Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кентау экологиялық апат аймағы деп танылып, тұрғындардың жалақысына 20% үстемақы қосылады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау экологиялық апат аймағы деп танылатынын, қала тұрғындарының жалақысына 20% үстемақы қосылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.kz

Өңір әкімі Кентауды экологиялық апат аймағына жатқызу мәселесі 2000 жылдан бері талқыланып келе жатқанын айтады. Қазір Арал маңындағы дағдарыс алдындағы аймақта (экологиялық апат аймағында) Шардара, Сауран, Арыс аудандары мен Түркістан бар.

"Мынадай жағдай қалыптасып отыр. Сауран ауданы Кентау қаласымен шектеседі. Кентау қаласындағы көшенің оң жағы экологиялық аймақта тұрса, екінші жағы бұл аймаққа жатқызылмаған. Міне, сол оң аймақтың халқы қаланы Арал маңындағы экологиялық дағдарыс жағдайында тұрған өңір ретіндеу тану мәселесін көтеріп келеді", – деді әкім.

Әкімнің айтуынша, Кентауды экологиялық апат аймағы деп тану қала тұрғындарына жалақыға қосымша 20% үстемақы қосады.

2000 жылдан бастап ДСМ және экология министрлігі тиісті зерттеулер жүргізді. Соның нәтижесінде Аралдың Кентау қаласының тұрғындарына тиісті әсері бар екенін мойындады. Сондықтан, әкімнің айтуынша, Кентау қаласын экологиялық апат аймағына жатқызуға болады деген шешім қабылданған.

"Екі министрлік Кентау қаласын Арал маңындағы экологиялық дағдарыс жағдайында тұрған аймақ қатарына қосуға болатыны жөнінде шешім шығарды. Бұл орайда бюджеттен қосымша 6 млрд теңге көлемінде қаражат қажет болады. Өйткені экологиялық дағдарыс жағдайындағы аймақ тұрғындарының жалақысына қосымша 20 пайыздық үстеме қосылады. Қазіргі таңда бұл қаражаттың қандай көздерден алынатынын зерделеп жатырмыз. Жалпы шешім қабылданып қойды. Қаражат республикалық бюджеттен немесе жергілікті бюджеттен алынуы мүмкін", – деді әкім.

Бұған дейін Сенат депутаты Мұрат Қадырбек Кентау тұрғындары 2016 жылдан бастап Арал өңіріндегі қала мен оның айналасындағы елдімекендердің төтенше экологиялық жағдай аймағы ретінде тануды сұрайтынын айтқан болатын.

Кентау, Риддер және Қызылорда жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге бөлінген.

Талқылау