"Керемет әзілдер мен таңғажайып әсер": Теміртауда "Жайдарман" ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылды
Теміртауда биыл үшінші рет республикалық "Nomad" лигасының турнирі өткізіліп, әзілкештер тартысқа түсті. 7 қазан күні мәдениет сарайында өткен "Жайдарман" ойынында өнерпаздар көрермендерді күлкіге батырды. Кеште қазылар алқасының құрамына қазақ тілін жетік меңгерген "АрселорМиттал Қазақстан" компаниясының HR директоры Елена Винокурова болды.
Әзілдерімен көрермендерге ерекше әсер сыйлаған әзілкештер сахнада бар өнерлерін салды. Керемет стенд-ап пен әрбір атерлік қойылым кешті одан сайын қыздыра түсті.
Кеште Теміртау қаласының атынан өнер көрсеткен "Ғарыш" командасы ерекше ықыласқа бөленді. Олар биыл “Nomad” турнирінде металлургтер қаласынан өнер көрсеткен жалғыз команда.
“Қазір Қарағанды облысында "Nomad" республикалық орталық лигасындағы турнирдің жартылай финалдық ойындары өтуде. Лиганың басты мақсаты – барлық командаларды көрермендерге таныстыру. Бүгін он топ үшінші кезеңде сәлемдесу ойынын ойнайды. Бар болғаны бес минуттың ішінде сахнаға шыққан өнерпаздар өз мүмкіндіктерін көрсетуі шарт. Осылайша,10 команданың ішінен суырылып шыққан 5 мықты команда Жезқазған қаласында өтетін финалға жолдама алады", – деді "Ғарыш" командасының ойыншысы Ержан Алдамұратов.
Әртістер мен көрермендер арасындағы байланыс ойынның сәнін келтірді. Көрермендер қойылымдарды көріп қана емес, сонымен қатар әзіл-оспақ фестивалінің белсенді қатысушылары болды. Сахна мен аудиторияның қарым-қатынасы керемет энергия сыйлады.
“Бұл лигада Қарағанды және Ұлытау облыстарының барлық үздік командалары бақ сынауда. Турнир көктемде басталып, жазда ойындар өтті. Қазір жартылай финалдық кездесулер жүріп жатыр. Енді финалистер анықталады. Барлық командалар жақсы дайындалған. Теміртаудың бізді өте жылы қарсы алғанына қуаныштымыз", – деді Қарағанды облысы бойынша Жайдарман ойындарының жетекшісі Ернат Әбутаев.
Жас және талантты әзілкештердің күлкілі миниатюралары мен атмосферасы бұл кешті ұмытылмастай етті.
Әзіл ойынының тұрақты келушілері мен жанкүйерлері арасында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жетекшілері де бар. Қазылар алқасының құрметті мүшесі қазақ тілін жетік меңгерген "АрселорМиттал Қазақстан" компаниясының HR директоры Елена Винокурова болды.
“Бүгінгі ойын керемет өтті, қатысушылардың барлығы жас, ынталы, тамаша жігіттер. Әзілдердің өзекті және заманауи екенін атап өткім келеді. Осындай жастардың өсіп жатқаны қуантады! Бүгін қазылар алқасының қатарында болдым. Бұл мен үшін өте қызық болды. Керемет әсер алдым, таңғажайып эмоциялар мен ғажайып атмосфера болды! Рахат үшін көп рахмет!” – деді Елена Винокурова.