі жер сілкіністеріне шолу жасап көрді.

Фото ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатынан

Верный зілзаласы

1887 жылы Алматы Верный деп аталған тұста 28 мамыр сағат 04.35 шамасында тарихтағы күшті жер сілкіністерінің бірі болды. Жер сілкінісінің Рихтер шкаласы бойынша магнитудасы – 7,3. Зілзаланың артынша оның бірнеге афтершогы да сезілген. Сол кездегі құжаттарда “Верный енді жоқ. Орны тек қиранды болып қалды” деп жазылған. Зілзала салдарынан 159 адам көз жұмған, оның 75%-ы балалар.

Жер асты дүмпулері бір күн ғана емес, бірнеше күнге созылған көрінеді. Одан қорыққан халық Іле, Талғар жаққа қарай қашқан. Тек маусымның ортасында Верныйды қалпына келтіру жұмысы басталған. 

Сол кезде билік Петербург тау-кен институтының профессоры, ғалым-геолог Иван Мушкетовқа зілзаланың геологиялық себебін және Верныйды қайда көшіруге болатынын анықтауды тапсырады. Осылайша Алматыда алғашқы сейсмикалық станциялар құрылады. Ғалымның болжауынша зілзаладан 2000 квадрат метр жер бүлінген. 

Тарихта бұл оқиға Верный зілзаласы деп аталып, жазылған. Бұл оқиғадан кейін жер сілкіністері жиі болды. 1887 жылдан 1890 жылға дейінгі екі жыл ішінде 600-ден астам жер асты дүмпуі тіркелген. 

Фото ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатынан 

Шелек зілзаласы

Осы оқиғадан көп уақыт өтпей 1889 жылы шілдеде Верный жерінде тағы бір күшті жер сілкінісі тіркелді. Оның бұл жолғы қуаты 6-7 балдан асқан жоқ. Дегенмен Верныйдан 150 шақырым жерде зілзаланың қуаты 10 балға жетті. Сол жылдардағы естелікке сүйенсек, қала тұрғындары дүмпуден тік тұра алмай, құлағанын айтқан. Салдарынан 3000-нан астам ғимарат қирап, 44 адам зардап шеккен. Қайтыс болғандар саны – 7.

Верныйдағы осы жер сілкінісінде қала тұрғындарының бірі итінің күні бойы ұлығанын айтқан. Бұл зілзала эпицентріне байланысты тарихқа Шелек зілзаласы деген атпен енген.

Фото ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатынан

Кемин зілзаласы

Одан кейінгі Кемин зілзаласы 1911 жылы қаңтарда болды. Бұл кезде Верный тұрғындары әлі алғашқы екі дүмпуден ес жиып үлгермеген еді. Кемин зілзаласының қуаты 9-10 балға жетті. Бұл – ХХ ғасырдағы ең күшті ішкі жер сілкіністерінің бірі. Себебі ол тек күшінде ғана емес, сонымен қатар сілкіністің таралуы жағынан да ерекше болды. Қала тұрғындарының айтуынша, бұл жолғы сілкініс күшті көлденең соққылардан басталып, тербелістермен аяқталған. Сонымен қатар ұзаққа созылған. "Үйімізді біреу дәу қолымен ұстап, сілкіп жібергендей болды. Тура дәрі салынған бөтелкені алып, сілкіп, ішіндегісін босатып жібергендей..." деп сипаттаған апат куәгерлерінің бірі.

Кеминдегі жер сілкінісінен қаза тапқандардың жалпы саны – 390 адам. Үлкен Кемин алқабында және Кіші Кеминнің бір бөлігінде 245 адам қаза тауып, 89 адам жараланған, 616 киіз үй қираған. Верный қаласының өзінде және оған жақын ауылдарда 44 адам қаза тауып, 108 адам жараланған. Сазоновка ауылында 9 адам қаза тауып, 20 адам жараланса, Тоқмақ қаласында 11 адам қаза тапқан. Қазір Кемин – Қырғызстанның Шу бойында орналасқан қаласы. Соған орай бұл оқиға Кемин зілзаласы деп аталады.

1910 жылғы Алматыдағы жер сілкінісі Екатеринбург, Бомбей және Калькутта сияқты көптеген қалалардың сейсмостанцияларында да тіркелген деген мәлімет бар. 

Фото ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатынан

Байсорун зілзаласы

1990 жылы күзде Солтүстік Тянь-Шаньда, сейсмикалық белсенді аймақта жер сілкінді.  Оның эпицентрі Іле антиклинорийі мен оған іргелес Шелек-Кемин синклинорийінің түйісу аймағында еді. Сілкіністің қуаты – 3-8 балл.

Жер сілкінісінің негізгі параметрлері Қазақстан мен Қырғызстандағы станциялардың мәліметтері негізінде анықталды. Чет-Байсоорун Қырғызстан ауылы болғасын оқиға солай аталып кеткен. Тербеліс ошағы жақсы қоршалған. Ең жақын станциялар эпицентрден 35 шақырым қашықта. Жер сілкінісі негізгі дүмпуден бірнеше минут өткен соң қайта басталды. Артынша бірнеше афтершок қатар сезілді. 3,5 айдағы жер сілкінісінің тізіміне барлығы 119 афтер сілкініс кіреді.

Жер сілкінісінің ең күштісі 1990 жылғы 28 желтоқсандағы КР –11,7 жер сілкінісі болды. Оның көзі сол тереңдіктегі негізгі соққының гипоцентріне жақын орналасқан. Ол жақын маңдағы елді мекендерге 4 балға дейінгі қарқынмен сезілді. Жер сілкінісі Қазақстанның Алматы, Талдықорған және Жамбыл облыстарын, Қырғызстанның Ыстықкөл облысын қоса алғанда, үлкен аумақты қамтыды. 

Текелі зілзаласы

2009 жылдың 13 маусымында жергілікті уақыт бойынша сағат 23:17-де Қазақстанның оңтүстік-шығысында күшті жер сілкінісі болды. Ең көп зардап шеккен Текелі қаласы – жер сілкінісінің эпицентрлік аймағында еді. Бұл қаладағы жерасты дүмпулерінің күші 7 балға жеткен. Жер сілкінісі салдарынан ағаштан жасалған тұрғын үйлер опырылып, қатты зақымданды. Әр жерде кірпіштен жасалған мұржалар құлап, пештер қирады.

Бір қызығы, бұл – Текелі қаласында кейінгі 16 жылда мұндай қуатты екінші жер сілкінісі. Алдыңғы жер сілкінісі 1993 жылы 30 желтоқсанда болған.

Фото Today.kz -тен

Қапшағай зілзаласы

2011 жылғы 1 мамырда жергілікті уақыт бойынша сағат 08:31-де Алматыда жер сілкінді. Оның қуаты қалада 4-5 балл болды. Бұл жер сілкінісін халықтың басым бөлігі сезді. 

1 мамырдағы жер сілкінісінің ерекшелігі – одан кейін күні бойы және одан кейінгі түнде айтарлықтай төмен қарқынды дүмпудің бірнеше рет қайталануы. Бұл, әрине, адамдарды алаңдатып жіберді. Сонымен бірінші соққыдан 34 минуттан кейін тербеліс 2-3 балдық қарқынмен және алты сағаттан кейін 3-4 баллдық күшпен қайталанды. 1 мамыр күні кешке тұрғындар жер сілкінісінің тербелісін кем дегенде 6 рет сезді.

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Евгенемаловодное ауылында 28 тұрғын үй мен Островский бастауыш мектебінің ғимараты зардап шекті. Бірнеше қабырғасы опырылып, жарықшақтар пайда болды. Сол кезде 500-ге жуық бала жақын жерде орналасқан бас мектеп ғимаратына ауысқан. Сейсмология институты бұл жер сілкінісін кейінгі жарты ғасырдағы ең күштісі деп атады.

2012 жылғы зілзала

2012 жылғы мамырдың 30-ынан 31-іне қараған түні Алматыдан шығысқа қарай 148 шақырым жерде 5,7 балдық жер сілкінісі тағы болды. Қаладағы жер сілкінісінің күші 4 балға жетті. Айтарлықтай дүмпулер болмағанымен, тұрғындар көшеге шығып, кейбірі үйлерінен алыстай тұрды.

2013 жылғы зілзала

2013 жылы 29 қаңтарда Алматыда Астана уақыты бойынша сағат 22.38-де жер сілкінді. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан шығысқа қарай 227 шақырым жерде, 10 шақырым тереңде болды. Жер сілкінісінің ошағына Кеген мен Нарынқол жақын болды. Ұлттық сейсмология орталығы жер сілкінісін 6,6 балдық деп тіркеді. Бірақ осы жолғы сілкініс ерекше жойқын салдарға ұласпады.

2017 жылғы зілзала

Зілзала 2017 жылдың тамызында да болды. Оның магнитудасы – 6,8 балл, эпицентрі Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 485 шақырым жерде. Айтпақшы, осы жолы тұрғындар жер сілкінісінен кейін табиғи апат туралы SMS хабарламалар келе бастады.

Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. Зілзала салдарынан зардап шеккендер саны 67-ге жетті. 

Деректер Қазақ ұлттық деректер орталығы сайтынан алынды.

Талқылау