Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Керемет көңіл-күй мен таптырмас мүмкіндік: Алматыда 100-ден аса баланың қатысуымен футбол фестивалі өтті

Алматы қаласында 17 наурызда Қазақстан футбол федерациясының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер арасындағы футбол фестивалі өтті. Аталмыш шараға “Қайрат” футбол академиясының тәрбиеленушілері мен 100-ден аса бала қатысты. 

фестиваль

Сурет: Алихан Қайролла

Футбол фестивалі УЕФА-ның футбол және әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы аясында елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Іс-шара қаладағы “Қайрат” футбол клубы академиясының базасында өтті. Сонымен қатар Алматы қаласы мен облыстан 3 балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. 

Мұндай фестиваль Қазақстанда бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Шара бұған дейін Қостанай, Павлодар мен Тараз қалаларында өткізілді.

“Фестиваль “Балалар үйі арасындағы футбол фестивалі” деп аталады. Айтулы шараны Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырды. Биыл УЕФА-ның “Футбол және әлеуметтік жауапкершілік” бағдарламасы алғаш рет балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін өткізілуде. Жоспар бойынша шара еліміздің әр аймағында өтуі қажет. Бұған дейін үш қалада болған. Алдағы уақытта Петропавл қаласына жол тартады. Фестивальдің басты мақсаты – балаларға өздерін нағыз футболшы ретінде сезініп көруге мүмкіндік беру. Сонымен қатар кәсіпқой футболшылардың қалай жаттығатынын көріп, өздері де клуб футболшыларымен ойын өткізеді”, – деді ұйымдастырушылардың бірі Наталья Горенко. 

фестиваль

Сурет: Алихан Қайролла

“Қайрат” ФК академиясының базасында алаң үлкен 6 бөлікке бөлінген. Фестиваль аясында балалар үйінің тәрбиеленушілері қыздар футбол командасының ойыншылары және жаттықтырушылармен түрлі жаттығу жасап, қызықты эстафеталардан өтті. Сондай-ақ кәсіпқой спортшылардан кеңес алып, футбол ойынының қыр-сырымен танысты. 

Балалар үйінің өкілдері бүлдіршіндер үшін спорттық ойындардың маңызы зор екенін қосып өтті. Әрі тәрбиеленушілер арасында да арнайы команда құрылған екен.

“Балалар үшін футбол өте маңызды спорт. Себебі бүлдіршіндер мен жасөспірімдер әртүрлі жағдайдан кейін біздің орталығымызға тап болады. Өмірдегі қиындықтарды көріп өседі. Ал спорт олардың өмірін басқа арнаға бұрады. Оның үстіне біздің өзіміздің футбол командамыз бар. Күн тәртібіне сәйкес ұлдар алаңда ойын өткізеді. Мұндай шаралардың жиі өткізілгенін қолдаймын, өйткені балаларға сыртқа шығу өте маңызды. Мәселен, бүгін “Қайрат” футбол клубының академиясына келдік. Талантты, қабілетті балаларды жаттықтырушылар да байқайды деп үміттенеміз. Себебі бұл салада үлкен жетістікке жете алатын жастарымыз өте көп”, – деді “Ковчег” балалар үйінің координаторы Зарина Нарбаева. 

Балаларға арналған футбол фестивалін өткізу үшін Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдігі қолдау көрсеткен. Сондай-ақ “Ковчег” балалар үйі, Алматы қалалық білім басқармасының "Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы" және Алматы облыстық "№1 Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау облыстық орталығының” 100-ден аса тәрбиеленушісі қатысты.

фестиваль

Сурет: Алихан Қайролла

“Балалар үшін осындай шағын мерекенің болғаны өте жақсы. Біздің мақсатымыз – патриот балаларды тәрбиелеп, салауатты өмір салтын ұстануға бейімдеу. Қазір топқа бөлініп, жаттығу жасап жатыр. Арасында қыздар да, кішкентай бүлдіршіндер де бар. Болашақта мұндай шаралардың көбейгенін қалаймыз”, – деді "Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының” өкілі Ерік Тоқтамысұлы. 

Фестивальге қатысқан балалар да пікір білдіріп, шараға қатысты өз ойларын жеткізді. 

“Маған футбол ойнаған ұнайды. Болашақта кәсіпқой футболшы атанып, еліміздегі танымал командалардың қатарында ойнасам деймін. Бүгінгі шараны ұйымдастырып, бізді қуантқаны үшін көп рахмет. Өйткені нағыз футболшылардың қалай жаттығатынын көрдім. Өзіміз де осындай жаттығуларды орындадық”, – “Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының” тәрбиеленушісі Нұрлан Сапарбаев. 

Футбол фестивалі бірнеше сағатқа созылды. Ал шара соңында балаларға түрлі сыйлықтар табысталды. Ал келесі фестиваль 31 наурызда Петропавл қаласында өтеді деп жоспарланған. 

Назархан Уән
Сенбі, 18 Наурыз, 2023 14:06
Талқылау