Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбайұлының өмірбаяны
Құрметті оқырмандар Stan.kz ақпараттық агенттігі абыз, данышпан, кемеңгер, ғұлама, тұңғиық терең ой мен сана иесі, қазақ халқының мақтанышы, ұлы жазушы Әбіш Кекілбаевтың өмірбаянын ұсынады.
Қазақ халқының кемеңгер жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсанда кезінде шетте қалған аудандардың бірі болған Маңғыстау топырағында дүниеге келді.
Қазақтың «Абыз ағасы» атанған Әбіш Кекілбайұлы шаруашылығы да, экономикасы да артта қалған, жолсыз, көп жаңалық жете бермейтін, хабарлама айлап келетін жерде туып, өсті. Соған байланысты жазушы бірінші кезекте өзі өскен ортада, түбекте жаңарту болса екен деп армандады. Сөйтіп, геолог болуға құмартты. Себебі, ол кезде геологтар Маңғыстауды көп кезіп, жүретін. Жас Әбіш те соларға еріп, біраз сергелдеңге түскен. Болашақ жазушы әдебиетті де жақсы көргді, мектепте оқып жүрген кезінде аздап өлең жазған. Бірақ, ешқашан әдебиетші боламын деп армандаған жоқ.
1957 жылы Мәскеуде дүниежүзілік жастар фестифалі болды. Соған байланысты облыстарда да фестифальдер өтті. Сөйтіп, Гурьев облыстық фестифаліне қатысуға 10 сыныпта оқып жүрген Кекілбаев та шақырылады. Алайда, сол кездегі белгілі бір жағдайлармен Гурьев пен Маңғыстау жастары бұл фестивальге қатыса алмады. Кейін оларға мүмкіндік беріледі, бірақ қазақ жастары Горный институтына құжат қабылдауға үлгермей қалды.
Сөйтіп, Кекілбаев Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжаттарын тапсырды. Бірақ, сол жылы оқуға қабылдау тәртібінде өзгерістер орын алып, 10 сынып бітіргендермен қоса екі жыл жұмыс істегендер де оқуға шақырылды. Осылайша, екі жыл жұмыс өтілімі бар өндірістен шақырылған 25 адам журналистика факультетіне түсіп, Кекілбаев бастаған мектеп бітіріп келген жастар қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне ауыстырылды.
Әбіш Кекілбаев мектепте оқып жүрген кезінде қазақ тілі мен әдебиетінен ЦК комсомолдық құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ, оқуға түсетін жылы екінші рет осы маратты иеленді.
Талантымен өзгелерден ерекшеленген жас Әбіш университет қабырғасында оқып жүріп әдебиет бірлестігін басқарды, жас таланттар шоғырын жарыққа шығарады.
Сонда жүріп Қадір Мырзаәлиевпен дос болады, бірге жүреді. Соңғы курста «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. Мұнда ол сыншылық қабілетімен көзге түседі.
«Қазақ әдебиетінен» кейін 1962-1965 жылдары «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. Әбіш Кекілбаев біраз жерді көрсе де, бірақ барлық жерде баяғы сол Маңғыстауда туған баланың көзімен қарады. Соның көзімен қарап, өлшеп, бағалады. Барлық қарапайым адамдар секілді ол үшін де туған жердің орны бөлек болды.
362 әулие мекен еткен Маңғыстауда көптеген жезтаңдай әншілер, күміс көмей жыршылар, күйшілер өмір сүрді. Жазушының әкесі Кекілбай ақсақал әдемі қоңыр даусы бар, күйді нақышына келтіре ойнайтын кісі болған. Ол 1941 жылы соғысқа аттанып, сол кеткеннен оралмады. Ал анасы Айсәуле Таушықтағы көмір шахтасында жұмыс істеді. Ол 1963 жылы баласы Алматыға көшіріп алып кеткенге дейін ауыр еңбектен қолы босамаған қайратты адам болған. Соғыстың залалын көріп өскен бала Әбішке соның бәрі оның жазушы болуына әсер етті.
Жазушы жұбайы Кларамен бір мектепте оқыған. Ол 9 сыныпта болғанда, Клара Жұмабайқызы 8-сыныпта оқып жүрді. Ол кезде жазда мектеп оқушыларының аудандық байқауы өтетін. Сөйтіп, жас Әбіш сол байқаудың бірін тамашалауға келгенде сахнада ән салып тұрған болашақ жары Клара Жұмабайқызын көреді. Сахнадағы бұрымды қызды есіне сақтап қалған жазушы сол жылы оны тағы кездестіреді. Кітап алуға шыққан жастар осылайша танысып, оқу орнын бітірген соң шағырақ көтерді. Олардың екі ұлы, екі қызы болды. Алайда, 2013 жыл жазушының қабырғасын қайыстырып кеткен ауыр жыл болды. Сол жылы ұлы Әулет жол апатынан көз жұмды. Бұл қайғы қаламгердің отбасын есеңгіретіп жіберді. Сонымен қатар, жазушының екі әпкесі мен бір қарындасы және алты немересі бар.
Әбіш Кекілбаев қаламгер ғана емес, ел игілігі үшін тынбай еңбек еткен қайраткер. Ол Қазақ КССР мәдениет министрлігінде, «Қазақфильм»киностудиясында қызмет істеді. Қазақстан коммунистік партиясының орталық комитетінде мәдениет бөлімінде нұсқаушы сектор меңгерушісі болып жұмыс атқарды.
Қаламгер 1989-1990 жылдары Қазақ КССР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы орталық кеңесінің төралқа төрағасы болды.
Мемлекеттік кеңесші, ҚР жоғары кеңесінің төрағасы, ҚР мемлекеттік хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған Әбіш Кекілбаев ҚР мемлекеттік сылығының, ҚР президентінің «Бейбітшілік және рухани келісім» сыйлығының лауреаты атанды. Ол 2003 жылы “Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев” орденімен марапатталды.
Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармарлары шет тілдерге аударылған. 1962 жылы жарық көрген алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақтан» бастау алған «Бір шөкім бұлт», «Дала балладалары», «Дәуірмен бетпе-бет», «Бір уыс топырақ», «Тырау-тырау тырналар», «Ұйқыдағы арудың оянуы», «Шыңырау», «Үркер», «Елең алаң» атты туындылары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланды.
2015 жылдың 11 желтоқсанында қазақ руханияты абызынан айрылды, Әбіш Кекілбаев өмірден өтті. Ол терең ойдың, сараң сөздің майталманы, биік рухтың қара нары еді. Ол жарық жұлдыз, мәңгі жанатын жұлдыз. Әбіш Кекілбаев ең алдымен үлкен жазушы, оның өмір мақсаты да, тілек арманы да жазушылық мұратымен біте қайнасты. Ол проза әлеміне алғаш болып баллада жанрын әкелді. Баллада поэзияда бұрын болса болған шығар, ал прозада болмаған жаңалық еді. Бұл жазуышының даңқын алысқа әкетті. «Дала балладалары» керемет болмаса, шетелдіктер аударып оқыр ме еді. Әсіресе, неміс сыншылары ондағы кемел ойларға тәнті болды. Өткен ғасырда неміс тіліне аударылған әлемдегі 100 үздік жазушының қатарына Әбіш Кекілбаевтың да есімі енді. «Бір шөкім бұлт», «Дала балладалары» Әбішті кәнігі үлкен прозашылардың қатарынан бір-ақ шығарды.
Абыз аға жазған «Күй», «Шыңырау», «Бәсеке», «Қанша дария» атты повестері сөз жоқ қазақ прозасының ең маржандарының қатарынан орын алады. Әбіш 60 жылдары әдебиетке келген қазақ жастарының ішіндегі ең таңдаулысы, ең маңдай алысы. Өз заманының заңғар жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері. Жаңа дәуірде кемеңгердің қаламынан көптеген публицистикалық дүниелер туды. Бәрінің көздегені елді бірлікке, берекеге, мемлекет тұғырын биіктетуге бағыттау болды.
Ол үлкен дәуірде ел басына күн туған сын түскен сәттерде ел қатарында бола білді. Білгенін айтып, халықтың ортасында жүрді. ҚР мемлекеттік кеңесшісі, жоғарғы кеңестің төрағасы, мемлеттік хатшы қызметтерін атқарғаннан кейін парламент сенаты мен мәжілісінің депутаты болып сайланды. Әбіш Кекілбаев егемендік пен елдік елдік үшін жасалған қаракеттердің басы-қасында жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
