Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттік қызметкерлерге толық емес жұмыс күнімен қызмет істеуге рұқсат беріледі: Бұл кімдерге қатысты

Кейбір мемлекеттік қызметшілер үшін толық емес жұмыс күні енгізіледіФото: Ru.freepik.com

Жүкті әйелдерге және науқас отбасы мүшелеріне күтім жасайтын мемлекеттік қызметшілерге толық емес жұмыс күні белгіленеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңа редакцияда жұмыс уақыты режимі нақты реттелген. Күнделікті жұмыс ұзақтығы 8 сағатқа дейін белгіленеді, ал апталық жұмыс уақыты 40 сағаттан аспауға тиіс.

І және ІІ топтағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметкерлер үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді. Сондай-ақ жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біріне, науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын мемлекеттік қызметкерлерге толық емес жұмыс уақыты қарастырылады.

Сонымен қатар қызметкерлер үшін көлденең мансаптық өсу жүйесі енгізіледі. Яғни, қызметкер жоғары лауазымға көтерілмей-ақ, сол бір қызметтің ішінде деңгейі өсіп, жалақысы арта алады.

  • “Б” корпусының бір лауазымы бірнеше деңгейге бөлінеді;
  • Әр деңгейге сәйкес нақты жалақы белгіленеді.

Пилоттық жоба 2 жылға жоспарланған. Ол:

  • Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде,
  • Әділет министрлігінде,
  • Ұлттық экономика министрлігінде,
  • Астана қаласы мен Атырау облысы әкімдіктерінде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ есірткі қолдану және мас күйінде көлік жүргізу мемлекеттік қызметтің беделін түсіру деп танылады.

Жаңа редакцияда мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылықтар, лауазымдық міндеттерді орындауға тікелей байланысты болмаса да, мемлекеттік қызметтің абыройы мен беделін түсіретін әрекеттер заңнамалық түрде айқындалады. Олардың қатарына есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын медициналық емес мақсатта қолдану және алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқару жатады.

Мемлекеттік қызметкерлер:

  • Мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағанда;
  • Қызметтік әдеп нормаларын бұзған жағдайда оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін оқу демалысынан келісімінсіз кері шақыруға болады.

Сонымен қатар есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және осыған ұқсас заттарды заңсыз пайдалануды анықтау және алдын алу үшін мемлекеттік қызметкерлерді медициналық куәландыру талаптары енгізіледі. Мемлекеттік қызметкерлер өздерін құмар ойындарға қатысудан шектеуге міндетті. Уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша төлемдер қылмыстық құқықбұзушылық жасау, сондай-ақ алкоголь немесе есірткі қолдану салдарынан ауруға шалдығу не өндірістік жарақат алу жағдайларында төленбейді.

Мемлекеттік қызметкерлерге “төленбейтін демалыс” енді төленеді. Ол неке қию немесе баланың тууы жағдайында беріледі. Мұндай норма “Мемлекеттік қызмет туралы” заң жобасында қарастырылған.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Талқылау барысында мәжілісмен Олжас Нұралдинов баяндамашыдан неге заң бойынша жалақы сақталмайтын демалыс мемлекеттік қызметшілерге қатысты өзгеше рәсімделетінін сұрады.

“Қазір Еңбек кодексі кез келген азаматқа неке тіркеу, бала туу және басқа да жағдайларда жалақы сақталмайтын бес күндік демалыс алуға мүмкіндік береді. Ал жаңа заң жобасында мемлекеттік қызметшілерге осындай жағдайларда 10 күндік ақылы қысқа мерзімді демалыс қарастырылған. Осыған байланысты сұрақ: мұндай норманың енгізілу себебі неде? Неге оларға демалыс 5 күнге ұзартылып, әрі ол ақылы болып отыр”, – деп сұрады Нұралдинов.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар жоғары екенін айтып, сол себепті оларға қолдау көрсету қажет деп түсіндірді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың жоғары екенін, сондықтан оларды қолдау қажет екенін айтты.

“Білесіздер, қазір мемлекеттік қызмет – ерекше қызмет түрі. Оларға қойылатын талаптар өте жоғары. Сол себепті моральдық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету үшін олардың қызметі “Мемлекеттік қызмет туралы” заңмен реттеледі. Бұл – мемлекеттік қызметкерлерді моральдық және әлеуметтік жағынан қолдауға бағытталған”, – деп жауап берді ол.

Жаңа заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің жалақысы қаншалықты жиі өсетіні, “сауықтыру” төлемдері қалай төленетіні және оған қаржы қайдан алынатыны да көрсетілген. Мысалы, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы олардың атқаратын жұмысына, жүктемесіне және қол жеткізген нәтижелеріне байланысты болады. Жүктеме мен тиімділік неғұрлым жоғары болса, еңбекақы да соғұрлым жоғары болады.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 13:02