Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кеннеди мен Черчилль Алматының апортына қалай құмартты?

Америкалық сенатор Эдуард Кеннеди мен ағылшын премьер-министрі Уинстон Черчилль кезінде Алматының апорт алмасына қатты қызығыпты. Осылайша, дәмі тіл үйіретін ұлттық бренд әккі саясаткерлердің де көзіне түсіпті.

431

Бұл туралы “Алматы ақшамы” басылымы хабарлайды.

1978 жылдың 6-13 қыркүйегінде Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық конференциясы өткені белгілі. Айтулы алқалы жиынға басқа атақты дәрігерлермен бірге құрметті қонақ ретінде әйгілі Джон мен Роберт Кеннедилердің інісі, америкалық танымал сенатор Эдуард Кеннеди де келген болатын. Мұхит асып келген мәртебелі мейманды Алматы маңындағы Социалистік Еңбек Ері Қапиза Әбдіғұлов басқаратын Мичурин атындағы колхозға апарып қонақ етіп, алдына басқа дәм-тұз, тағамдарға қоса апортты қойғанда, бұрын-соңды көрмеген алқызыл алманы көріп, тамсанып, қайта-қайта танауына апарып иіскей беріпті. Кетерінде: «осы алмадан маған үш-төртеуін берсеңіздер?» деген өтініш айтыпты.

Бір қызығы, сол тұста осы кәдімгі алтын тәжді «Қазақстан» қонақ үйінің жаңадан пайдаланылуға берілген кезі-тін. Соны мақтаныш көріп, «Қалай біздің қонақ үйіміз сізге ұнады ма?» деп сұраған журналистерге Э. Кеннеди: «Америкада менің мұндай үш қонақ үйім бар. Дегенмен, маған сіздердің қонақ үйден гөрі ғажайып апорт алмаларыңыз ұнады» деп жауап беріпті.

1134_519400708_big

Бұдан өзге Алматының апортына қатысты кейде қызықты тарихи фактілер де айтылып жатады. Қаншалықты рас екенін қайдам, әйгілі 1943 жылдың 28 қараша – 1 желтоқсан аралығында болған Тегеран конференциясы табысты аяқталғаннан кейін Сталин Англия мен АҚШ басшыларының құрметіне Ирандағы кеңес елшілігінде қабылдау жасаған көрінеді. Қабылдауда дастархан мәзіріне басқа жеміс-жидекпен қатар Алматының апорты да қойылыпты. Әрбір ерекше нәрсені қалт жібермейтін әккі саясаткер әрі аңғарымпаз ағылшын премьер-министрі Уинстон Черчилль (әңгіме болсын деді ме екен) апортты қолына ұстап тұрып, «хош иісті, мынадай экзотикалық алма қайдан келген?» деп сұрапты дейді. Оған Сталин маңғаздана сөйлеп: «Бұл алма біздегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы Алматыда өседі. Социализм алмасының осындай ерекшелігі болады. Сенбесеңіздер, қараңыздар!» деп апортты көлденеңінен кесіп көрсеткенде ортасынан бес жұлдыздың сұлбасы шығыпты.

Сонан соң Сталин үстел басында отырған Черчилль мен Рузвельтке қарата сөйлеп: «Мырзалар! Өздеріңіз жақсы білесіздер, бес жұлдыз – Кеңес одағының символы. Сондықтан да бес жұлдыз белгі біздің Елтаңбамызда және Туымызда, ерлікке берілетін орден-медальдарымызда, тіпті, ақшамызда да бар» депті.

Сөйтіп, Сталин Черчилльді сөзден ұтып, Рузвельттің назарын аударыпты деседі. Осылайша Алматының апорты үш ұлы держава басшыларының жарасымды әңгімесіне себепші болыпты.

Талқылау