"Келтірілген шығын сомасы 4 500 000 теңге": Қазақстандықтарды интернет арқылы алдаған жамбылдық алаяқ ұсталды
Жамбылдық полицейлер интернет желісінде қолма-қол ақша шешіп беруге уәде еткен ер адамды ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
фото: Жамбыл облысы ПД
Жамбыл облысы Полиция департаментінің "Киберпол" арнайы бөлінісінің және Сарысу АПБ қызметкерлері интернет-алаяқтық бағытында бірнеше қылмыстар жасады деген күдікпен Қызылорда облысының 25 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Жедел-іздестіру шарасы барысында ер адамнан заңсыз әрекеттерді жүзеге асырған екі ұялы телефон тәркіленді.
"Интернет-алаяқтықты тұрақты табыс көзіне айналдыра отырып, "Жаңатас- Сауда" телеграмм тобы арқылы күдікті азаматтарға пайызсыз бөліп төлеуге 8% ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға уәде берген. Жәбірленушілер алаяққа қашықтан төленген шоттар бойынша QR коды арқылы онлайн төлем жіберген. Осыдан кейін алаяқ реквизиттерді пайдаланып, жеке кәсіпкердің әртүрлі шоттарынан ақша алған. Ұсталған азамат интернеттегі алаяқтықтың 5 дерегі бойынша күдікке ілінді. Жалпы келтірілген залал көлемі 4 500 000 теңгені құрайды", - делінген хабарламада.
Аталған деректерге қатысты ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Істің барлық егжей-тегжейлі мән-жайларын анықтау үшін қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.