Келін атанған эстрада жұлдыздары енелерімен қарым-қатынастары жайында айтып берді
Жат жерге барып, ақ жаулық тағып, ертеңгі күні анаға айналар қыз баласын қазақ халқы қашан да ерекше қастерлеген, төріне шығарған. Себебі келін атанғанда ол бір әулеттің шаруасын өз мойнына алады. Еркелігін өз жұртында қалдырып, ақ орамал тағып, сүйіп қосылған жарының отбасына өмір бойы қызмет етеді.
Қарапайым халық үшін сахнада жарқырап жүрген келіншектердің өмірі балдай көрінуі мүмкін. Алайда мүлдем олай емес. Сахнада жұлдыз болғанымен, өмірде олар да біреудің қызы, енді біреудің келіні. Бүгінгі сөз келін атанған эстрада жұлдыздарының қайын енелерімен ара-қатынасы жайында болмақ.
Келін болып түскен соң әнші Жазира Байырбекова енесемін бірге екі жыл бойы бірге тұрған. Әнші осы уақыт аралығында түрлі себептермен ұрыс естігенін, соның арқасында келін ретінде жетілгенін айтты.
«Күйеуіме дұрыс қарамай қалсам, баланы күйеуіме беріп қойсам ұрысатын. Ол кезде баланы күйеуі ұстамау керек деген заң болатын. Сондай нәрселер үшін ұрыс естігенмін. Қаталдықты қазір көп қыздар көтере алмайды. Сөз көтермейді. Қазір келінді тәрбиелеу қиын болып кеткен сияқты. Қазіргі енелерге жаным ашиды», – деді Байырбекова «Астана» арнасының «Ел аузында» бағдарламасына берген сұхбатында.
Қызылорда облысының Арал ауданына келін болып түскен Жанболаттың келіншегі қазірдің өзінде ауылға жақындаған сәтте басына орамал тағатынын, ал ішке кірген соң үлкендерге иіліп сәлем беріп, ас үйдегі келіндер қатарына қосылатынын айтты.
«Мен Қызылорда облысының. оның ішінде келіндерге деген салтты өте берік ұстаған Арал өңірінің келінімін. Аралдың келіндері бүкіл Қазақстан бойынша ең мықты, ең пысық, ең қазақтың салтын ұстанған келіндер. Дәл қазақтың келіні кім деп сұрасаңыз, Аралдан табасыз деп айтар едім. Енем мені пісірді, ширатты, аяған жоқ. Ал ата-ана өз баласын аяп, қинағысы келмей жүреді ғой. Ал менің енем екі жылдай мені сарбаздарша ұстады», – деп мәімдеді ол.
Жазира мейірімді, ақкөңіл анасынан кейін қатал енеге тап болған кезде қиналғанын мойындады. Алайда әнші ол үшін ренжімейді. Керісінше, бүгінгі жеткен жетістігіне енесіне алғысын жаудырып отыр.
«Анамның мейірімділігін, бостығын, ақкөңілділігін көріп, одан кейін ұстанымы мықты, қатал адамға келін болғаным… Ол екеуі де маған жақсылық алып келді. Дәл менің анамдай енем болатын болса, мен сол бос күйімде қалып, халық білетін Жазира Байырбекова дейтін атқа жетпейтін едім деп ойлаймын»,- деді әнші.
Ал әнші Гүлнұр Оразымбетова енесімен бірге тұрып көрмеген. Себебі екінші анасы Гүлнұрдың жиі ел аралап кететін ескеріп, балаларына кедергі жасамауды ойлаған.
«Ол кісінің де бізге тигізген көмегі сол, «сендер көп жүресіңдер, анда-мұнда кетесіңдер, үйде отырмайсыңдар. Сондықтан да кедергі жасамайын» деп айтқаны. Жалпы қыздарға айтатыным көп жүріп алмай, дер кезінде күйеуге шықсын. Сол елге келін болып түскеннен кейін, сол елге сыйлы болып, ата- анасын құрметтеуі керек», – дейді әнші.
Ал Салтанат Бақаева өзін туған анасына қарағанда күйеуінің анасына қатты ұқсатады.
«Қызық, мен таң қаламын, неге олай? Қазақта «келін ененің топырағынан» деп айтады. Сол сөздің растығына көзім жетті» – десе, әнші Аша Матай енесі мен өз анасының ұқсайтынына риза:
«Енем өзімнің анама қатты ұқсайды. Мінездері де, күлкілері де, сырт келбеттері де, адаммен сөйлескендері де, ақылдары көркіне сай… Маған осындай екі ананы бергені үшін Аллаға шүкір».
Мөлдір Әуелбекованың енесі алғашқыда болашақ келінінің әнші екенін естігенде аса қуанбағанымен, бүгінде келініне дән риза екендігін жеткізген.
Жіберіп алмаңыз:
Кәмшат Жолдыбаева: Каскадер табылмағандықтан, көпірден өзім секірдім (видео)
Роза Әлқожа: Ең арзан көйлегім 150 мың теңге тұрады
Бағлан Әбдірайымов: Үндемей жүре берсек, дастархан басында еркек пен еркектің сүйіскенін де көреміз
Төлендиев өзін «қыздарға қырындап, құдаларды есекке теңеді» деп айыптағандарға жауап берді (видео)