"Кеңес үкіметі кезінде егіншілердің жатақханасы болған": Түркістан облысында мектеп ғимараты қираудың алдында тұр
Түркістан облысында Амангелді ауылында орналасқан жалпы орта мектебі апаттық жағдайда тұр. Жергілікіті тұрғындардың сөзінше, Кеңес үкіметі кезінде егіншілерге арналып салынған жатақхана кейіннен білім ошағына ыңғайластырылған. Қазір ескі ғираматтың тозығы әбден жеткен, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Ауыл тұрғындары соңғы кездері мұнда дәрістер бірінші қабатта өткізілгенін айтады. Ал жоғары қабат тіпті жарамсыз күйде. Суық болғандықтан балалар да жиі сырқаттанып қалатын көрінеді. Ғимараттың құлағалы тұрғаны өз алдына, жылдан-жылға халық саны артып келе жатқан ауылға бұл мектеп тарлық етуде. Небәрі үш жүз орынға лайықталған мектепте 700-дей бала қысылып-қымтырылып оқыған.
Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы халық қыркүйекте жаңа ғимарат пайдалануға берілмесе, балаларын сабаққа жібергісі жоқ. Онсыз да биылғы оқу жылды жанымызды шүберекке түйіп әрең аяқтадық дейді.
"Бұл мектепте кенже балам оқиды. Бір күні ғимарат құлап, балаларды басып қала ма деп қорқамын. Ғимараттың тозығы жеткені, әсіресе екінші қабатқа шыққанда білінеді. Сықырлап қирағалы тұр. "Пышақты алдымен өзіңе сұқ, ауырмаса өзгеге сұқ" деген. Басшылардың өздері мұндай жерде балаларын оқыта ма екен?" – дейді ауыл тұрғыны Артықбай Бейсенов.
Наразы халықтың мұңына қатысты Келес аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиев жауап берді.
"Қазір көршілес жатқан Біртілек елді мекенінде 600 орындық жаңа мектеп салу жопарланған. Ғимарат салынғаннан кейін мектепке жақын орналасқан оқушылар жаңа білім ошағына ауыстырылып, Көлтоған мектебінің оқушы сыйымдылығы қалпына келетін болады. Қазір бұл ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттарын дайындадық. Сметалық құжатқа облыстан қаржы сұраттық. Қаржы берілген жағдайда келесі жылы күрделі жөндеуден өтеді", – дейді ол.
Салаға жауаптылардың сөзіне қарағанда мектеп мәселесі алдағы жаңа оқу жылында түбегейлі шешімін табатын түрі жоқ. Құрылыс қолға алынып, ғимараттардың бірі жөнделіп, бірі бой көтергенше оқушылардың әлі қиналатыны анық.