"Кейін қатты ұялдым": Құлағы нашар еститін таксисті мазақ қылған қазақстандық блогер сынға ұшырады (видео)
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде 65 мың жазылушысы бар блогер Нұрила Аманбаеваның әрекеті көпшіліктің ашуын тудырды. Ол есту қабілеті бұзылған такси жүргізушісінің көлігіне отырып, оны рұқсатсыз видеоға түсіріп, контент жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видео барысында блогер Нұрила Аманбаева жүргізушімен сөйлеспей, тіпті оны елемегендей түр танытып, оның іс-әрекеттерін өзі дауыстап “келтірді”. Оның бұл әрекетін көріп отырған кішкентай баласы да кадрда болған.
Қазақстандықтар блогердің мұндай әрекетін қатыгездік пен құрметсіздік деп бағалады. Олар жүргізушінің еңбегін, өмірге деген күресін ескерместен, оны “контент үшін құралға айналдырғанын” сынға алды.
Ал тағы бір kazaxar есімді қолданушы бұл оқиғадан блогер сабақ алып, жауапқа тартылуы керек екенін жазды.
"Елестетіп көріңізші. Сіз күн сайын есту қабілетіңіз шектеулі болса да, отбасыңызды асырау үшін жұмысқа шығасыз. Сонда көлігіңізге бір блогер отырады. Сізбен сөйлеспейді, құрмет те көрсетпейді. Тек камерасын қосып, сізді рұқсатсыз видеоға түсіріп, қимылыңызды өзі қалағандай "сөйлетіп" қояды. Мұның бәрі баласының көзінше болып жатыр. Бұл жай ғана құрметсіздік емес, бұл қатыгездік. Үнсіз, күнделікті, бірақ жүрекке жара салатын қатыгездік. Мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Мұны бәрі көруі керек", – деп жазды kazaxar.
lightpro__o атты қолданушы блогерді сынға алып, оның өзін "сүттен ақ" етіп көрсетіп, ал пікір қалдырғандарды "қатыгез және мейірімсіз" етіп көрсетуге тырысқанын жазды. Ал ainasays атты басқа қолданушы есту қабілетінде ақауы бар адамның адал еңбек етіп жүргенін айтып, блогердің әрекетін "жиіркенішті және ұят нәрсе" деп санайды.
jokharutebekov те өзін адвокат ретінде таныстырып, жүргізушіге көмек ұсынды.
"Қандай масқара! Құрметті жүргізуші, маған жеке жазыңыз. Біз бұл тиктокерді сотқа береміз! Бұл сіз үшін тегін болады", – деп жазды.
Кейін блогер өз парақшасында “кешірім сұрағандай” видео жариялаған, алайда желі қолданушылары оның сөздері шынайы емес екенін айтып, сынның күшейе түскенін жазды.
"Ол кешірім сұрағандай тағы бір видео жариялады, бірақ негізінен Threads платформасын жамандап, "онда күн сайын біреуді сынайды, бәрі жаман адамдар" деп ақталған. Бірақ желі қолданушылары: "Ой, ұятқа қалдың ба, оны абыроймен мойында. Threads – ең жақсы әлеуметтік желі!" – деп жазды оқырман.
Блогер Нұрила видеосы таралып кеткен соң кешірім сұрап, әзіл ретінде түсіргенін, ешкімді ренжіту мақсатында жасамағанын айтты. Ол видеоны америкалық трендке еліктеп жасағанын жеткізді.
“Бірақ оны жариялаған сәтте-ақ оның мазмұны қорлайтын сипатта екенін түсініп, қатты ұялдым. Ешқашан біреуді мазақтап, қорлайтын контент жариялаған емеспін. Мұны ойланбай жасағаным үшін өкінемін. Айтпақшы, видеоны салғаннан кейін оны біреулер бірден көшіріп алып үлгерді. Ол видеода жүргізушіні қорлауды немесе оның сезімін жаралауды мақсат етпедім", – деп кешірім сұрады блогер.
Нұрила желідегі даудан кейін өз әрекетіне түсініктеме берді.
"Видеом қоғамда үлкен теріс реакция туғызғанын көріп отырмын. Кей адамдар жеке басқа тиіп, балағаттап, тіпті менің балама дейін тиісіп жатыр. Адамдар, шын жүректен ұяламын. Мұнда мәселе тек “кэнселде” емес, бұл видео моральдық тұрғыдан өте төмен және ойланбай жасалған әрекет болды. Әрдайым өзімнің отбасылық және достық қатынастарымды әзіл арқылы көрсететінмін, бірақ бұл жолы шектен шығып кеттім. Біреулердің көңіліне тисем, шын жүректен кешірім сұраймын. Әрине, видеоны өшірдім", – деп өкінішін жеткізді блогер.
Еске салайық, бұған дейін мылқау такси жүргізушісін балағаттаған астаналық тұрғын 15 тәулікке қамалғанын жазған едік. Әлеуметтік желіде екі жолаушы мінген таксидің видеосы тарады. Көліктің алдыңғы орындығында отырған жолаушы жүргізушіні балағаттап, оған тіл тигізе бастайды. Кейін такси жүргізушісінің саңырау әрі мылқау екені белгілі болды. Жолаушы қамауға алынып, оған қатысты істі Астана қаласының мамандандырылған соты қарады. 38 жастағы ер адамның бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстары үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Дженнифер Лопестен Real Madrid-ке дейін: Әлемдік жұлдыздардың келуі Қазақстанға қандай пайда әкелді
