27 жыл сабақ берген: Дауыл кезінде кеудесіне ағаш қадалып көз жұмған әйелдің кім екені белгілі болды
Фото: Әлеуметтік желіден
Павлодар облысында кеудесіне құлаған ағаштың бұтағы кіріп кетіп көз жұмған әйелдің кім екені белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақсу қаласында күшті дауыл кезінде 57 жастағы марқұм Марина Пахомова көлікте келе жатқан. Әйел балабақшалардың бірінде хореограф болып жұмыс істеген.
"Болған жағдай туралы кеше кешкісін білдім, сену қиын. Барлығы оны өте жақсы көретін. Ол мейірімді, жарқын, қамқор жан еді, әрдайым позитивті, әзілдесіп, күлімсіреп жүретін. Өте білімді педагог еді. Мамандығында 27 жыл еңбек өтілі бар, әр балаға жеке тәсіл табатын. Біздің балалар оның билерімен сайыстарда жиі бірінші орындарды иеленетін. Оны балалар да, ата-аналар да сүйетін", – дейді №19 балабақшаның басшысының міндетін атқарушы Айман Шақалақ.
Марина Пахомова балабақшада үлкен топтағы балаларға би үйреткен. Әйелдің үш ересек ұлы бар.
"19 маусымда Марина Валерьевна әдеттегідей сабақ өткізді. Түстен кейін немересін алып, жағажайға баратынын айтты, ал кешке оның қаза тапқаны туралы естідік" – дейді Айман Шақалақ.
Куәгерлердің сөзінше, қайғылы оқиға қаза тапқан әйел тұратын үйдің ауласында болған.
"Мен күйеуіммен бірге "Көмектесіңдер, өліп барады!" деген дауысты естіп жүгіріп шықтық. Ер адамның сонша қатты жылап, айқайлап жатқанын ешқашан көрмегенмін. Жедел жәрдем мен құтқарушылар дереу келді. Әйелдің қаза тапқаны анық көрініп тұрды, бірақ ер адам оған көмектесуді сұрап жалынды", — дейді оқиға куәгері.
Таксопарк қызметкерлерінің айтуынша, 30 жастағы такси жүргізушісі қатты шок алған.
"Біздің жүргізуші тапсырысты аяқтап жатқан, машина жолаушының үйіне жақындап келе жатқанда, ұшып келген ағаш сынығы терезені шағып түсіріп, әйелге қадалған. Бұл өте қайғылы оқиға. Біздің тарапымыздан ешқандай бұзушылық болған жоқ. Бұл сақтандыру жағдайы, бірақ біз сақтандыру төлемін күтпей-ақ, отбасыға көмектесуге тырысамыз", – дейді Ақсу таксопарк қызметкерлері.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда қатты желден құлаған ағаш бұтасы такси жолаушысының кеудесіне қадалып қалғаны туралы жазған едік.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
