2026 жылы міндетті медициналық сақтандыру жарналарының ережелеріне өзгерістер енгізіледі
Фото: freepik.com
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру бойынша жарналарды есептеу ережелері мен әдістері өзгереді. Негізгі өзгерістердің қатарында жұмыссыз қазақстандықтар үшін жарна енді жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жарналарды есептеу, ұстау және аудару қағидаларын жаңарту туралы бұйрық 13 қазанда қабылданды. Енді ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Жарна төлеушілер тізімі кеңейтілді
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеушілер қатары кеңейді. Енді оған арнайы салықтық режим бойынша жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да кіреді. Мұндай азаматтардың жарнасын олар жұмыс істейтін интернет-платформа, мысалы, "Яндекс" сияқты сервистің операторы ұстап қалып, аударып отырады. Тізімнен Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер санатындағы жеке тұлғалар шығарылды. Өйткені бірыңғай жиынтық төлем 2024 жылы жойылған.
Мемлекет есебінен сақтандырылатын жаңа санаттар
Енді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары республикалық қана емес, жергілікті бюджет есебінен де төленеді.
Жергілікті бюджеттен жарна төленетіндер:
ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар (субсидиялы жұмысқа орналасқандар немесе қайта оқуға жіберілгендерден басқа);
зейнетақы жарналарын үш айдан астам төлемеген, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар.
Республикалық бюджет есебінен жарна төленетіндер:
мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын ата-аналар;
бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар.
Жарна төлемеген азаматтардың медициналық көмек алу құқығы
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын уақытша төлемеу медициналық қызметтен автоматты түрде айырылады дегенді білдірмейді. Жарна төлемеген азаматтар үш ай бойы медициналық көмек алуға құқылы.
Жаңа өзгеріс бойынша, егер адам кемінде бес жыл (60 ай) үздіксіз жарна төлеп келген болса, оған қызмет алу мерзімі алты айға дейін ұзартылады. Алайда бұл кезеңдегі қарызды өтеу міндеті сақталады.
Есептеу лимиттері өзгереді
Жеке тұлғалар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалар үшін жарналарды есептеу үшін қабылданған ең жоғары табыс мөлшері өзгертілді. Ол енді ең төменгі жалақының 10 есесінің орнына 20 еседен аспауы керек.
Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, 2026 жылдан бастап 1 миллионнан астам жұмыссыз және әлеуметтік осал қазақстандықтар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылады. Олардың жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
