AAPL
140.82 $
-5.64 %
TSLA
709.81 $
-6.8 %
NDAQ
142.09 $
-4.5 %
GOOGL
2237.99 $
-3.93 %
FRHC
41.11 $
-5.52 %
AAPL
140.82 $
-5.64 %
TSLA
709.81 $
-6.8 %
NDAQ
142.09 $
-4.5 %
GOOGL
2237.99 $
-3.93 %
FRHC
41.11 $
-5.52 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кейде көмекке мұқтаж отбасылардың көптігіне налисың": Алматылық волонтер қызметінің қиыншылығы мен қуанышы туралы айтты

2020 жыл – Қазақстанда еріктілер жылы деп жарияланғалы бері волонтер жастардың қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Осы орайда Қазақстанның әр аймақ пен облысында волонтерлар клубы ашылған. Жанерке Бексейтова – Алматы облыстық "Мейірімді Жетісу" фронт-кеңсесінің жетекшісі. 14 жасынан бастап өзгелерге көмек қолын созып келе жатқан еріктімен Stan.kz тілшісі тілдесті.

жанерке бексейтова

“Қарт кісілердің "балам" деп арқамыздан қаққанының өзі үлкен алғыспен теңдей”

Жанерке Бексейтова – Алматы облысының тумасы. 2016 жылы Талдықорған қаласындағы колледжге оқуға түскен оның волонтерлік әлеміндегі жолы басталған.

"Қазір 20 жастамын. 2016 жылы 9-сыныпты бітірген 14 жасымнан бастап волонтерлікпен айналысып келемін. Бірақ ол кезде жасап жүргеніміз волонтерлік екенін түбегейлі түсінбеппіз. Жүрек қалауымыз өз қалауымызбен үндесіп, қолымыздан келгенше көмектесіп жүрдік. 9-сыныптан кейін колледжге түскен уақыттан бастап түрлі шараларға белсене қатысып, өзімізді барынша белсенді етіп көрсетуге тырысатынбыз. Волонтерлікиің тек бір ғана бағытымен шектелмеуге тырыстық. Мысалы "Қамқор" еріктілер бағыты бойынша қарттарға, зейнеркерлер мен ардагерлердің үйіне барып, үй шаруасына көмектесетінбіз. Сосын "Сабақтастық" бағыты бойынша балалар үйінде тәрбиеленушілердің көңілін көтеретінбіз", – деп бастады сөзін ерікті жан.

Жанерке волонтерлік жолға келгеніне ешқашан өкінбегенін, керісінше әрдайым мақтан тұтып жүретінін айтады. Түрлі адамдардың қым-қиғаш оқиғаларын көріп, өзіңе сабақ аласың деген ол ерікті болу ерте есеюге әсер ететінін айтады.

"Бұл жолға келуіміздің өзі белсенділіктен басталды. Әрі белсенді болып жүріп, әрі көмек қолын созуға деген ынта мен жігердің арқасында осы жолға келіп түскенімізді өзіміз де сезбей қалдық. Бұл, біріншіден, бізге берілген мүмкіндік, волонтер бола жүріп түрлі адамдар мен түрлі оқиғаларға тап боласың. Кейде ерте есеюге, ақыл тоқтатуға әсер ететін оқиғалар болады. Қарт кісілердің "балам" деп арқамыздан қаққанының өзі үлкен алғыспен теңдей сезілетін. Осындай кездерде өзіңнің дұрыс жолда келе жатқаныңды ұғып, бостан бос жүрмегеніңді мақтан етесің", – дейді ерікті.

"Ерікті болу арқылы еркелігімізді тыйдық"

Жанерке волонтерлік жол өмірдің кез келген тосынсыйына дайын болуға үйреткенін қосып өтті.

"Кейде "Волонтерлік сізге нені үйретті?" деген сұрақтар қойылып жатады. Әлбетте, үйреткенінен әлі де үйретері көп деп айтамын. Волонтерлікпен жастайымыздан айналысқаннан кейін бұл саламен біте қайнасып кеттік. Бұрын көңіліміз толмайтын кездер жиі болатын. Кейін оның балалық екенін түсінесің. Волонтерлік жол барлығын ұқтырады. Өзгелерге көмек қолын соза жүріп, өзіміздің еркелігімізді тыйып, қолда барға шүкіршілік етуді үйрендік. Себебі әртүрлі отбасыға көмектесу арқылы біріншіден сауап жинайсың, екіншіден осы күніңе шүкіршілік айтасың", - дейді волонтер.

жанерке бексейтова 2

Жанерке Бексейтова ағымдағы жылдың 22 наурызында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан "Шапағат" медалін алған. Өзі бұл жөнінде ұзақ жылғы еңбектің еленуі екенін айтады.

"Бұл бір өзі ерекше қуанышты күн болды. Маған бір апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласында марапаттау болатыны және сол шараға қатысатыным туралы хабарландыру келді. Алайда мен Нұр-Сұлтан қаласына келгенге дейін бізді кім марапаттайтынын білген жоқпын. Тек шара басталардың алдында ғана президентіміздің қолынан марапат алатынымызды естіп, өте қатты қуандым. Біз ерікті болып жүріп еңбегіміз үшін ақы да, марапат та сұрамадық. Барлығын жүрек қалауымыз үшін жасадық. Ал президенттің қолынан "Шапағат" медалін алу біздің еңбегімізді елеу деп білемін", - деп жалғады ол.

"Көбіне жалғызбасты аналар көмек сұрайды"

Жанерке – қазіргі уақытта Алматы облыстық жастар ресурстық орталығында бөлім басшысы. Сонымен қоса "Мейірімді Жетісу" фронт-офисының жетекшісі қызметін қатар атқарады. 

Волонтер сөз арасында өзіне ерекше әсер еткен оқиғаларымен бөлісті.

"Ерекше оқиғалар өте көп болады. Бізге әртүрлі адамдар хабарласады. Олардың кейбірі шынымен көмекке мұқтаж болса, кей жағдайда мұқтаж емес отбасылар да көмек сұрап келеді. Алаяқтық жағдайлар да орын алып жатады. Бірде маған бір отбасы хабарласты. Әйелдің жағдайы шынымен де нашар болатын. Төрт баласы бар жалғыз басты ананың үйі де құлайын деп тұрған еді. Үй деп отырғанымыз кішкентай ғана лашық. Осындай адамдарды көріп, оқиғаларды көріп үлкен әсер аласың. Кейде елімізде көмекке мұқтаж отбасылардың көптігінен налисың. Барлығына көмек қолыңды созғың келеді. Бірақ оған күшің жетпейді. Ал әйелдің жағдайы қазір шүкір жақсы, біз бұл мәселе туралы айтып, жер-жерге таратқаннан кейін көпшілік болып үй алып бердік", - деп қосты Бексейтова.

Айтуынша, еріктілерге көбінесе жалғызбасты аналар көмек сұрап, хабарласатын көрінеді. Мұндай жағдайда олар жергілікті кәсіпкерлерді тартып, мұқтаж отбасының мәселесін шешуге тырысады.

жанерке бексейтова 3

"Көмекке мұқтаж жалғызбасты аналар көп. Олар азық-түлікпен қамтамасыз етуді сұрайды. Облыс бойынша 100 волонтерлік ұйым мен 8 400 волонтер бар. Біз хабарласып қоңырау шалған отбасының қайда тұратынын алдымен біліп алып, қандай көмекке мұқтаж екенін сұрап сол маңдағы волонтерге деректерін жөнелтеміз. Ал материалдық көмек сұраған отбасыларға көмектесу үшін біз көп жағдайда кәсіпкерлер мен меценаттарды тартамыз. Осы орайда облысымызда қолынан келсе, көмек қолын созуға тырысып қалатын кәсіпкерлер өте көп екенін айта кеткен абзал. Мұндай кәсіпкерлер көмектескенде бір отбасыны ғана емес, бірден жүз отбасыны қамтиды", - дейді Бексейтова.

"Волонтер адамгершілікті аттамау керек"

Жанерке Бексейтова волонтердің бойында болуы қажет басты қасиет туралы тоқталды. Сөзінше, әр адамның мінезі әртүрлі болғанымен еріктілерді жақындастыратын бір қағида болады.

"Волонтерлердің ойы да ниеті де көп жағдайда бір жерде тоғысады. Олардың барлығы мұқтаж адамдарға көмектесуге әрдайым дайын тұратынымен ерекшеленеді. Осы тұрғыда волонтердің бойында болатын адамгершілік қасиетін ерекше атап өтер едім. Волонтер ол – мейірімді, батыл, ақылды, жігерлі, қамқор және өз елінің патриоты", - деп қосты ол.

Жанерке Бексейтова сөзін түйіндей келе нағыз волонтерда болуы қажет адал қасиеттер туралы ашып айтты.

"Ерікті ретінде жұмыс істеуді жоспарлап жүрген азаматтың санасында "өзгелерден не алсам" деген емес, басқаларға қандай көмек көрсете аламын деген ой болуы тиіс. Еріктілік қызмет – уақытыңды тиімді өткізуге, өзгелермен шынайы дос бола білуге, өзгенің игілігі үшін еңбек етуге үйретеді. Елімізде 7 бағыт бойынша волонтерлік қызмет көрсетілетінін айтып өттік. Әрбір ерікті өз мамандығына сай бағытты таңдаса, ертеңгі күні қызмет бабында пайдасы тиетін тәжірибе жинайды. Ал ең бастысы, өзгелерге көмектесу арқылы қаншама адамның ақ батасын алады", – деп сөзін түйіндеді ерікті.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр