Кейбір қазақстандықтардың несие алуы қиындай түспек
Фото: depositphotos.com
Кейбір қазақстандықтар үшін несие алу қиындай түседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерді несие бермес бұрын және несие бергеннен кейін де қарыз алушының дефолтқа ұшырау ықтималдығын тексеруге міндеттейтін қаулы жобасын дайындады.
Жаңа ережелерге сәйкес, келесі белгілердің екеуі немесе одан көбі болған жағдайда қазақстандықтар жоғары тәуекелді клиенттер қатарына жатқызылады:
- несиелік тарихы үш жылдан аз болса;
- соңғы 12 айда 3 АЕК-тен асатын қарыздары бойынша кемінде 30 күндік кешіктірілген төлемдері болса;
- үш немесе одан да көп қаржы ұйымынан алынған несиелері болса;
- несиелері бойынша ай сайынғы төлемдері табысының 45%-нан асса;
- теріс несиелік тарихы болса;
- тұрақты табыс көзі ресми түрде расталмаған болса.
Егер банк мұндай клиентке несие беруді ұйғарса, ол алдын ала берілген несиелерді және жоспарланып отырған жаңа несиені ескере отырып, қайтарылмау тәуекелін бағалауы тиіс.
Егер несие берілгеннен кейін дефолтқа ұшырау ықтималдығы 5 пайыздық пункттен артық өссе және бастапқы тәуекел деңгейі 5%-дан жоғары болса, банк мұндай клиентті тұрақты түрде бақылауға міндетті болады (мысалы, төлем қабілеттілігін, табысын, мерзімі өткен қарыздарын тексеріп отыру арқылы).
Егер клиент жоғары тәуекелді деп танылса, банк қарыз алушының банк алдындағы міндеттемелерін орындауын жеңілдету мақсатында несие шарттарын өзгерту мүмкіндігін алдын ала қарастыруы керек.
Бұдан бөлек, жеке тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында банктер негізгі операциялық қызметінен тәуелсіз арнайы бөлімше құруға міндеттеледі. Бұл бөлімшенің қызметіне клиенттердің шағымдарымен жұмыс сапасын бақылау, омбудсмен шешімдерінің орындалуын қадағалау сияқты міндеттер кіреді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, дүниежүзілік банк пен халықаралық валюта қорының бағалауына сәйкес, 2023 жылы несие алған көптеген қазақстандықтың қарыз жүктемесі жоғары болған.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда енді 21 жасқа толмағандар ресми келісімсіз несие рәсімдей алмайтыны туралы жазған едік.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
