Келіншек: Мен күйеуіме ессіз ғашық болдым, сондықтан барлық қорлығына төздім
ҚР Бас прокуратурасының дерегінше, 2016 жылы елімізде отбасындағы зорлық-зомбылықтан 36 әйел мен бір бала мерт болған.
Бұл туралы “Астана” телеарнасындағы “Біздің уақыт” бағдарламасында айтылды.
Бағдарламаға сұхбат берген Раушан есімді келіншек күйеуінен көрген қорлығы жайлы айтып берді. “2013 жылы алғаш рет ұрды. Ол кезде ұлым екі жасқа да толмаған еді. Олай болады деп ойлаған жоқпын. Қатты соққыға жықты. Мен оған ұрмашы, баламызды қорқытасың деп жалындым. Бірақ тоқтамады. Оқтаумен үсті-үстіне төмпештей берді, төмпештей берді. Ақыры есімнен танып қалдым”, – дейді ол.
Әлімжеттік көрсеткен күйеуінен қашып кеткен ол Павлодардағы дағдарыс орталығын паналап отыр екен. Көйлегі көк, тамағы тоқ. Ең бастысы, баласымен қауіпсіз жерде, тәжрибелі мамандардың жіті бақылауында. Бірақ бойын жаулап алған сол бір қорқыныш еңсесін еш көтертпейді.
“Мен оны жанымдай сүйдім. Ессіз ғашық болдым деуге болады. Сондықтан әрқашан кешірдім. Бірақ қатты қорқамын. Меніңше, бұл сезім бойыма сіңіп қалғандай, оңайлықпен құтыла алмаспын.Ең жақын адамыңнан көрген зорлық-зомбылық жаныңа қатты батады екен. Ұмытылмайды да. Оған 1 рет, 2 рет, 20, тіпті 30 рет сен солай ұрдың деп айтқанымда, ол сенбеді. Сен өзің кінәлісің, ашуымды келтірдің деп бас салды. Бәлкім солай шығар, кінә өзімнен бе екен?!”, – дейді ол.
Төрт жыл тозақта өмір сүрген Раушан басына түскен тағдыры жайлы ешкімге тіс жармаған. Туған әпкелері де бейхабар. Жар салып айтудан арланады. Ұяты жібермейді. Әңгімесінен “тасжүрек” жанды таңдағанына өзін кінәлайтынын байқадық. Тағы да сол, іштей өзін өзі мүжіп-жеу мен сенімсіздік, дейді тілшілер. Мамандардың айтуынша, әйел адам үшін дене жарақатынынан жан жарасы ауырлау. Психологиялық қысым арқылы ері келіншегін өзіне сөзсіз бағындырады. Ал, мұндай бағынудың арты қорқыныш пен амалсыз көну дегенге әкеледі екен. Отбасыдағы зорлық-зомбылықтың өршуіне тағы бір фактор түрткі. Ол – “ұят болады” ұғымы. “Сана Сезім” әйелдер бастамалық құқықтық орталығы” ҚБ вице-президенті Шахноза Хасанованың айтуынша, күйеуі әйелін ұратын болса, әйелдері зорлық-зомбылық құрбаны екенін түсіне бермейді.
“Сосын әйелдеріміз түсінбейді, олар зорлық-зомбылықтың құрбаны екенін. Бұл нормальный отбасы. Осылай өмір сүру керек. Менің шешем уақытында мен үшін, бала-шаға үшін шыдаған. Сондықтан олар түсінбей, ары қарай өмір сүре береді. “Отбасындағы әлімжеттік бірнеше фактордан туындайды. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ер кісілердің ішімдікке салынуы, жұмыссыз келіншектердің көбеюі деген сияқты. Алып қашудың құрбандары да аталған тізімде бар. Заманға сай әйелдер “қапаста” өмір сүргісі келмейді. Бұл тенденция да, өкінішке қарай, ерлі-зайыптылардың жанжалдасуына түрткі болатын кезі бар”, – дейді телеарна тілшілері.
“Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының” мәліметінше, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жыл сайын 400-ге жуық әйел ажал құшады екен. Дегенмен Бас прокуратураның 2016 жыл бойынша мәліметіне қарасақ, 36 әйел мерт болған. Тағы бір құқыққорғаушылардың деректеріне қарағанда, былтыр қыз-келіншектерге қатысты 91 631 құқықбұзушылық тіркелген. Оның 71 965 ауырлығы орташа қылмыс болса, 4 131-і ауыр қылмыстар санатында. Ал, 420-сы аса ауыр қылмыс. Мұнымен қатар, тілшілер БҰҰ мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қыз-келіншектерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейін зерделеу мақсатында арнайы сараптама жасатқанын және бұл талдаудың 70 мемлекетті қамтығанын айтады.
Нәтижесі жантүршігерлік – әйелдердің 35 пайызы физикалық және сексуалдық зорлық көргені анықталды. Мәселен, жапон әйелдерінің 15 пайызы зәбір көрсе, Эфиопиядағы жағдай қорқынышты, көрсеткіш 70 пайызға жеткен. Гендерлік зорлық, әсіресе, салт-дәстүрді бек ұстанатын дамушы елдерде жоғары. Үндістан, Пәкістан мен Непалда қалындықтың жасауына қатысты әйелдерді өлтіру дерегі өршіп тұр, Орта Азия мен Казвазда қызды ұрлау басым. Тұрмыстағы озбырлық дамыған мемлекеттерде де тіркелген. Германия – 27,8 пайыз, Солтүстік Америка – 29 пайыз. Осыған қарап-ақ, зорлық-зомбылықтың әлем бойынша өткір проблема екенін бағамдау қиын емес.
Бақытжан Тұрсаринова, Павлодар қалалық ІІБ зорлық-зомбылыққа қарсы тобының аға инспекторы:
“Отбасы толық қамтамасыз етілген, қаражаттық жағдайы орнықты, ері де жақсы жерде қызмет ететін, балалары да оқу оқитын. Бірақ, жолдасының тарабынан қызғаншақтық туындағанда осындай әйел адамдар зәбір көріп, қысым көріп бізге шағымданады. Мұндай әйелдер тек қана ауызша шағымданады да, арыз жазып, құжат жинауға қарсы. Кейбір инспекторлар отбасындағы жанжалдарды реттеп, тұрмыстағы әлімжеттіктің қайталануына жол бермеу үшін “сот психологтары институтын” құруды ұсынады. Олардың ойынша, айыппұл салып, қамауға алудың орнына, егер судья зәбір көрсетушіні де, жәбірленушіні де отбасылық психологтың қабылдауына жіберсе, тиімдірек болуы мүмкін.
Ал маманға барудан бас тартса, әкімшілік жауапқа тарту туралы бұйрық шығару керек. Себебі “отбасымның шырқын бұзып, зәбір көрсеттім ғой” деп өкінетін агрессор аз. Расында, егер судья айыппұл кессе, оның отбасы бюджетінен төленетіні анық. Ал екі-үш тәулікке қамалса, “қабағанның” абақтыдан қаны қарайып, тісін қайрап шығатынын сол инспекторлар айтып отыр. Алайда психолог-мамандар “агрессордың” көп жағдайда психологқа баруға келіспейтінін айтады. Сонымен бірге маңыздысы – кез келген психолог емес, тұрмыстағы зорлық-зомбылық проблемасымен айналысатын психологқа бару керек, кез келген психологқа барудан түк шықпайды, дейді. “Ең сорақысы, бұл проблеманың көбесі жақында сөгілмейтінін инспекторлар да, психолог-мамандар да, барлық тарап мойындайды”, – деп ой қорытты телеарна тілшілері.