"Қазақмыс" корпорациясы Qazaq Stroy компаниясының басқаруына өтті
Фото: kazakhmys.kz
"Қазақмыс" корпорациясы Qazaq Stroy компаниясының басқаруына өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Cnm.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, ақпаратты Qazaq Stroy компаниясы ресми түрде растаған.
“Қазақмыс” корпорациясының меншік иесінің ауысуын 2025 жылдың ең ірі мәмілелерінің бірі деуге болады. Ашық деректерге сәйкес, “Қазақмыс” корпорациясының жылдық табысы 1,3 триллион теңгені құрайды.
Корпорация құрамына Қарағанды, Ұлытау, Жамбыл және Абай облыстарындағы кеніштер, кен байыту фабрикалары, көмір разрездері мен мыс қорыту зауыттары кіреді. Негізгі табыс мыс кенін өндіру және өңдеу, сондай-ақ алтын сатудан түседі.
Мыс алыбының жаңа иесі көпсалалы Qazaq Stroy компаниялар тобы, бенефициары – Нұрлан Артықбаев.
Фото: eldala.kz/(Нұрлан Артықбаев)
Курсив басылымының мәліметінше, Нұрлан Артықбаев Қазақстандағы ең бай адамдар тізіміне алғаш рет 2025 жылы еніп, Forbes рейтингiнде бірден 44-орынға жайғасқан. Басылым кәсіпкердің байлығын – 228 миллион доллар деп бағалаған. Басылым деректеріне сәйкес, кәсіпкерге 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Qazaq Stroy құрылыс компаниясы тиесілі, компания 20 жылдан астам уақытта шамамен 2 миллион шаршы метр тұрғын үй салған.
Сондай-ақ Forbes дерегінше, Qazaq Stroy тобының құрамына 77 компания кіреді, холдингтің табысы 313,9 миллиард теңгені, ал таза пайдасы 45,7 миллиард теңгені құраған.
Qazaq Stroy-дан бөлек, Артықбаев 2006 жылы құрылған тағы бір құрылыс компаниясы – Exclusive Qurylys-тың да негізгі акционері. Forbes мәліметінше, аталған компаниялар 2023 жылы бірігу туралы шешім қабылдаған.
2023 жылы кәсіпкер сингапурлық Qazaq Potassium Pte. Ltd. компаниясымен бірлесіп Qazaq Kalium Ltd. компаниясын құрды. Бұл компания Батыс Қазақстан облысында калий байыту және өндіру зауытын салуды жоспарлап отыр.
“Ақтөбе” футбол клубы кәсіпкер Нұрлан Артықбаевтың иелігіне өтеді
Сондай-ақ 2024 жылдың наурыз айында Артықбаев Gas Solutions Ltd. компаниясын құрды. Компания метаннан өзге табиғи газ түрлерін өндірумен айналысады. Бұл жобада кәсіпкердің серіктесі бар екені айтылғанымен, AFSA сайтында ол “No Name” ретінде көрсетілген. Ал Kompra деректеріне сәйкес, компанияның жалғыз акционері – Артықбаевтың өзі.
Сонымен қатар 2024 жылдың маусым айында Артықбаев Telecom Systems Ltd (TSL) компаниясын құрды. Бұл компания сымды телекоммуникациялық байланыс саласында жұмыс істей бастады. 2024 жылдың соңына қарай TSL Jusan Bank-тен «Қазақтелекомның» 8,1% акциясын сатып алды. Осылайша кәсіпкер Қазақстандағы ең ірі телекоммуникациялық компанияның иелерінің біріне айналды.
Бұған қоса, соңғы төрт жыл ішінде Артықбаев тағы екі құрылыс компаниясының (Qazsystemtelecom Ltd. және Patron Finance) құрылтайшыларының бірі болды.
AFSA деректеріне сәйкес, кәсіпкер жеті компанияның ортақ иесі болып саналады. Олардың қатарында жоғарыда аталғандардан бөлек:
- 2024 жылы тіркелген Qazaq Acquisition Corp. Ltd. холдингтік компаниясы;
- 2025 жылдың тамыз айында құрылған тағы бір холдинг – KCTS Solutions Ltd.;
- 2025 жылдың маусымында тіркелген темір және титан-магний кенін өндірумен айналысатын OreMax Processing Ltd. компаниясы бар.
Еске салсақ, бұған дейін Владимир Ким мен Эдуард Огай Қазақмыс компаниясын жаңа акционерге сатуға келіскені туралы жазған едік.
Kcell компаниясы қызметкерлеріне арналған жаңа жылдық корпоративке 160 миллионға жуық қаражат жұмсаған