Кеншілер өлімі, блогерлер тізімі және оқушылардың өз қатарласын соққыға жығуы: Ақпан айы несімен есте қалды
Осы айда "Қазақмыстың" Жомарт кенішінде апат болып, 7 кенші үйінді астында қалып, қаза тапты. Барлық жеті кеншінің денесі табылып, жер бетіне шығарылды. Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Сонымен қатар осы айда қазақстандықтар жазушы Дулат Исабековты ақтық сапарға шығарып салды. Осы және өзге де маңызды оқиғалар Stan.kz ақпарат агенттігінің мақаласында.
Коллаж: Stan.kz
Жомарт кенішіндегі апат
17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС-нің Жомарт кенішінде тау жынысы опырылды. Оқиға салдарынан жеті жұмысшы үйінді астында қалды. Кейін іздестіру-құтқару жұмысы барысында "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-ға тиесілі кеніштен жеті қызметкердің денесі табылды. Мерт болған жеті жұмысшының денесі жоғарыға көтеріліп, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Қайтыс болған кеншілердің ең кішісі 26 жаста болған еді:
- Қайрат Аманбекұлы Ақшалов, 1975 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисі;
- Ардақ Боранбайұлы Жақұбаев, 1998 жылы туған, жер асты учаскесінің тау-кен шебері;
- Бақытбек Нышанұлы Жұмаділлаев, 1975 жылы туған, жер асты кен жұмысшысы;
- Орынбек Әмірханұлы Кенжебеков, 1991 жылы туған, тиеу-тасымалдау машинасының машинисі;
- Ғалымжан Есенбекұлы Молдабеков, 1978 жылы туған, шпур бұрғылаушының көмекшісі;
- Олжас Жағалбайұлы Нұрұлдаев, 1979 жылы туған, жер асты учаскесінің энергетигі;
- Константин Владимирович Рожков, 1992 жылы туған, жер асты тау-кен қазу жабдықтарының электрослесарь-монтаждаушысы.
Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Кейіннен Ұлытау облысындағы "Қазақмыс" корпорациясына тиесілі "Жомарт" шахтасындағы жарылысқа байланысты тергеу мәліметтері пайда болды. Кеніштегі жұмыс қазір тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды.
Видеодан скриншот
“Алғашқы нұсқада қайғылы оқиғаға тау жынысының опырылуы себеп болғаны айтылды. Алайда апаттан құтқару тобы опырылудың болмағанын анықтады. Табиғи газдың жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр. Компания үкіметтік комиссиямен және тергеу органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарына түзету енгізуді жоспарлап отыр”, – делінген компания хабарламасында.
Ал 28 ақпанда Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев "Еңбек адамы – ел экономикасының өсуі мен ел әл-ауқатының негізі" тақырыбындағы парламенттік тыңдауда Ұлытау облысы, Жомарт кенішіндегі төтенше жағдайды тергеудің аяқталғанын мәлімдеді. Ол 17 ақпанда Жомарт кенішінде табиғи газ жарылысы болғанын еске салды.
"Қазір шахтаның жұмысы тоқтатылды, тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Комиссия жұмысын аяқтады, түстен кейін үкіметке есеп береді", – деді Кеген Тұрсынбаев.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Ұлытау облысындағы "Қазақмыс" МК кенішіндегі ТЖ салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасыларына бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Осылайша, асырауындағы бір адам үшін бюджеттен төленетін жәрдемақы мөлшері 42 530 теңге, ал МӘСҚ-тан төленетін төлемдер 141 523 теңге, асырауында бес адам болса, жәрдемақы мөлшері 127 127 теңге және МӘСҚ-тан төленетін төлемдер 335 017 теңге болады.
Әлеуметтік төлемдер марқұмның балалары кәмелет жасына толғанға дейін немесе жоғары оқу орындарын бітіргенше беріледі. Сонымен қатар отбасылар БЖЗҚ-дан 369 мың теңге көлемінде бір реттік төлем алады.
“Қазақмыс” компаниясы келісімге сәйкес отбасыларға да көмек көрсетеді:
- жерлеуді ұйымдастыруға 550 АЕК мөлшерінде төлемдер (2,1 млн. теңге);
- қайтыс болған адамның отбасына жылдық орташа жалақының 10 еселенген мөлшерінде төлем. Орташа алғанда 84-тен 124 млн теңгеге дейін;
- асыраушысынан айырылған жағдайда ай сайынғы жәрдемақы;
- балалардың оқуына ақы төлеу;
- қайтыс болған жұмысшылардың несиелері мен қарыздарын өтеу.
Ұлытау облысының әкімдігі де зардап шеккен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетеміз деп хабарлады. Жергілікті билік психологиялық және әлеуметтік көмек ұйымдастырып, марқұмдардың жақындарына қажет моральдық қолдау көрсетуді қарастырады.
Желіде салықтан жалтарған отандық блогерлер мен шоу-бизнес өкілдерінің тізімі пайда болды
14 ақпаннан бастап қазақстандық блогерлер мен инфлюенсерлер 2022-2023 жылдарға салық төлемегені туралы салық органдарынан хабарламалар ала бастады. Инфлюенсер Әлішер Елікбаевтың айтуынша, "бірінші толқынға" шамамен 8 мың адам іліккен. Ал хаттарда көрсетілген сома бірнеше миллионнан миллиард теңгеге дейін жетеді. Дегенмен көпшілік бұл есептеулерде қате бар деп санады. Кейбір блогерлердің пікірінше, салық органдары банктік шоттардағы барлық айналымды кіріс ретінде есептеп, қаражаттың қайдан түскенін және шығындарды ескермеген. Тізімде салықтарын уақытында төлейтін және жарнамаларын белгілеуді ұмытпайтын адамдар да болған. Бірақ бұл оларды салық органдарының назарынан құтқармаған.
Бұл жаңалық қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осы ретте Мемлекеттік кірістер комитеті еліміздегі барлық азамат салық төлеуге міндетті екенін және блогерлерге арнайы қысым жасалып жатпағанын түсіндірді. Оларға жалпы құны 53 миллиард теңгені төлеуге бір ай уақыт берілгенін мәлімдеді. Кейіннен Мемлекеттік кірістер комитеті қате жібергендерін мойындап, қазақстандық блогерлердің салығы қайта есептелді.
19 ақпанда Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті 93 блогерге жіберілген 169 хабарламаны кері қайтарып алды. Бұл хабарламалардың жалпы сомасы 9,8 миллиард теңге болған. Ведомствоның мәлімдеуінше, хабарламаларды қайтаруға себеп – құжаттарды жіберу және өңдеу барысында болған техникалық ақаулар. Бұған дейін 594 блогерге 1014 хабарлама жіберіліп, салық сомасы 53,3 миллиард теңгеге жеткен.
"Хабарламаларды қайтару себебі – оларды жіберу және өңдеу барысында техникалық ақаулардың туындауы. Қазір қателерді түзету бойынша жұмыстар жүргізіліп, қайтарылған хабарламалар қайта жіберілді", – делінген мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Коллаж: Stan.kz
Айта кетейік, бұған дейін комитет 594 адамның табыс көлемін дұрыс көрсетпегенін анықтап, оларға 53,3 миллиард теңге сомасында салықтық міндеттемелер туралы хабарлама жіберді. Блогерлерге салықты төлеу немесе түсіндірме беру үшін 30 күн уақыт берілді.
Жазушы Дулат Исабеков өмірден озды
Қазақтың белгілі жазушысы, драматург, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков 82 жасында өмірден өтті.
Бұған дейін жазушының денсаулығы сыр беріп, ауыр халде жатқаны туралы мәлімет тараған.
Фото: Facebook/Қасымхан Бегманов
Дулат Исабеков 1966 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. 1967-1968 жылдары Қазақстан телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор болды. "Жұлдыз" журналында бөлім меңгерушісі, "Жалын" баспасында редакция меңгерушісі болды. Кейінгі жылдары "Жазушы" баспасының директоры болған. Алғашқы әңгімесі "Жолда" "Замандастар" атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін "Бекет" (1966 жылы), "Ащы бал" (1969 жылы), "Мазасыз күндер", (1970 жылы), "Қара шаңырақ" (1973 жылы), "Тіршілік" (1975 жылы) повестер мен әңгімелер жинақтары, "Қарғын" (1980 жылы) романы басылды. Таңдамалы повестері "Екі жиырма" (1983 жылы) деген атпен жарық көрді.
Қытайдың Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындары өтті
7-14 ақпан арасында Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында біздің спортшылар 20 медаль жеңіп алды. Бұл дүбірлі додада Қазақстан спортшылары төрт алтынды олжалады. Алғашқы алтынды шорт-тректен ерлер құрамасы алып берді. 5000 метрге эстафетада жігіттер соңғы сәтте жеңісті жұлып алып, тарихта маңызды орын қалдырды. Бұл жарыста Қазақстан құрамасынан Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Нәсен, Абзал Әжіғалиев, және Глеб Ивченко өз шеберліктерін көрсетті.
Келесі алтынды қанжығамызға фристайл-акробатикадан ерлер құрамасы салды. Синхронды секіру бойынша жарысқа қатысқан Роман Иванов пен Шерзод Хаширбаев қарсылас шақ келтірмеді. Жұптық сында өте жоғары өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Үшінші алтынды биатлоншы Владислав Киреев иеленді. 10 шақырымдық спринт сайысында чемпиондыққа қос қазақстандық спортшы таласқан еді. Соңғы сәтте Вадим Куралес Владиславқа жете алмады. Осылайша, бұл сайыста Қазақстанға биатлоншылар қос медаль алып келді.
Жарыстың соңғы күнінде шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы тағы бір алтынды жеңді. Бұл Азия ойындарында қарсылас шақ келтірмеген жігіттер жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Финалда Жапонияны 5:0 есебімен ұтқан Қазақстан құрамасы бесінші рет Азия чемпиондары атанды.
Харбиндегі бір аптада қоржынға 9 күміс түсті. Куралестің күмісінен бөлек, Евгений Кошкин 100 метрге конькимен жүгіру сайысында екінші орын алды. Сондай-ақ шаңғы жарысынан Константин Борцовта дәл осы межені бағындырды. Ал командалық сайыстар бойынша фристайл-акробатикадан аралас құрама, шаңғы жарысынан әйелдер құрамасы, биатлоннан ерлер командасы және Шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы күміспен күптелді.
Фото: Olympic.kz/Сали Сабиров, Тұрар Қазанғапов, Нұрғали Жұмағазы
Отандық спортшылар қола жүлдені 7 сайыстан иеленді. Олжас Климин мен ерлер құрамасы шаңғы жарысынан қос қола медаль жеңді. Фристайл-акробатикадан да қос медаль бұйырды. Аяна Жолдас жекелей сында үшінші орын алса, әйелдер құрамасымен бірге тағы да қолаға қол созды. Конькимен жүгіруден аралас құрама да мәреге үшінші болып келді. Сонымен қатар биатлоннан да ерлер құрамасы үздік үштіктен көрінді. Еліміз үшін соңғы қола жүлдені мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Қытайдың Харбин қаласында өткен 2025 жылғы қысқы Азия ойындарында 4 алтын, 9 күміс, 7 қола еншілеп, жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады. Өз елінде өткен бәсекеде Аспанасты елі үздік болды. 32 алтын, 27 күміс, 26 қоланы жеңіп, жалпы есепте 85 жүлдемен көш бастады.
Астанада жасөспірім 5 жасар баланың бетін пышақпен тілгілеп тастады
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің лифтінде жасөспірім 5 жасар балаға тиісіп, қолындағы пышақпен бетін тілгілеп, қашып кеткен. Жағдай бақылау камерасына түсіп қалған. Жантүршігерлік оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде 11 ақпанда тарай бастады.
Зардап шеккен баланың анасы бірден көмек сұрап дәрігер болып жұмыс істейтін көршісіне жүгінген. Көршісі – Астанадағы №1 қалалық аурухананың дәрігері, 13 жылдық тәжірибесі бар хирург-эндоскопист Жандос Ахнаев болып шықты. Дәрігер бұл қайғылы оқиға туралы жұбайынан білді. 5 жасар Жандостың анасы көмекке шақырған кезде екеуі де үйде болған.
Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, балаға ота жасалған, қазір өміріне қауіп жоқ. Сондай-ақ басқарма зардап шеккен балаға барлық қажет медициналық көмек пен мамандардың кеңесі толық көлемде көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Оқиға бойынша тергеу барысында психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Баланың заңды өкілдері полицияға шақырылып, тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңмен жауапқа тартылатыны айтылды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кейін пышақтаған жасөспірімнің анасына 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды. Әйел Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтарын немесе мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау) сәйкес жауапқа тартылды.
Жасөспірімді медицина қызметкері ұрғаны белгілі болды
Кейіннен пышақтаған жасөспірімнің анасы оның стационарда жатқанын айтты. Жағдайы тұрақты деді. Жасөспірімнің анасы ұлын медицина қызметкерінің ұрып-соғыуына қатысты мәлімдеме жасады. Әйелдің сөзінше полиция тиісті шараларды уақытылы қабылдамаған. Жасөспірімге медициналық сараптама тек төрт күн өткен соң ғана жасалған.
“Жексенбі күні баламды көруге келген кезде ол медицина қызметкері өзін соққыға жыққанын айтып шағымданды. Басынан және кітаппен қолынан ұрған. Ана ретінде мен баламның айтқанына бейжай қарай алмадым. Қолы ісіңкіреп тұрды. Ол қабақ жағы ауырып тұрғанын, саусағы сынғанын айтты. Балам жылап, шағымданды. Дұрыс сөйлесіп те үлгерген жоқпыз. Өйткені кездесуге 15 минут қана рұқсат етіледі”, – деді ол.
Сонымен қатар жасөспірімнің анасы зардап шеккен тараптан кешірім сұрайтынын, болған оқиға үшін өкінетінін айтты.
"Зардап шеккен тараппен байланысуға тырыстым. Ол кезде олар ауруханада еді, сөйлесе алмадым. Баламның әрекеті үшін кешірім сұрағым келеді. Барлығымыз адамбыз, бұлай болғанына өкінемін. Мен ешкімді сөкпеймін. Түсінетін адам түсінеді. Адам басына түспеген соң түсінбейді деп ойлаймын”, – деді ол.
Видеодан скриншот
Бірақ Астана психикалық денсаулық орталығы оқиғаға түсініктеме бергенде жағдайды растамады. "Терісі таза, терінің тұтастығы бұзылмаған, науқас көрсеткен жерлерде гематомалар мен ісінулер анықталған жоқ", – деп хабарлады орталық.
Семейде бір топ оқушы қатарластарын аяусыз ұрып-соқты
Әлеуметтік желіде Семейде мектеп оқушыларының өз қатарластарын ұрып-соғып, мүшеқап үрлеткен видеосы тарады. Куәгерлердің айтуынша, бұл оқиға Семей қаласындағы 343-ықшам ауданында болған. Жылап тұрған баланы мазақтап, оған зорлық көрсеткен жасөспірімдердің әрекетіне желі қолданушылары, ата-аналар ашуланды.
Оқиға орнынан бірнеше видео үзінді жарияланды. Кадрларда жасөспірімдердің қар үстінде оқушыны ұрып-соғып, оны видеоға түсіріп жатқаны көрінеді. Видеоларда балағат сөздер де айтылған. Ұлдар ғана емес, қыздардың да бұл оқиғаға қатысы бары байқалады. Абай облыстық полиция департаменті видеодағы оқиғаның Семейде болғанын растады. Кейін бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Видеодан скриншот
“Қақтығысқа қатысушылар анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Жасөспірімдер полиция бөлімінің есебіне қойылады. Олардың тәртібін кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия қарайды. Тергеу барысы Абай облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Ата-аналар балаларының тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады”, – деп мәлімдеді Абай облыстық ПД.
Кейін жасөспірімдерге қатысты комиссия шешім шығарып, қатысушылардың барлығын оқшаулау және психологтармен жұмыс істеу үшін девиантты мінез-құлықтары бар балаларға арналған арнайы мектепке жіберу туралы шешім қабылданды. Абай облыстық полиция департаменті жасөспірімдердің әрекетіне қатысты тергеу басталғанын атап өтті.
"Комиссия үш ата-анаға қатысты ата-ана құқығынан айыру туралы ұсыныс жасады, сондай-ақ бір қамқоршыға қатысты екі баланы қамқорлықтан айыруды ұсынды. Барлық материал сотқа жіберілді, сотта соңғы шешім қабылданады. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот жасөспірімдердің арнайы мекемеде болу мерзімін анықтап, ата-ана құқығынан айыру туралы соңғы шешім шығарады", – делінген полиция хабарламасында.
Осы оқиғадан соң №9 мектеп директоры қызметінен босатылды. Ал жәбір көрген балаға қазақстандықтар 24 миллион теңге жинап берді. Бұл туралы Абай облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Эльзира Солтабаева мәлімдеді. Уәкілдің айтуынша, бала толық медициналық тексеруден өткен, оған қажет психологиялық, сондай-ақ заңдық көмек берілген.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу аяқталды: Іс прокуратураға жіберілді
“Былтыр 4 қазанға қараған түні болған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Тараптар қылмыстық істің материалдарымен танысты. Іс сотқа жолдану үшін прокуратураға жіберілді”, – деп мәлімдеді Алматы облысының полициясы.
Тергеу аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Барлық күдіктінің жауаптары тексерілді. Процеске қатысушылар беттесіп, қылмыстың мән-жайын анықтауға бағытталған басқа да тергеу әрекеттері жүргізілді.
8 бейнематериал зерттеліп, қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға берілді.
Видеодан скриншот
“Қылмыстық істің көлемі жиналған дәлелдемелерді, сараптамалық қорытындыларды, жауап алу хаттамаларын және барлық мән-жайды анықтауға бағытталған маңызы бар басқа да материалдарды қосқанда 62 том болды. Әрбір тергеу әрекеті қылмыстық заңнама талаптарын сақтай отырып жүргізілді. Тергеудің барлық кезеңінде заңдылық, ашықтық пен объективтілік сақталды”, – делінген хабарламада.
Прокуратура тергеу барысын және процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарының сақталуын өз бақылауына алды.
Перизат Қайрат мүгедектігі бар балалар орталығына жиналған қаражатты жымқырды деп күдіктелді және “Біз біргеміз” қоры мәжбүрлі түрде жабылмақ
Қаржы мониторингі агенттігі “Biz Birgemiz” қорының басшысы Перизат Қайраттың ісіне қатысты тың деректерді бөлісті. Оған ақша жинау алаяқтығы бойынша сотқа дейінгі жаңа тергеу тіркелген. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2025 жылдың 23 қаңтарында Перизат Қайратқа қатысты мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинау алаяқтығы бойынша сотқа дейінгі жаңадан тергеу тіркелді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, Перизат Қайрат 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысында "Батыр" қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған. Жұрттың сеніміне кіру үшін оңалту орталығына мүгедектігі бар балалар мен олардың ата-анасын іс-шараға тартқан. Ол таратқан жалған деректерге сәйкес 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңгеге ғимарат сыйға тартылған. Алайда аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен. Ол осы ақшаны өзінің қажетіне жаратқан.
Фото: Instagram/01pk
Сонымен қатар Перизат Қайрат "Батыр" қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 миллион теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген. Дегенмен жер телімін 2019 жылы бірлестік өзі сатып алған. Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр. Орталықтың қажетіне берілді деген ғимарат мүлде жоқ болып шықты. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Перизат Қайрат басқаратын "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігі таратылмақ. Мұны әділет министрлігі мәлімдеді. Biz Birgemiz Qazaqstan 2021 жылдың қазан айында тіркелген. Ақпанның 14-і күні қорды мәжбүрлеп тарату туралы сотқа талап-арыз берілді.
"2025 жылдың 14 ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жоғарыда аталған бірлестікті мемлекеттік тіркеуді жарамсыз деп тану және мәжбүрлеп тарату туралы талап-арыз берілді", – деп хабарлады әділет министрлігі.
Алматыда 70-ке жуық адам Умраға аттана алмай қалды
Алматыда 70-ке жуық адам Умраға аттану үшін Qazaq Umma компаниясынан жолдама сатып алғанымен, сапарға шыға алмады. Туристер қасиетті Мекке мен Мединаға 19 ақпанда ұшуы керек еді. Бірақ рейске санаулы сағат қалғанда компанияның ұйымдастыру мәселелеріне байланысты ешқандай билет пен қонақүй брондалмағаны белгілі болды.
Жолдама алған азаматтар шамамен 650 мың теңгеден төлеген. Бұл қаражатқа төрт жұлдызды қонақүйде тұру қарастырылған еді. Алайда Qazaq Umma компаниясы қаржылық қиындыққа тап болып, қажылардың ақшасын басқа сапарларға жұмсағанын мойындады. Қаңтар айында да бірнеше адам осындай жағдайға тап болып, ақшасын әлі күнге дейін қайтара алмаған. Туристердің айтуынша, компания өкілдері "ертең-ертең" деп, төлемді кейінге қалдырып келген.
Видеодан скриншот
Компания директоры Әділбек Тұрғымбаев өздеріне 40 миллион теңге қарыз жиналып қалғанын айтып, қазір өзге турфирмалармен келіссөз жүргізіп, туристерді қарызға жіберуге тырысып жатқанын мәлімдеді. Егер бұл мүмкін болмаса, үш-төрт апта ішінде қаражатты қайтаруға уәде берді. Ол үшін жеке мүлкін сатылымға шығарғанын да айтты. Алайда алданған азаматтар полицияға шағым түсіріп, ақшаларын сот арқылы қайтарып алмақ.